Латын әліпбиінің нұсқалары талқыланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің түкпір-түкпірінде ашық талқылаулар өткізілгені белгілі. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, тіл мамандары орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген әліпбидің жетілдірілген нұсқалары мен өзге де ұсынылған әліпби жобаларына қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

–2012 жылы Елбасының «Қазақстан 2050» атты стратегиялық жоспарында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру 2025 жылға қарай іске асырылатыны туралы айтылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Нұрсұлтан
Назарбаев латын қарпіне көшу туралы нақты тапсырмалар беріп, латын графикасына көшудің арнайы бағдарламасы әзірленді. Соның негізінде екі жылдан астам уақыт жұмыс істелді. Осы уақыттың ішінде әліпбидің үш нұсқасы жасалды. Алайда, өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасын әлі де жүйелеу керектігін айтып, осы мақсатта құрылған арнайы ұлттық комиссия алдымызға әліпбидің үш нұсқасын ұсынып отыр. «Торғай сойсаң да, қасапшы сойсын» демекші, латын әліпбиінің нұсқаларын талқылау үшін тіл ғалымдарын, қазақ тілінен сабақ беретін ұстаздарды, тіл жанашырларын арнайы шақыртып отырмыз, – деді облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев.
Еліміздің барлық облыстары мен қалаларында тіл ғалымдарының, оқытушылардың қатысуымен ашық талқылаулар аяқталғаннан кейін, онда айтылған барлық ұсыныстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінде жинақталып, оған мониторинг жүргізіледі. Мониторинг қорытындылары Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, сараптама және техникалық сүйемелдеу топтарының бірлескен кеңесіне ұсынылып, талқыланады. Осы ретте, облыстық оқу-әдістемелік орталығының мамандары шара қатысушыларын латын әліпбиінің ұлттық комиссия ұсынған үш нұсқасымен таныс-тырып өтті.
Мәселен, «А» нұсқасы акут, «Ә» нұсқасы умлаут арқылы берілсе, үшінші аралас нұсқа кирилл және умлаут әріптерден тұрады. «Акут» деп аталатын бірінші нұсқада І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы İ деп таңбалау ұсынылады. Мысалы, İnstinut, universiada, ministrlik, kino, jinalys, bilik, Irımşık, ızgılık, bılım. Кейбір ғалымдар И дыбысын ноқат түрінде таңбалауда термин сөздер халықаралық тұрпатына ұқсас болады әрі көзшалымға қолайлы деген пікірде. Сонымен қатар, бірінші нұсқада У дыбысын U таңбасымен беру ұсынылады, мәселен universitet, turizm, qauly. Ал, Ұ дыбысы Ū таңбасымен берілген: Ūsynys, jūrnaq. Ғалымдар Ш дыбысын седиль таңбасымен Ş таңбасымен беруді ұсынып отыр. Себебі, аталған дыбысты «sh» таңбаларымен берсе, қосар әріп екі түрлі оқылып, шатасу тудырады, мысалы, shema (шема/схема), sholast (шоласт, схоласт), ashana (ашана/асхана).
Ал, «Ә» нұсқасына келетін болсақ, мұнда Ә, Ө, Ү жіңішке дауысты дыбыстарын умлаутпен ( ̈ ) таңбалау ұсынылған: ӓlıpbi, ӧrkeniet, ükımet. «Умлаут – түрік, әзірбайжан, түркімен, неміс, фин және тағы басқа тілдердің әліпбилерінде жіңішке дауыстылардың жеке таңбасын жасайтын диакритикалық белгі. Сондай-ақ, халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандартқа да сәйкес. Бұл жобалық нұсқада қазақ тілінде қалыптасқан әліпби дәстүріне сай әріптердің реттілігі мен жүйелілігі қалпына келтірілді. Ескерілген ұсыныстар мен пікірлердің негізінде жаңа қазақ әліпбиін көпшілікке оңай үйретуге, көз дағдысы мен қол дағдысын тез қалыптастыруға, сондай-ақ, оның емле ережелерін меңгертуге де қолайлы болмақ», – деп атап өтті облыстық оқу-әдістемелік орталығының тіл маманы Салтанат Сайлауқызы.
Айта кететін жайт, үш нұсқада да ғалымдар Ch (ч) таңбасын әліпбиден алып тастауды ұсынып отыр. Фонетикалық негіздемеге сүйенсек, ч дыбысы қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспейді. Әрі ч дыбысымен келетін шет тілдік сөздердің саны өте аз және қолданылу жиілігі төмен.
Шарада сөз алған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Лайс Қапезұлы ұсынылып отырған әліпби жобалары алдыңғыларға қарағанда біршама жетілдірілгенін, әліпбидің реті сақталғанын, дегенмен де әлі ойлануды қажет ететін тұстары бар екенін атап өтті. Тіл маманы әліпбиді жасамас бұрын, алдымен дыбыстар санын ретке келтіру қажет деп есептейді.
–Қазақ тіліндегі дыбыс саны мемлекетпен айқындалып, сосын барып қана әліпби жасалынғаны жөн. Қазір бізде дыбыс жүйесін ретке келтірудің зор мүмкіндігі туып отыр. Әліпбиге дыбысты қоса салуға, керек болмаса, алып тастауға болмайды деп ойлаймын. Төл 28 дыбыс қамтылған деп жатырмыз. Алайда, қазақ тілі 28 дыбыстан ғана тұрмайды. Төл дыбыс деп айтудың өзі қате. Барлығы да қазақтың төл дыбысы. Дыбыстық жүйеде «и» деген дауысты дыбыс жоқ дейміз. Й әрпін алып тастаса ғана, әліпби бір әріп, бір дыбыс принципіне сәйкестеледі. Институт сөзінде кездесетін и-ді күрделі графималық таңбамен де белгілеп алуға болады, – деген Лайс Қапезұлы әліпбидің жаңа нұсқалары халықаралық латын графикасына біріздендірілгенін айтты. Мәселен, У дыбысының U деп белгіленгені, әліпби нұсқасына сингармонизм заңдылығының сақталуына байланысты өзгерістер енгізілгені тіл мамандары тарапынан қолдау тапты.
Ашық талқылауда әліпбидің үш нұсқасына қатысты көптеген пікірлер айтылды. Қатысушылардың бірі «А» нұсқасы жазуға, оқуға ыңғайлы десе, тіл мамандарының енді бірі «Ә» нұсқасын пайдалансақ, тіліміз бізді түркі халықтарына жақындастыра түседі деді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар