НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Негізгі қашықтан оқыту процесі әр мектептегі сабақ кестесіне сәйкес өтеді. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде қашықтан оқыту процесін бастауға дайындық жұмысы жүргізілуде. Жұмыс тобы құрылды. Әлем елдерінің қашықтан оқыту тәжірибесі зерделенді. Министрлікте құрылған жобалық кеңсенің ұсыныстарын ескере отырып, өз тұжырымдамамызды айқындадық. Негізгі контент ретінде телевизиялық сабақтар, дайын цифрлық ресурстар ұсынылады», — деді министр.
Оның атап өтуінше, телевидениеге 2 мыңнан астам сабақ түсірілетін болады. Қазіргі таңда мұндай сабақтардың 200-ге жуығы дайын.
«Бір айтып өтетін жағдай, бұл ресурстардың барлығы педагогқа және оқушыға қосымша ақпарат болып саналады. Негізгі қашықтан оқыту процесі әр мектептегі сабақ кестесіне сәйкес өтеді. Сабақты өткізу уақыты 30 минутты құрайды. Оқушы, мұғалім, ата-ана кері байланысты «Күнделік», «Білім ал» мектеп жүйелері арқылы орнататын болады. Барлық әдістемелер, нұсқаулықтар дайын»,- деді Дәурен Абаев.
https://www.coronavirus2020.kz/kz/kashyktan-okytu-ar-mekteptegi-sabak-kestesine-saykes-otedi_a3629624