Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бейбіт жиындар ортақ мүддені көздейді - АРҚА АЖАРЫ

Бейбіт жиындар ортақ мүддені көздейді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын. Осыған байланысты қазір елімізде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды өткізу және ұйымдастыру тәртібі» туралы заң жобасы талқыланып жатыр.

«Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады», – деген болатын бұл орайда Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда еліміздің азаматтық қоғам белсенділері арасында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Өзім 2011 жылдан бері ауданда мүгедектердің мәселелерімен айналысатын «Болашақ» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етемін. Азаматтық қоғамның бір мүшесі ретінде мен де осы заңға қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Жасыратыны жоқ, митингі десе, санамызға бірден күдікті ойлар келетіні рас. Митингке шығатындар міндетті түрде біреуге наразылығын білдіргісі келеді деп түсінеміз. Мемлекетімізде саяси оқиғалар қарсаңында бәз-біреулердің халық арасында дүрдараздық тудырамыз, билікке қарсы шығамыз деген оймен азаматтарымызды митингтерге шақырғанын жоққа шығара алмаймыз. Демократиялық мемлекетте өмір сүргеннен кейін әрқайсымыздың өз пікірімізді ашық айтуға құқығымыз бар. Дегенмен де, біз бәрін бейбіт жолмен шешуге тырысуымыз керек.
Міне, қолданысқа енгізілгелі жатқан жаңа заң жобасы осы мәселелердің басын ашып, мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірге айналады деген сенімдемін. Бұл заң жобасы жөнінде ұсыныстар мен сұрақтардың бәрі жинақталып жатыр. Жуырда Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында жаңа заңда сол жиынды ұйымдастырушылардың, оған қатысушылар мен журналистердің құқығы мен міндеттері барынша айқындала түскенін атап өтті. Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі бекітіліп, митингі өтетін арнайы орындар белгіленген екен. Митингі өткізу тәртібін хабарландыру ережесі енгізіліп, өтініштерді қарау тетігі де нақтыланған. Осы арада, заң жобасының маңызды тармағының бірі – бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралардың айырмашылығын ашып көрсету.
Жаңа заң жобасында көрсетілген бұл ережелердің барлығы Президентіміздің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында айтқан: «Митингтерді ұйымдастырудың ескерту принципін енгізуге кірісу керек. Митингтерді өткізуге болады, егер де олар заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе. Бұл – менің түбегейлі ұстанымым», – деген пікірімен және Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттермен тікелей сабақтасып отырғаны анық.
Сөз басында айтып өткенімдей, барлығымыздың пікір білдіруге құқығымыз бар. Алайда, оны қантөгіссіз, бейбіт түрде жеткізуіміз керек. Биліктегілерге сөзіңді жеткізу үшін көшеге шығу, ұрандату міндетті емес. Үстіміздегі жылы елімізде жүргізілгелі жатқан халық санағы кезінде мамандар қойылатын арнайы сұрақтардан бөлек, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін де біліп, соны тиісті органдарға жөнелтсе, ол да біраз түсініспеушіліктің алдын алады деп ойлаймын.
Амангелді ҚАПАНОВ,
«Болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар