Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көктемгі егіс-2020 - АРҚА АЖАРЫ

Көктемгі егіс-2020

Болашақ өнімнің берік негізі қалануда

Ақмола облысының диқандары биылғы түрлі қиыншылықтарға қарамастан, көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Өткен жылы зеренділік диқандар көктемгі егіс пен орақ жұмысын ұйымшылдықпен атқарудың, қазіргі заманғы технологияны енгізудің арқасында 299,1 мың тонна астық жинап алды. Сондай-ақ, ауданның астыққа, тұқым мен мал азығына деген ішкі қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. 124 мың тонна шөп, 2,1 мың тонна пішендеме, 2,8 мың тонна сүрлем дайындалған болатын. Соңғы төрт жылда аудан диқандары егіс алқабының әр гектарынан 18,6 центнерден астық алғанын атап өткен жөн.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Шайкөзовтың айтуынша, биылғы жылы аудан бойынша 177,4 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, оның ішінде 59,5 мың гектар жерге арпа, 4 мың гектарға сұлы, 8 мың гектарға жасымық, 5,3 мың гектарға бұршақ себіледі. Сондай-ақ, 1,7 мың гектарға картоп, 0,39 мың гектарға көкөніс отырғызылады.
–Майлы дақылдар алқабы 53,4 мың гектарды құрап отыр. Бұл аудандағы майлы дақыл тұқымы өндірісінің көлемін көбейтеді. Гектарлық субсидия төленбесе де, бұл дақылды өсірумен айналысудамыз. Өйткені, майлы дақыл тұқымының бағасы жоғары әрі тұрақты. Қазіргі заманғы нарықтық жағдайда және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында зығыр, рапс, жасымық, соя, күнбағыс тәрізді дақылдарды өсіруге жол ашық. Ауданда мал басы өсіп келеді. Осы бағытта ауылдық округ әкімдері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірге азықтық дақылдарды көбейту үшін егістік алқаптарының құрылымын қайтадан қарау қажет. Бүгінгі таңда біржылдық және көпжылдық шөптің 375 тонна тұқымы бар. Бұл азықтық дақылдар алқабын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 15 мың гектар жерге азықтық дақылдар себіледі,–деді бөлім басшысы.
Бүгінгі таңда шаруашылықтардағы 21,8 мың тонна тұқымның 14,6 мың тоннасы тексерілді. Оның ішінде егіс стандартының 1 және 2 класты тұқымы 65,6 пайызды құрайды. Аудандағы аттестатталған тұқым шаруашылығының субъектілерінде 758,3 тонна жоғары сапалы тұқым бар. Мәселен, «Көкшетау Астық Инвест ЛТД» серіктестігі 515 тонна бидай, 187 тонна зығыр тұқымын сатады. Көктемгі егісті жүргізудің негізгі кезеңінің бірі – ашық аспан астына тұқым шығару және тұқымды залалсыздандыру. Бұл шараларды жүргізу ылғалды жылы аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Аудан шаруашылықтары тұқымды залалсыздандыратын қажетті дәрі-дәрмектің 61 пайызымен қамтамасыз етілген. Осыған байланысты жергілікті жерлерде тұқымды өңдеу үшін препараттарды сатып алуды жеделдету қажет болып тұр.
–Аудан шаруашылықтарында машина-трактор паркін қазіргі заманғы техникамен жаңарту жұмысы жүргізілуде. Бұл бағытта қазіргі заманғы өнімділігі жоғары егіс кешені мен комбайндар сатып алуға ерекше назар аударылады. Биылғы жылы 3 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы, аудан бойынша ауыл шаруашылығы техникасының 30 пайызы тозған. Жыл сайын машина-трактор паркінің 10 пайызын жаңарту керек. 2020 жылғы егіс науқанында 1181 трактор, 722 сеялка, 94 өнімділігі жоғары егіс кешені пайданылады. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, аудан бойынша дәнді және бұршақты дақылдар 10 күннің ішінде егіледі деп жоспарлануда. Ауданда егіс науқаны негізінен қазіргі заманғы егіс кешендерімен жүргізіледі. Көктемгі егіс жұмысын жүргізуге 3,9 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны қажет. Оның 70 пайызы науқандық жұмыс басталғанға дейін тасымалданып алынады,–дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Биылғы жылы ылғал қоры мол түсті. Барлық агротехникалық шаралар ылғалды сақтауға және тиімді пайдалануға бағытталуы тиіс. «Әдістемелік орталық» мемлекеттік мекемесінің жүргізген зерттеуі негізінде биылғы жылы 175 мың гектар алқаптың арам шөбіне қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бюджет есебінен аурулар мен зиянкестерге қарсы шаралар жүргізіледі. Жердің құнарлылығын сақтау және өнімділігін арттыру мақсатында аудан диқандары минералдық тыңайтқышты қолдануға ерекше назар аударатың болады. Бұл бағытта көктемгі егіс науқанына дейін 5,7 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алынбақшы. Сөйтіп, аудан диқандары мол өнім алу үшін қолдағы мүмкіндіктің барлығын пайдалануды жоспарлап отыр.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар