Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ҚОС ҚАНАТ - АРҚА АЖАРЫ

ҚОС ҚАНАТ

Басшы

Еңбегімен күйленген,
Енжарлықтан жиренген.
Екі тілді жатсынбай,
Еркін сөйлеп үйренген.
(Тақырыптың тұздығы)

Тәуелсіздікке қадам басқан жылдарда басылым беттерінде «Қос тіл – қос қанатың», «Егіз тілге есік аш» деген айдарлар пайда болды. Осы айдарлар арқылы қазақ тілін үйрену сабақтары жүйелі жүргізіліп тұрды. Сол тұстағы екі тілге жетік мамандар өз әдістемелерін ұсынып, сан түрлі жаттығуларды үзбей жариялап жататын. Шынында да, бұл оқырманды қызықтыру арқылы тіл сындыруға баулитын тиімді тәсілдердің бірі еді. Осы мақаламызға кірісер алдында сол «Қос тіл – қос қанатың» деген айдардың ойымызға орала кеткені. Әрине, мұның өзі қазіргі үш немесе одан да көп тіл білетін ұрпаққа тосындау көрінуі мүмкін. Бірақ бәрібір қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеп, жаза білетін мамандардың жөні бөлек. Біздің кейіпкеріміз Ғосман Төлеғұл да – осындай азшылықтың қатарына кіретін абзал азамат. Қос тілі – қос қанаты оны үнемі алға жетелейді.
Бәрін басынан бастайықшы… Осыдан он алты жыл бұрын мен Мәдениет министрлігіне қызметке келдім. Сол кезде өз алдына дербес шаңырақ көтерген осы министрліктің небәрі үш-ақ департаменті бар еді. Соның біреуі тіл саясатымен айналысады. Министр Дүйсен Қасейінов маған осы департаменттің тізгінін ұстатты. Көп ұзамай қызмет барысында Ғосман Төлеғұлмен таныстым. Ол жайдары мінезімен, жағымды әрекетімен солтүстіктің сірескен тоңын жібітіп, тілін сындырып жүрген руханият жанашырларының бірі екен.
Бұл – жаңа ғасырдың басталғанына үш-ақ жыл өткен кезең-ді. Қазағының үні құмығып шығатын Арқада тіл мәселесі қашанғыдай күрделі еді. Дегенмен тіл саясатында аздап сең жүрген шақ. Мемлекеттік тілге өзімізден гөрі өзге ұлт өкілдері көбірек ден қойып, олардың арасынан шешен сөйлейтін қыз-жігіттердің шыға бастаған мезгілі. Соның алдында ғана Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов арнайы жиын өткізіп, облыстарда не тіл басқармасы, не осы тектес басқарма жанынан бөлім құрылсын деп тапсырма берген-ді. Аймақ басшыларының дені шаруаны оңайлатуды жөн көріп, ішкі саясат басқармасы жанынан бөлім ашуды ұйғарған. Бір ғажабы, осы тұста солтүстік облыстардың басшылары ерлік көрсетті. Олар шетінен басқарма құрды. Тіпті департамент, комитет құрып алғандары да болды. Осындай өлара шақта өмірге келген құрылымның бірі – Ақмола облысының тіл басқармасы еді.
Бізге бұл басқарманың көп пайдасы тиді. Көкшетау Астанадан онша алыс емес. Басқарма қызметкерлері шақырған жиындарымыздың ешқайсысынан қалмайды. Лезде жетіп келеді. Шетінен құжат дайындауға жүйрік. Іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырады. Ең бас-тысы, солтүстік өңірдегі тілдік ахуалды сауықтыруға деген ықыластары ерекше. Ұзамай мұның себебін білдік. Ақмола облысының тіл басқармасының басшысы мемлекеттік қызметтің бірқатар сатысынан өткен аса тәжірибелі азамат екен. Сондықтан ол кадрларын сақадай-сай етіп іріктеп алыпты. Сол кадрлар тың дәуірінің зардабын тартқан Көкше өңірінің тілін қазақшалауға зор септігін тигізді.

Қайраткер

Тұрпатына қараңыз,
Тектілікті табамыз.
Тың игерген далада,
Тіл игерген ағамыз.
(Тақырыптың тұздығы)

Басқарма басшысы Ғосман Төлеғұлды бұрын көрмегенімізбен, сырттай жақсы білетін едік. Көкшетауды мекен етсе де, мақалалары республикалық басылымдарға үзбей жарияланып тұратын. Алматы мен Астана қаламгерлерінің шығармалары оның аудармасымен еліміздің баспаларынан тоқтаусыз шығып жататын. Мамандығы – журналист. Бұрын Көкшетау облысының ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқарған. Жалпы, сол жылдарда бірқатар облыстарда бұрын ақпарат саласына жетекшілік еткен азаматтар тіл саласына келді. Солардың бірі – Ғосекең еді. Сондықтан оның жаңа басқарманың билігін қолға алғанына шын қуандық.
Бұл кезеңде тіл саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Министрлік құрамындағы Тілдерді дамыту департаменті Үкімет қаулысымен Тіл комитеті болып қайта құрылды. Төрағалығына тағайындалып, қызметке кірістік. Енді алдымыздан жаңа міндеттер шықты. Аймақтардағы ішкі саясат басқармаларының құрамындағы тілдерді дамыту бөлімдерінің басқармаға айналуы үшін біраз тер төгуге тура келді. Ақыры сең бұзылды. Біртіндеп басқармалардың саны көбейді. Кейін бірі комитет, екіншісі басқарма, үшіншісі департамент болып, әркелкі аталып жүрген құрылымдарды біріздендірдік. Әрине, бұл шаруа оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Сондайда үлгі қылатын өңіріміз осы Ақмола еді. Олардың іс-қағаздарын мысалға келтіреміз. Ұйымдастыру шараларын тілге тиек етеміз. Басқарма басшысы осындай болу керек деп, Ғосекеңнің іс-тәжірибесін өнеге ретінде ұсынамыз.
Ғосман Төлеғұл шынында да үлгі етуге тұрарлық басшы болды. Өзі қазақша мен орысшаға бірдей. Бір тілден екінші тілге еркін көшіп кете береді. Шешіліп сөйлейді, көсіліп жазады. Мінезі жайлы, сабырлы кейпінен ешқашан өзгермейді. Бұл біздің жұмысымызды біраз жеңілдетті. Тегінде, облыстардың тіл басқармалары Тіл комитетіне тікелей бағынбайтын. Бұл басқармаларды облыстық әкімдіктер қаржыландырады. Басшыларын да солар тағайындайды. Бірақ құрылымның жұмысын үйлестіру Тіл комитетіне жүктелген. Сондықтан тиімді байланыс орнату үшін басқарма басшысының орнықты әрі бұл саланы жақсы білетін адам болуы аса маңызды еді. Мемлекеттік қызметтің қыр-сырына жетік Ғосман Төлеғұл осы талапқа толық сай болды.
Жергілікті тіл саясаты құрылымдарының басшылары елордаға жиынға келгенде Мархабат Байғұт пен Ғосман Төлеғұлдың пікіріне құлақ қоятын. Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы, белгілі жазушы Мархабат Байғұт пен танымал журналист, шебер аудармашы Ғосман Төлеғұлдың басы қосылғанда ортамыз кәдімгідей толып, шығармашылық көңіл-күйге бөленетінбіз.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген аталы сөз Ғосман ағамыздың табиғатынан алыс емес. Қашанда оны қарапайым қалпында көресіз. Бастық екенмін деп бөлмесінде күні бойы жұртты қабылдап отырмай, басқарманың қара шаруасына үнемі өзі жегіліп жүргені. Кез-келген істі шешу жолын жақсы біледі. Қызметкерлерін де соған баулиды. Бірге қызмет істеген жылдарда оның біреумен қатты сөзге келіп немесе дауласып жатқанын көрмеппін. Жасы үлкен ағамыздың ұстамдылығы бізге ұнайтын.
Сабырлы әрі салмақты болатындай себебі бар екен. Оған игіліктің бәрі оңай келе қалмапты. Жасынан еңбекке араласқан. Қаршадайынан трактор айдаған. Байланыс монтері болып, бөрененің басына өрмелеген. Ауыл шаруашылығы техникумында оқып, үздік диплом иеленген. Сөйтіп, өмірдің өз мектебінен тәлім алған.

Қаламгер

Аударманың азабы,
Артқан сайын… жазады.
Азаматы Алаштың,
Айыртаудың қазағы.
(Тақырыптың тұздығы)

Кәсіби қаламгерлікті игерем дегенше көп ізденген. Жазу әлеміне өмірдің ащы-тұщысын татып болып, бір-ақ келген. Сондықтан жазған-сызғандарына аса жауапкершілікпен қарайды. Мәселенің мән-жайын әуелі тексеріп алмай, қалам тартпайды.
Ғосман Төлеғұл қазақтың белгілі ақын-жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударып, бұл саланың кәсіпқой маманы ретінде де танылды. Екі тілді де жетік меңгергендіктен аударманың сапасында олқылық бола бермейді. Түпнұсқаның сөлін сақтап, туындының өңін өзгертпей оқырманға жеткізеді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжан, Қойшығара Салғараұлы, белгілі әдебиеттанушы қаламгерлер Немат Келімбетов, Сауытбек Абдрахманов шығармаларын орыс тілінде сөйлетті. Соның ішінде өмірден ерте кеткен талантты ғалым Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монографиясының орны бөлек. 2014 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан «Путь к себе. Поэтические традиции Абая» деген атпен шыққан монография Ғосман Төлеғұлдың аудармасымен жұртшылыққа жол тартты. Әрине, кезінде әдеби ортаның көз қуанышына айналған аса талантты зерттеушінің ғылыми еңбегін сынын бұзбай, әрін кетірмей аударып шығу оңай емес. Бірақ бұл білімі мен білігі жеткілікті Ғосман ағамыздың қолынан келді.
Ол тіпті сірескен терминдерге толы «Әлемдік философиялық ақыл-ой антологиясы», «Әлемдік саясаттану антологиясы», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік этносаясатының императивтері» деген кітаптарды да аударып шықты. Бір әрпі қисайып кетсе, мағынасы өзгеріп сала беретін тіркестерге аса ұқыптылықпен қарады. Жалпы, ол екіұшты ойға жетелейтін ұғымдардың мәнін дәл аңғартуға тырысады. Түпнұсқаға обал жасамауды ойлайды. Өз кәсібін адал атқаруды қалайды. Кейін біз де Ғосман ағамызбен шығармашылық байланыс орнатқан кезде мұны айқын сезіндік.
Кәсіби аудармашының міндеті – мәтіннің аударма екенін білінбейтіндей етіп жеткізу. Қаламгер ағамыздың басты ұстанымы да – осы. Ол қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға еркін аударады. Мұндай шеберлікке қол жеткізу үшін тынбай ізденді. Бұған журналистік қызметінің де пайдасы тиді. Ұзақ жыл аудандық және облыстық газеттің қазанында қайнады. Күн сайын дайындаған материалыңды әп-сәтте жұтып қоятын жергілікті газеттер ұстахананың көрігінен кем болмайды. Мұндай басылымның мектебінен өтіп, «ұйқы беріп, қайғы алған» журналистер шарболаттай шыңдалып шығады. Ғосекең де сондай сайыпқыран сарбаздардың бірі. Оның үстіне кеңестік дәуірдің салиқалы құрылымдары саналған партия және комсомол ұйымдарында да із қалдырып үлгерген. Мемлекеттік қызметтің республикалық және аймақтық буындарында жауапты қызметтер атқарған. Сондағы тәжірибесінің бәрі жинақталып, оның мемлекетшіл болмыс-бітімін қалыптастырды.
Қысқасы, екі тілді еркін игерген ол бүгінде өз ісінің майталман маманына айналды. Қос қанаты оны биік белеске жеткізді.
Бүгін біз: «Талмай самға, қос қанат!», – деп тілек айтамыз.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар