Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында өңірімізде балалар туризмін және қысқы туризм түрлерін дамытудың келешегі талқыланды.
Комиссия отырысында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтановтың айтуынша, туризм саласының даму беталысы жаман болмағанымен, салада бірқатар түйткілді мәселелер бар.
Мәселен, қыс мезгілінде Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы қонақ үйлер мен мейманханаларға демалушылар аз баратынын айтады халық қалаулысы. Сонымен қатар, біздегі демалыс орындарында қыс мезгілінде бос уақытты тиімді ұйымдастыру дұрыс жолға қойылмаған. Шанамен сырғанау, атпен жүру секілді қызмет түрлері көрсетілмейді. «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде демалысты жақсы ұйымдастыруға мүмкіншіліктер бар болғанымен, ондағы бағалар қарапайым халыққа қолжетімсіз, сол себепті онда көбі бара алмайды. Осы ретте, облыстық мәслихаттың депутаты:
–Туристік фирмалар қыс мезгілінде демалушыларды көптеп тарту үшін қыста көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейтудің мүмкіндіктерін қарастырғаны жөн. Зеренді ауданында 38 туризм нысаны бар. Осы арада айта кететін бір жай, Щучинск-Зеренді жолы салынғалы бері Зерендіге туристер көптеп ағылатын болды. Аудандағы Қараүңгір көлін якорлық жоба аясында дамытып, көлді балалардың демалыс орталығы етіп жасау қажет. Ол үшін көл жағалауындағы кезінде жекеменшікке берілген жерлерді түгендеп алу керек. Сонымен қатар, ауданда Үлгілі сарқырамасынан 6 шақырым жерде орналасқан Үлгілі мектебінің ғимаратын жыл бойы жұмыс істейтін балалар сауықтыру орны етіп қайта бейіндесе және бүгінде жұмыс істемей тұрған «Ұшқын Зеренді» балалар сауықтыру орталығын балалар мен жасөспірімдер демалысы және туризмі станциясына берсе жақсы болар еді, – деген ұсыныс айтты.
Бүгінгі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен Щучинск-Бурабай курортты аймағында балалар сауықтыру орталықтары инвентаризациялау жұмыстары жүргізілуде. Балалар туризмін және қысқы туризм түрлерін дамытудың келешегі талқыланған отырыста комиссия мүшелері туризмді Бурабай мен Зерендіде ғана емес, облысымыздың басқа да аймақтарында дамытуға болатыны жайлы көптеген мысалдар келтірді.
Мәселен, Біржан сал ауданының табиғаты сафари-парк ашуға ыңғайлы. Сол сияқты, Сандықтау ауданының да туристік әлеуеті зор. Ауданда демалыс орындары, тау-шаңғы базасы, туристік маршруттар жұмыс істейді. Және де онда шаңғы-роллерлік трасса, аңшылардың үйлері де бар. Новоникольск селолық округіне қарасты Құмдыкөл ауылында 1973 жылы салынған 112 орындық мектеп бар көрінеді. Тұрақты комиссия отырысында Сандықтаудағы бұрынғы балалар үйінің «Ручеек» балалар жазғы лагерін облыстық білім басқармасының балансынан алып, ауданға беру және онда балалар демалысын ұйымдастыру туралы мәселе көтерілді.
Халық қалаулыларының қысқы туризм түрлерін, соның ішінде балалар туризмін дамытуға көңіл бөліп отырғаны құптарлық іс. Өйткені, салада шешімін күтіп тұрған мәселелер көп. 1992 жылы өңірімізде 64 балалар лагері болса, бүгінгі күні 34 балалар сауықтыру орталығы ғана қалған.
Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Зәуреш Хабдулинаның айтуынша, бүгінде Жарқайың ауданындағы «Аққайың», Ерейментау ауданындағы «Жұлдыз» балалар жазғы лагерьлерінің әбден тозығы жеткен.
–Әлбетте, барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, жылына тым болмаса бір лагерьді күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінуі керек. Қазіргі балалар мен жасөспірімдердің талғамы басқа. Балалардың демалысын жақсы ұйымдастыру үшін лагерьлердің материалдық-техникалық базасы, ғимараты жақсы болуы шарт, – деді департамент өкілі.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.