Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Басшының бір айтары - АРҚА АЖАРЫ

Басшының бір айтары

Табиғаттың байлығына қол сұғушылар жазасыз қалмайды

Бүгінгі күні орман және жануарлар әлеміне қатысты заңнаманы белінен басатындар және өз міндеттеріне немқұрайлы қарайтын басшылар мен мамандар да бар екені жасырын емес.

Осы орайда тілшіміз Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Нығмет Кәуашовқа жолығып, әңгімелескен еді.

– Нығмет Амангелдіұлы, өз жұмыстарыңызда орман заңнамасын сақтаудың қамтамасыз етілуі жөнінде айтсаңыз.
– Ақмола өңірінің 384,2 мың гектарын орман алқабы алып жатыр. Оның 136 гектары жекеменшікке берілген. Облыста 22 мемлекеттік орман шаруашылығы, оның ішінде облыстық табиғи ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының 13, мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 3 орман шаруашылығы, Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы, «Жасыл аймақ» кәсіпорны, «Республикалық орманның селекциялық орталығының» солтүстік өңірдегі филиалы, «КазНИИЛХ» серіктестігі, «ҚазАгроИнновация», «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы, «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының ағаш көшеттерінің астаналық дистанциясы жұмыс істейді. 2019 жылы орман заңнамасын бұзуға тосқауыл қою мақсатында 260 тексеріс жүргізіліп, анықталған кемшілікті қалпына келтіру үшін 63 ескерту жасалды. Тексерудің материалдары сотта қаралды. Орман заңнамасын бұзған 216 факті анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. Бір әкімшілік материал сот орындаушысына берілді. Орман қорының шығыны 1260,2 мың теңгені құрап, оның 1203,4 мың теңгесі кері қайтарылды. Облыс бойынша 2019 жылы ағашты заңсыз кескен 51 факті анықталды. Алайда, 4195,9 мың теңге шығынның тек 1795,8 мың теңгесі кері қайтарылды. 12 фактінің материалдары құқық қорғау органдарына берілді. Ағаш кесудің 65 пайызын инспекция қызметкерлерінің өздері анықтады.
– Ал, ендігі бір маңызды мәселе, орман өртінің алдын алу жұмысы қалай жүргізілуде?
– 2019 жылдың наурыз-сәуір айларында инспекция барлық орман иелерінің өрт қауіпі бар маусымға дайындығын тексерді. Бүгінгі күні орман шаруашылықтарында жыл бойы жұмыс істейтін орман өрті станциясы жоқ. Оның орнына шаруашылықтарда орман өрті станциясы жөніндегі жағдайдың талаптарына сәйкес келмейтін өрт шаруашылығы станциясы жұмыс істейді. Мәселен, «Бұқпа» мен «Барап» орман шаруашылықтары құрылғаннан бері бұларда өрт-химиялық станциясы жоқ. Өткен жылы облыста 56 өрт оқиғасы тіркелді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, орман өртінің алқабы 3,1 есе өсті. «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінің Ерейментау филиалында ірі орман өртіне жол берілді. Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 23 адам жауапқа тартылды. «Бұқпа» орман шаруашылығы мен «Жасыл аймақ» мемлекеттік кәсіпорынының басшылары мен мамандары өртке оранған орман алқабының көрсеткішін бұрмалаған. Бұған кінәлі адамдар жауапқа тартылды. Облыстағы орман қоры жерінің көп бөлігі «Казавиалесоохрана» республикалық коммуналдық кәсіпорнының үш тік ұшағымен қадағаланады. Инспекция қызметкерлері заңсыз ағаш кесу және өзге де орман заңнамасын бұзу, орман өртін сөндіру бойынша авиация мүмкіндігін жиі пайдалануда.
– Осы орайда, заңсыз ағаш кесушілер қалай жазаланады?
– Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығының орман қоры және «Ақкөл», «Бұқпа», «Кеңес», «Куйбышев» орман шаруашылықтары аумағындағы заңсыз ағаш кесу космостан бақыланды. Облыста 9 тұрақты және 9 уақытша орман қорығы жұмыс істейді. Ақкөл, Маралды, Кішітүкті орман қорықтары облысты ағаш көшеттерімен қамтамасыз етеді. Ағаш кесу ережесін бұзған 22 адам жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. 18 орман шаруашылығындағы 197,6 мың гектар орман алқабы 10-49 жылға жалға берілген. Олардың жұмысын инспекция тұрақты түрде бақылап отырады. Өткен жылы орман заңнамасын бұзған екі жалға алушы жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен «РусРайТи» серіктестігінің және «Бексұлтан», «МММ» шаруа қожалығының орманды ұзақ мерзімге пайдалануының келісім-шарттары бұзылды. Бүгінгі күні «Ақбиік» серіктестігі мен Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы арасындағы келісім-шартты бұзу жөнінде сот үрдісі жүргізілуде. Орман заңнамасын бұзғаны үшін 4 орманды пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
– Жануарлар әлемі мен аңшылық шаруашылығындағы істің жайына да тоқтала кетсеңіз.
–12 миллион 282 мың 94,2 гектар аңшылық аумағында әртүрлі меншіктегі 161 аңшылық шаруашылығы жұмыс істейді. 2019 жылғы аңшылық маусымы кезінде аң аулауға 10677 жолдама берілді. Жергілікті атқарушы органның рұқсатымен 2165 адам жануарлар әлемін пайдаланды. Шетел азаматтары да аң аулау мақсатында жыл сайын Ақмола облысына келеді. «Rivc LTD-Sandyktau» cеріктестігінің аңшылық аумағына Австрия, Германия мен Францияның, «Мерген-2030» аңшылық шаруашылығына Ресейдің азаматтары келіп, бюджетке қомақты қаржы түсті.
– Жануарлар әлемі саласындағы табиғат қорғау заңнамасының талаптары сақтала ма?
– Осы мақсатта бақылау және қадағалау жүргізу барысында инспекция мамандары аңшылық ережесінің 149 мәрте бұзылғанын анықтап, хаттама толтырды. Мәселен, заңсыз ауланған 30 қаздың 23-інің шығыны төленді. Шортанды мен Егіндікөл аудандарында екі аңшы мылтығы, тұзақтар мен қақпандар тәркіленді. Жануарлар әлемі саласында заңнаманы өрескел бұзудың 30 фактісі, заңсыз киік аулаудың 4 фактісі тіркелді. 15 қылмыстық іс қозғалып, 10-ы тоқтатылды. Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жоспардан тыс екі тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесі бойынша ескерту жасалды. Инспекция балықты қорғайтын нысан салуға келісім беру, ауланған балыққа анықтама беру, өсімдіктер мен аңдарды шетелге шығаруға рұқсат беру тәрізді өзге де мемлекеттік қызмет көрсетеді. Өткен жылы инспекцияға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 79 өтініш түсті. 2020 жылы инспекция мамандары жануарлар әлемі саласында аң аулау ережесінің 10 мәрте бұзылғанын анықтап, кінәлілерге 6627,5 теңге айыппұл салды. Бұл салада заңнаманың 8 мәрте бұзылғаны анықталып, 6 қылмыстық іс қозғалды. 7 іс бо-йынша іздестіру жұмысы жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар