«Бастау» арқылы кәсібін бастағандар өкінбейді

Кез-келген игілікті істен үнемі бір ілік іздеп жүретін жандар болады. Әйтеуір, хал-жағдай сұрай қалсаң, қашанда бір нәрсеге көңілі толмай тұрады. Менің де сондай бір танысым бар еді. Таяуда сол келіншекті кездестіргем. Бұл жолы көбік сөзді көлденең тартып, арзан әңгіме айтқан жоқ. Асығыс екен. Сөзі де, өзі де өзгерген. Ең бастысы, өзінің сүйікті кәсібімен айналысып жүрген көрінеді. «Бұрын мемлекеттік бағдарламаларға мән бермеген екенмін. Былтыр «Бастау» жобасы арқылы кәсіп бастаудың тетігін үйрендім» дейді өзі алаулаған қуанышын жасыра алмай.

Жалпы, бизнеспен айналысамын деген жанға көп іздену керек екендігі де анық. Әлгі танысым айтпақшы, халықтың көбі мемлекеттік бағдарламаларға ден қойып, мән бере бермейді. Ал, мән берсе, алға ілгерілетер ілкімді істер баршылық.
Расымен де, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бизнес саласын дамытуға зор серпін берді. Бұл жоба халықты жаппай кәсіпкерлікке тартуға айтарлықтай сеп. Айта кетуіміз керек, «Бастау» жобасының мақсаты – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тартуды көздейді. Қатысамын деп ниет білдіргендер өз қаласындағы немесе аудандағы кәсіпкерлер палатасының филиалына жүгінуі қажет, сондай-ақ Atameken Academy платформасында өтінім беруге де болады. Басты басымдық енді ғана кәсіп бастауға ниеттіге беріледі. Айтулы жоба бойынша оқу – тегін. Қатысамын деген адам кәсіпкерлікке деген қабілетті анықтайтын арнайы тест тапсырады. Оқу аяқталған соң болашақ кәсіпкер бизнес жобасын арнайы комиссия алдында қорғауы қажет. Қорғалған жобалар қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несиемен қаржыландырылады. Бір ғана мысал, аталмыш жоба аясында елімізде 2017-2019 жылдары 44945 жұмыс орны мен 29965 шағын бизнес субъектісі ашылған екен. Мінекей, бұл дегеніңіз, кәсіпкерлікке қолдау, жұмыссыздықтың алдын алуға зор көмек емес пе?!
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мұрындық болуымен 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Бастау» жобасы арқылы өңіріміздің көптеген тұрғыны бизнес-идеяларын жүзеге асыруға, жаңа өндіріс ашуға, қосымша жұмыс орындарын құруға қол жеткізді. Мәселен, өткен жылы 2070 адам осы бағытта оқытылды. Осылайша өз жобаларын іске асырғандардың 40 пайызы жұмыссыз азаматтар болса, 20 па-
йызы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екен. «Бастау» жобасының түлегі Сұңғат Нұржасаров Біржан сал ауданының тұрғыны. Ол мал шаруашылығында жұмыс істеуге ниет білдірген. Алғашында 240500 теңге қайтарымсыз грантқа ие болып, тиісті жабдық сатып алыпты. Уақыт өте келе, жас фермердің бизнес-жоспары мақұлданып, «Игілік» бағдарламасымен 4 миллион теңге несие беріліп, ол бұл қаржыға 14 бас ірі қара мал сатып алған.
Егіндікөл ауданының тұрғыны Махаббат Қуандықова да «Бастау» жобасына қатысып, кондитерлік цех ашты. Өнімдері негізінен, аудан тұрғындары арасында сұранысқа ие. Махаббаттың айтуынша, бұл жобаға қатысудағы мақсаты маркетинг негіздерін үйрену болатын. «Бала кезімнен үйде тәтті тоқаштардың, бәліштердің иісі аңқып тұратын. Біз ешқашан дүкеннен торт, печенье дегенді сатып алмайтынбыз. Анам он саусағынан бал тамған өз ісінің кәсіби шебері. Ол кісінің жасаған тағамдарын бір татып көрсеңіз, мәңгі таңдайыңыздан дәмі кетпейтіндей күйде боласыз. Аспаздық өнерді анамнан үйренгем», – дейді Махаббат. Ол «Бастау» жобасы туралы естіп-білгеннен кейін, бірден өңірлік кәсіпкерлік палатасына келіп, өз идеясымен бөліскен. «Бір айдың ішінде көптеген тәжірибе жинақтадым. Бизнестің қыр-сырына бойлап, оны тереңірек түсінуге тырысып, тренингтерде үйренгендерімді көңілге тоқыдым. Кейін бизнес-жоспарымды сәтті қорғап шықтым», – дейді жеке ісін жаңа бастаған кәсіпкер. Махаббат осы жоба аясында пеш, ас үй комбайны, таразы, құймақ және пісіруге арналған пішіндер сатып алуға грант алды. Ол дайындайтын кондитерлік өнімдер сан алуандығымен сұранысқа ие. Түрлі маффиндер, панкейктер, чизкейктер, құймақтар, торттар және тағы басқа тәтті тағамдарды дайындайды.
Жалпы, «Бастау» жобасының игілігін көрген жандар туралы көптеп жазуға болады. Ең бастысы, бұл жоба жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралы екендігін баса айтқымыз келеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар