Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жетісуда туып, Торғайда ән шырқап, Көкшеде шәкірт тәрбиелеген - АРҚА АЖАРЫ

Жетісуда туып, Торғайда ән шырқап, Көкшеде шәкірт тәрбиелеген

Мәскеуде өткен Дүниежүзілік студент жастардың он екінші фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің болашақ режиссерлер және актерлер даярлау бөлімінің оқытушысы Айтжан Настаеваның өмірі өнермен өрілген.

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын актерлік мамандық бойынша тәмамдаған Айтжан Настайқызының бар саналы ғұмыры облыстық филармония мен театрда, одан әрі Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде жалғасуда. Өткенге сәл шегініс жасар болсақ, мектеп бітірісімен Алматы облысы Бақанас аудандық халық театрында қызмет істеген жылдары Кеңес Одағымен тұспа-тұс келеді.
– 1970 жылдар. Жоғары Кеңестің депутаты ретінде сайлаушылармен кездесуге келген Дінмұхамед Қонаевтың алдында үлкен концерт қойдық. Алматыдан биші Алла Қарғабаева, «Гүлдердің» режиссері Серік Елеусізов келіп, біздің театрдың өнерін көріп тамашалады. Оған қоса, опералық театр әншісі келіп, содан мені Алматыға оқуға шақырды. Сөйтіп, студияға оқуға түстім. Оны 1973 жылы бітіргеннен кейін жолдамамен Торғай облысына аттандым. Онда филармония ашылып, 30 жыл «Шертер» ансамблінде өнер көрсеттім, – деп сонау бір сағынышқа толы жылдарын сүйіспеншілікпен еске алды кейіпкеріміз.
Сол кездегі Торғай облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Қайыржан Мақановтың ұйымдастыруымен үлкен концерт береді. Онда да алғыр да талантты өнер иесі екенін таныта білген оның өнер шырағы маздай түседі. Сөйтіп, 2000 жылдары осы кербез Көкшеге ат басын тірейді. Содан бері де міне, 20 жылға жуық уақыт Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінде еңбек етіп, сахна тілінен дәріс беруде. Алғашында болашақ актерлерге сабақ берсе, қазір режиссерларды білім нәрімен сусындатуда. Өзінің арнайы тобы бар. Бүгінде Айтжан Настайқызынан дәріс алған шәкірттері, халықаралық «Шабыт» фестивалінде, Ақмола, Қостанай облыстық театрларында, Алматыдағы ТЮЗ-да, одан басқа да еліміздің көптеген жерлерінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Әкесі Настай Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыс біткеннен кейін бір жыл Польшада қалып, елге 1946 жылы аман-есен оралады.
– Әкем қолы қалт еткенде күмбірлеген домбырасын қолына алып, ыңылдап ән салатын. Оның көп медальдары болатын. Бала күнімізде сонымен ойнататыны есімде, – деп ардақты әкесін сағынышпен еске алды Айтжан Настайқызы. Анасы да өнерден құр алақан емес екен, мың бұрала билеген биші. Бүгінде 90 жасты еңсеріп, 100-ге аяқ басқан. Жетісу жерінде тұрып жатыр.
– Біз он екі ағайындымыз, – деп сөзін жалғаған Айтжан Настаева. –Бір бауырым Мұрат Әбзелбаев Мәдениет қайраткері. Т.Жүргенов академиясын қызыл дипломға бітірген профессор. Сонда сахна тілінен сабақ береді. Бір сіңлім ЖенПИ-ді музыка мамандығы бойынша тәмамдаған. Бір апам еліне еңбегі сіңген ұстаз, қазір зейнет жасында. Кіші інім де Т.Жүргенов академиясын бітірген. Алматыда тұрады. Сол академияда сабақ береді, – деп бауырларын тізбектей отырып, мақтанышпен жеткізді.
Иә, «Өнермен өрілген өмір» демеске шараң жоқ. Өмірлік жан жары да Алматыдан профессор Бекен Жүнісбаевтың класын бітірген Қыпшақ Қойғарин есімді торғайлық азамат. Оқуды бітіргеннен кейін еліне барып еңбек етті. Екеуінің сыйластығы махаббатқа ұласып, сол кездегі айлап кететін гастрольдердің бірінде, Қызылтуға барған өнер сапарларында әріптестері арасында некелерін қидырып, отбасын құрады. Міне, ғажап!
– Ол біздің Торғайда Әуелбеков бірінші, Дүйсенов үшінші хатшы болып тұрған кез. Гастрольдік сапардамыз. Алғашында отбасын құру үшін елімізге қайтпақшы болғанбыз. Сол кезде «Той деп кері қайтуға болмайды. 100 концерт беруге міндеттісіздер» деген телеграмма келді. Партияның адамымыз. Жоспарды орындау керек. Бұл – 1974 жыл болатын. Сөйтіп, Қызылтудың екі қабатты қонақ үйінің жанында мейрамханасы бар екен. Сонда жұбайлық өміріміздің басталуын атап өттік, – деп жалынды жастық шағын көз алдынан бір өткізді кейіпкеріміз.
Бүгінде екеуінен екі қыз өмірге келіп, өз орындарын тауып кетті. Бір қызы өнер академиясын актерлық мамандығы бо-йынша тәмамдаса, екіншісі мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінде өнер көрсеткен. Қазір бала күтімімен отыр. Міне, осылайша екі қыздарынан екі-екі ұлдан, төрт жиен немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже, аяулы ана, абзал ұстаз.
Айтжан Настайқызы сонау студенттік шақтарына қайта бір оралып, өзі білім алған кездегі ұстаздары – студияның директоры болған Гүлжаһан Ғалиева, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Бекен Жүнісбаев, Гүлбанат Айдарбекова сынды Халық әртістерінің алдын көріп, дәріс алғанын мақтанышпен жеткізді. Өзі де баяу да байыпты сөйлеп, әдемі де әсерлі ой жетегінде қалықтап бара жатқандай.
– Ол кезде жастарды тезірек әртістікке дайындау керек болған. Екі жылдық студия. Қосымша сабақ жүрмейді. Тек мамандыққа байланысты сабақтар оқытатын. Осылай студияда оқып, жұмыс істедім. Содан бір жылдары театрда қызмет істеп жүрген кезім, «Еңбекке араласып жүрген өнер адамдары келіп оқып алсын» деген нұсқау түсті. Сөйтіп, Т.Жүргенов академиясында оқып жоғары білім алдым, – деп бір тоқтады. Ол кезде Айтжан Настайқызы бірнеше рет Мәскеуге барып, студент жастардың дүниежүзілік он екінші фестиваліне қатысып, лауреат атанған кезі болатын.
Шетелдерде әсіресе, Индия, Польша елдерінде айлап өнер сапарларында жүргенде Халық әртістері Венера Қармысовамен, Гүлвира Разиевамен, марқұм Зейнеп Қойшыбаевамен, қазір Астана опера театрында қызмет істейтін Қорлан Қалиланбековамен бірге болғанын да дәл бүгінгідей көз алдына елестетіп, бір жасарып қалды.
– Олар біздің ансамбльмен ән айтатын. Бізді ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков шетелге жиі жіберетін. Тува, Қарақалпақ елдерінде, Корея, Ветнам, Филиппин, Жапония елдерінде болдық. Әсіресе, Индияның он тоғыз қаласында концерт бердік. Мен ансамбльде ән айтамын. «Арқалықтың ақ таңы» әнімен бастаймын. Сосын «Гәкку», «Ғашығым» тағы басқалары кетеді. Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы облысымыздағы өнерсүйер тұлғаларды да Біржан салдың әнімен сусындататынмын, – деп бір шабыттанып алды.
Кеудесі ән мен жырға тұнған, қашанда құлазыған, шөліркеген көңілін әнмен сусындатып келе жатқан біздің кейіпкеріміз Ақан сері колледжінде 20 жылға жуық шәкірт тәрбиелеп келе жатса да білім саласынан бірде-бір марапаты жоғына таңырқағанымыз жасырын емес. Осынша шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз бола білген Айтжан Настайқызы қандай жоғары марапатқа да лайықты жан. Біздің бір байқағанымыз, кейіпкеріміз қайсар да қайратты сәтсіздіктерге мойынсұнып, жаси қоймайтын бірбеткей жан екен. Иә, тұла бойы өнерге тұнған, өмірге ғашық жан десеңші. Ешкімге жалтақтамайтын, ешкімге өкпелемейтін, үнемі ашық-жарқын қалпымен күлімсіреп жүріп, дәріс беретін өнердің өз адамы десек, артық айтқандық болмас. Әйтсе де, өмірдің бұлтарыс, бұралаңы қатар жүретіні жасырын емес. Кейінге сәл шегініс жасасақ, бір кездері Торғай облысы жабылғанда ірі мәдени орындар да жұмысын тоқтатып жатты. Міне, сол кезде жұбайы екеуі дағдарып қалмай, өздерін жоғалтпай, кәсіби маман екендерін таныта білді. Өнер біріктірген қос ғашық Көкшетаудан пәтер алып, еңбекке де араласып кетті. Айтжан Настайқызы болса жаңа ортасының шырағындай жарқырап, шәкірт тәрбиелеуге белсене кірісті. Сондай бір күндері жан жары Қыпшақ Қойғарин о дүниелік болды. Ол қазіргі Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда шығармашылық директоры болып қызмет істейтін. Кейіпкеріміз жетісулық бола тұра, Торғайға келін болып, кербез Көкшеде абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзбей келеді. Бізбен әңгіме барысында өзі еңбек ететін колледждің директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Құралай Ғазизқызы Ыдырысованың жаңадан қосымша ғимарат салынуына қол жеткізіп, оқытушылардың еңбек етуіне, шәкірттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасап отырғанына, еңбекқорлығына ұстаздар атынан ризашылығын білдіруді де ұмытпады. Тағы бір байқағанымыз, Айтжан Настайқызының жұмыс үстелінің үсті, сөре толған кітаптар. Ол бүгінгі қарыштап дамып бара жатқан заманда кітап оқу мен интернеттің аражігін де айқындап айтып берді.
–Мен шәкірттеріме дәріс бергенде кітапқа ғана сүйенемін. Мәселен, Мұрат Әбзелбаевтың радио және телевидение дикторына арналған «Тіл техникасы», профессор Дариға Тұранқұлованың «Көркемсөз шеберлігі», «Сахна тілі» кітаптары мен Рабиға Қаныбаева, Роза Мұқанованың шығармалары және классиктерді де ұмытпаймыз. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, тағы басқа белді ақын-жазушыларымыздың еңбектерін сол жылдарда жарық көрген кітаптары арқылы оқытамын. Бір топта 15 бала болса, бір емтихан тапсырғанда 30-45 шығарма оқулары керек. Сондықтан, студенттермен жиі кітапханаларға барып, тиісті кітаптарды тауып оқуларына көмектесемін. Өйткені, интернеттен алып оқи беруге болмайды. Онда әрі қысқа, әрі жаңсақ жазылған дүниелер кездеседі. Сол себепті, өз түсінігімде интернет пен газеттің айырмашылығы жер мен көктей. Газетте кәсіби мамандар жұмыс істейді. Ал, интернетке кім болса, сол өз дүниелерін жібере беретін болды. Ол ақпарат дұрыс па, жоқ па оған ешкім мән беріп жатпайды. Бірде мынадай жағдай орын алды. Бір студентім Фариза апайдың
поэзиясы деп өлең алып келді. Қайдан алдың десем, интернеттен дейді. Оңғарсынованікі болса, дұрыс екен деп тыңдап көрсем, өлеңі қиыспайды. Сөйтсе, бір қыз екі шумақ өлең жазып, әлеуметтік желіге салып жіберген. Шынымен қатты шошыдым. Біз кімдерді тәрбиелеп жатырмыз? Бұлай болмайды ғой,– деген кейіпкеріміздің жанашырлық ойы бізді де бейжай қалдырмады.
Иә, әрине, Фариза, Мұқағалидың өлең ұйқасы баршамызға белгілі. Әйтсе де, кейбір кітап оқымайтын жастарымыз интернеттен шоқ басып қалуы әбден мүмкін. Міне, көп жылдық тәжірибесі бар Айтжан Настайқызының орамды ойлары осыны меңзейді. Оның өнері өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналғандай ән болып құйылып, қалықтап барады…
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар