Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Естіген құлақта жазық жоқ! - АРҚА АЖАРЫ

Естіген құлақта жазық жоқ!

Көкшетауды «Кошкетау» дегені не масқара?!.

Халықаралық «Мир 24» телеарнасының кезекті жаңалықтарында диктор Ақмола облысының «Кошкетау» қаласында Қылшақты өзені тасып, көпірді қызыл су басқаны жайлы хабарлады. Дұрыс жазып отырмын. Көкшетау емес! Кошкетау! Онымен қоймай, бұл қалада небары 1 мың адам тұратындығын айтты.

Екі ғасырға жуық тарихы бар, Хан ордасы атанған, сұлулығымен тамсантып, қаншама ақын-жазушылардың туындыларына алтын арқау болған Көкшетау осылайша бір-ақ сәтте әлем жұртшылығы алдында «Кошкетау» қаласы болып шыға келді. Алдымен, естігенімде не істерімді білмей, қаным қайнап, еріксізден еріксіз күліп алдым. Орыс тілінде шыққан бұл хабардың дикторы да орыс. Мәселе, диктордың ұлтында емес әрине, бірақ, алдына берген өз тіліндегі ақпаратты оқи алмай отырғаны ұят болды. Егер қазақтың баласы Мәскеуді – «Мәксеу» деп оқып жіберсе, не болар еді?! Алдымен өзіміздің елде тұрып жатқан орыстар «бізді мазақ етіп жатыр, мына қазақтар» деп шығар еді. Солай емес пе?! Тіпті, Қазақстанда тұрып жатқан орыстарыңнан бұрын өзіміздің орыс тілінде сөйлейтін қазекеңдер бірінші сын айтып шығар еді… Ал, мына жағдайда ше?! Аталмыш телеарна халықтан кешірім де сұрамады…
Көкшетау деген жерді диктор мүлдем естімегені ме сонда? Бурабайдың қайда орналасқандығын да білмей отырғаны ғой оның. Бурабайды білген адам, Көкшетауды да біледі. Абылай хан мен Кенесарыны білген адам Көкшетауды ешқашан да басқаша айтпайды. Ақмола облысы аталған жерде Көкшетау қаласы қатар жүретіндігін білмей отыр ғой сонда.
Жарайды, мүмкін ақпараттар дайындалып жатқанда суфлердан немесе алдына берілген ақпараттарда автоматты түрде әріптердің орындары ауысып кеткен шығар. Ондай қаланың жоқтығын ескеріп, көгілдір экранның әр жағында отырған халықтан бірден кешірім сұрап, қатесін дұрыстап, қайталап айтуына болар еді ғой. Бірақ, сауатсыз диктордың логикасы мүлдем жұмыс істемейтін тәрізді. Ең сорақысы, 150 мыңға жуық тұрғыны бар облыс орталығында «онда бір мыңдай адам тұрады» дегені болды. Инстаграм парақшаларында таралған осы ақпарат үзіндісінде қаншама комментарийлер жүр. «Тіпті, бір мыңдай адам ғана тұрса, қалғандарымыз қайдамыз? Неге есепке алынбай қалғанбыз?» деген сауалдар көптеп жүрді. Дегенмен, телеарнадан ешбір жауап болмады…
Осындай сауатсыз дикторларды қалайша халықаралық деңгейдегі телеарналарға жұмысқа алатыны түсініксіз… Әбіржіген елдің мазасын кетіріп, қаның қайнатудың қаншалықты қажеті бар? Онсыз да үйінен шықпай отырған халықтың ашу-ызасы келетіні анық. Сондықтан, қай-қайсымыз да сауатты болайықшы!
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар