Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс 75

Ел мен ердің жеңісі

Ұлы Жеңіске де міне, 75 жыл толып отыр. Біз соғысты көріп, Жеңіске үлесімізді қоспасақ та, оған өз ерлік істерімен, қажырлы еңбектерімен үлестерін қосқан майдангер аға-аталарымыз бен апа-әжелеріміздің тарихи естеліктерін өз ауыздарынан естіп өстік. Олар сол бір сәттерде бізге батыр да зор болып көрінсе, артынан қарапайым қарттар болып көрінетін. Бүгінде сол қаһарлы соғысқа қатысқандар мүлде азайып, барлығы бұл өмірден өтіп кетіп жатыр.

Оларды бүгінгі біз, болашақ келер ұрпақ ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Сол екінші дүниежүзілік қырғын соғыста талай елдің қаншама мыңдаған, миллиондаған ер азаматтары опат болып, қыршын кетті. Енді бірі жараланып, мүгедек болып елге оралды. Ұлы Отан соғысы деп аталған осы соғыста біздің еліміз Қазақстаннан сол кездегі ортақ Отанымызды қорғауға бір жарым миллиондай азамат майданға алынған екен. 1941-1942 жылдар аралығында біздің Қазақстанда 7 атқыштар дивизиясы мен 3 ұлттық бригада жасақталыпты.
Алғашқы жасақталған дивизиялардың бірі – 316-шы атқыштар дивизиясы Москваны қорғау шайқастарында ерекше ерлік істерімен әйгілі болып, 8-ші гвардиялық панфиловшылар дивизиясы атанды. Ал, 1943 жылғы Курск доғасы шайқастары мен Сталинградта қазақстандық гвардиялық атақ алған 72-ші және 73-ші атқыштар дивизиялары да ерекше көзге түсті. Тарихи сол кездің деректері мен естеліктерін көріп, оқып отырсақ, біздің ел халқының батырлықтары, еңбек істерімен сол кездегі одақтас республикалардың арасында алдыңғы орындардың қатарынан көріне білді.
Қазақстандық 500-дей азамат Кеңес Одағының Батыры, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Ал, төртеуі сол Кеңес Одағының Батыры ең жоғары атағын екі мәрте алған. Сол сұрапыл соғыс кезінде осы атақты алған 96 қазақ батырының қатарына, егер ерліктері әділ бағаланғанда тағы аз дегенде жүзге тарта батыр қосылады екен. Иә, көзсіз қаһармандықтары үшін полк, дивизия, корпус, армия қолбасшылары қол қойып, Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп бағалағандарды майдан қолбасшылары, оның әскери кеңесінің мүшелері кемітіп, төмендете Ленин немесе Жауынгерлік Қызыл Ту ордендерін берген. Осы құжат-деректерді, мәліметтерді мемлекетаралық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Жұмабай Доспанов 2010 жылдан бері орталық мұрағаттардан іздеп тауып, ол құжаттарды жинап тексеріп, екі-үш мәрте бірнеше томдық кітап етіп шығарған екен.
Сол құнды құжат-деректерді оқи отырып, біздің әке-аталарымыздың батырлығының, ерлік істерінің біліп мақтануға, бас иіп тағзым етуге тұрарлығын сезініп білуге болады. Қазір Кеңес Одағының Батыры немесе «Даңқ» ордендерінің толық иегері атақтарына ұсынылған, алайда, оны ала алмаған қазақстандықтардың саны 338 азамат болса, солардың ішіндегі 30-ы біздің Ақмола облысынан екен.
Ал, Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған төрт қазақстандық ұшқыштың қатарына осы атақты ала алмаған тағы жеті батырды қосуға болады. Олардың бесеуі қазақ. Оның бірі осы атақты бір рет алып, екінші рет ұсынылғанда ала алмаған Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов. Кеңес Одағының Батыры атағын Днепрден өткені үшін алған Жұмағали Қалдығараев Беларусияның Мозарь қаласын азат ету шайқасында жалғыз өзі жаудың 6 танкісін жойған. Сол шайқастағы ерлігі мен батырлығы үшін екінші мәрте батыр атағына ұсынылған. Бірақ, бұл жоғарғы атақ оған екінші қайтара берілмеген.
Павлодарлық аға лейтенант, рота командирі Қабыш Көктаев 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атанып, сол жылдың 8 мамырында екінші рет ұсынылғанда, оның орнына Жауынгерлік Қызыл Ту орденін алған. Мұның алдында Көктаев 1944 жылдың 9 тамызында да батыр атағына ұсынылып, онда оған Ленин ордені бұйырған. Қайран ер Жеңіске 17-ақ күн қалғанда 23 жасында Германияның Зарау қаласы үшін болған шайқаста ажал құшқаны қандай өкінішті. Рота командирі, капитан, қостанайлық Сейітхан Темірбаев 1945 жылдың 7 ақпанында бірінші рет батыр атағына ұсынылғанда жоғары атақ берілмей, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталған. Содан кейінгі ерліктері үшін екінші рет сол жылдың 27 сәуірінде Батыр атағына тағы ұсынылғанда, әйтеуір, бағы жанып, 31 мамырда Алтын Жұлдызға қолы жетеді. Құдайберген Жансеріков Алматы облысынан. Гвардия ефрейторы. Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ұсынылғанымен, ол атақ берілмей, екеуінде де сол Жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. (30.09.1944 ж., 05.04.1945 ж).
Мінайқұл Сағындықов Алматы облысынан. Сапер, бөлімше командирі, аға сержант. Жоғары жауынгерлік атаққа екі рет ұсынылған. (08.08.1944 ж., 31.03.1945 ж). Екеуінде де Жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Сағындықов майданда 6 жауынгерлік орден алған. Тағы бір Жауынгерлік Қызыл Ту, 2-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» және 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендері. Тағы сол ескі әскери деректерді оқып отырып, ауыр соғыс жылдарында біздің аз ғана қазақ халқы өздерін қалай батырлық, ерлік істерімен көрсете білген деп таң қаласың. Ал, өз азаматтық борышын абыроймен өтеп не сол Отанын, елін қорғау жолында жанын беріп, қаза тапқандары, белгісіз болып кеткендері қаншама. Ондай боздақтарды біздің кең-байтақ еліміздің жүздеген, мыңдаған елді мекендеріндегі абзал азаматтарының арасынан іздемей-ақ табуға болады.
Солардың бел ортасында біздің өз ауылдарымыз, Зеренді ауданына қарасты Қанай би (Қарабұлақ), Желтау, Құлет, Игілік, кіші Жамантұз ауылдарынан әскерге шақырылған екі жүзден астам ер азаматтар да болған-ды. Мен бүгінде солардың арасынан өзім көріп, талай сөйлескен ағайларым жайында да айтып өтсем бе деймін. Біріншісі алғашқы ұстазым, қолыма қалам ұстатып, жазуды үйреткен Қасен Әбілсейітов ағайым. Ол кісі дембелше келген балуан денелі, нағыз барлаушы, сержант болған. Ол жайында біздің аудандық, облыстық газеттерде талай жазылған-ды. Соғыстың алғашқы жылынан 1944 жылдың ортасына дейін майдан даласында болып, ауыр жаралы болып елге оралғанда, оның кеудесінде үш жауынгерлік орден– «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендері болған екен.
Соғыстан кейінгі ерен еңбегі үшін омырауына Еңбек Қызыл Ту ордені мен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалін де тақты. Сонымен қатар, үш ұстазым – Кенигсберг қаласын алуға қатысқан нағашым, аға сержант Қасым Жарылғасов, елде сегіз жылдық мектептің директоры болған Аманбай Мақышев және сол қырғын шайқастардың бірінде ауыр жараланып, елге оралған Қасен Қанафин ағайларымды бүгінде сағына еске аламын. Олардың арасына өз ағатайым Құлет, қырғыз елінің тумасы Қалымтай Қасенұлы Қазбековты да қосып, ерекше атап өтуге болады. Ол кісінің де Жеңіс мерекелері кезінде омырауында «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен қатар, майдангер жауынгерлер ең құрмет тұтқан «Ерлігі үшін» медалі жарқырайтын.
Міне, мыңдаған сол соғысқа қатысушыларды еске ала отырып, оларды болашақ ұрпақтар ұмытпауы үшін әлі де біраз жұмыстар істеп, құжат, деректерін мұрағаттардан сұратып алып, халыққа жеткізуге ат салысу керек-ақ. Ол бірлі-екілі қарапайым азаматтардың қолға алған жұмысымен бірге, басшылардың, яғни, әкімшіліктердің де қолға алып атқарар істері.
Солардың бірі ретінде өткен жылдары бір-екі газетке жазған мақаламда айтқанымдай, біздің сүйікті қаламыз Көкшетаудағы батыр атамыз Бауыржан Момышұлы көшесіндегі «Даңқ» аллеясында орналастырылған басқа елдердің батыр қалалары гранит тастарының орнына өзіміздің Қазақстанда, соның ішінде Ақмолада жасақталған дивизиялар мен бригадалардың қан майдан даласындағы әскери соғыс жолдары мен тарихи деректерін алтын әріптермен неге жазып қоймасқа?!. Тәуелсіз ел екенбіз, тарихқа да жаңаша қарайтын кез келді ғой.
Олар оннан аса атқыштар, кавалерия дивизиялары мен ұлттық бригадалар. Сонымен қатар, әскери авиацияда және әскери-теңіз флотында, жау тылындағы партизан отрядтарында болған қазақстандықтар мен тылдағы қажырлы еңбек еткен ұжымдар мен кәсіпорындарды ұмытпай, атап көрсетсек, жөн емес пе?!.
Атақты батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Өлі батырларын елемеген, қадірлемеген ұлт – патриоттық сезімінен адаланып, елін, жұртын қорғауға дәрменсізденеді» деген ұлағатты сөзі бар екен. Бүгінде батыстың кейбір елдері, соның ішінде бір кездері ортақ Кеңес Одағы құрамында болған Балтық теңізі жағалауы елдері мен Украина мемлекеті сол соғысты Гитлер мен Сталин бастап, батыс Европа елдеріне қайғы-қасірет әкелді, окупациялады дейді. Ұлы Жеңісімізді Кеңес Одағы емес, Совет Армиясы емес, Америка, Англия және өздерінің әкелгендігін бүгінгі азаматтарының саналарына құйып, тарихтарын өздерінше қайта жазып «дұрыстап» түзеуде. Бұл әрекет өткен тарихты бұрмалап, өтірік деректермен тек өздерінің болашақ ұрпақтарының, бүгінгі жастарының басын қатыру демеске лаж жоқ. Біз өткен тарихымызды қандай болса да, зерделеп-зерттеп, сол күйінде дәл шындығымен ғасырдан ғасырға қалдыруымыз керек. Сонда ғана бақытты да патриоттық рухы жоғары, намысты ел, халық болып мәңгілік қаламыз. Лайым солай жақсылығы жарасқан ел болып, ешкімнен қорқып жасқанбай, жылдан-жылға осы Ұлы Жеңісіміздің қадіріне жете берейік. Оған біздің елдің, халықтың толық құқығы бар. Иә, өткен ғасырларда мың өліп, мың тірілген қазағым жаңа мыңжылдықты да батыл еңсеріп, алдыңғы қатардағы мәңгілік ел бола берсінші.
Серік ҚАСЫМ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар