Мерей

Ел барда қалмас ісің еңсерілмей,
Өрліктің өрен жүйрік өлшеміндей!
(Көкшенің ел ағасы Қайыргелді Әлімұлы Әкімбеков – 70 жаста)

Көкшенің Қайыргелдісі

Әне бір жылы Қайыргелді ағаға ілесіп жер жәннаты – Бурабайға жол түскен. Ақылбай асуына жеткенбіз. Асудың дәл үстінде сепкіл бет сары бала бүркіт ұстап отыр екен. Бүркіттің жанында суретке түсуіңіз 500 теңге. Қымбат емес. Бірақ, қолбала болған бүркіт күніне мың сан адам қолына ұстап, жұлмалаған соң ба, қырандық мінезі пышақпен сылығандай жойылып, жігері жасып, кәдімгі үй тауығы тәрізді болып қалыпты.

Қыранды қорлап, қаржы тапқан Сашканың ерсі ісіне ешкім тіс жарып ештеңе деген жоқ. Дей алмайтын еді. Өйткені, жаңағы бүркіт сияқты рухымыз сынғалы қанша уақыт!
Үйіріле қонған, қаумалай өскен қалың қарағайдың ұшар басындағы шаңырақтай алаңқайдан зәулім аспан жап-жақын көрінеді екен. Ту сонау заңғар биікте, тау бауырында екі-үш тазқара ұшып жүр. Тілеуі жаман құс. Ұшпағанда қайтсін көктің қожайыны қолбала болып отырса. Қыран құс кереге қанатын керіп, көк аспанда  суылдай, қалықтай ақса, өлексеге үйір, жаман қара құстар дәл осылай басына қоймас еді. Қырандар да өз биігін қызғанбай ма?!. Қыранның аздығынан.
Қыран мінезді қазақ мүлде жоғалып кеткен жоқ. Бар. Соның бірі әрі бірегейі, бұл күнде Көкшенің Қайыргелдісі атанып кеткен, келістіріп кесек сөйлейтін лебізі қоладан құйғандай балуан бітіміне бек жалғасып тұратын арқалы азамат – Қайыргелді Әкімбеков!
Осыдан үш жүз-төрт жүз жыл бұрын туса, торғай көзді ақ сауытын киіп, нар кескен алдаспанын жарқылдатып ел қорғаған батырлардың бірегейі болар ма еді, шіркін!
Осыдан үш жүз-төрт жүз жыл бұрын туса, жер дауын, жесір дауын жалғыз ауыз сөзбен шешетін, қазақтың бойындағы бар ақыл-парасатты, білім мен білікті бір басына жинаған би болар ма еді.
Әрине, болар еді. Бұл күнде елімен бірге қуанып, елімен бірге шаттанып, біте қайтасып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал азаматтың бойында арыдағы нар қазақтың алпыс екі тамырында қайнап жатқан асыл қасиеттің бәрі табылатындығына жүзін таныған, лебізін естіген жалпақ жұрттың бәрі куә!
Заманында Қайыргелді ағаның бойындағы бұлықсыған бұла сезімдерді, елі мен жеріне деген таңның мөлдір шығындай махаббатты, қоламтаның шоғындай қызулы ықылас пен пейілді аңғарған, анық байқаған және дәл бағалай білген қазақтың қарымды қаламгері Ес-ағаң, Естай Мырзахметов өзінің бір жинағына қолтаңба жазып бергенде, батыр деп атаған екен. Ауызы уәлі қаламгердің осы бір жалғыз ауыз сөзі біздің кейіпкеріміздің бойындағы ақыл мен парасатты, кісілік келбетті, адамгершілік ажарды көрсетіп тұрғандай. Қайрекең үшін жазушының жалғыз ауыз сөзі баға жетпес байлық, қаттап жинаған қазына. Жалғыз Ес-ағаң ғана емес, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кәтепті қара нардай қазақ әдебиетінің қат-қабат жүгін көтеріп өткен Сәкен сері Жүнісов те түбегейлі танып-біліп, тебірене жыр арнап, батырдың болмысын безбендеп поэма да жазған. Серіге серік бола білген Қайыргелді ағаның да ұлттық мұрат, мемлекеттік мүдде дегенде қайрақ жанып алған алмастай жарқ ете түсетіні бар.
Тәуелсіз «Бұқпа!» газеті қаржылық қиыншылықты көтере алмай, құлауға аз-ақ қалғанда қос қолтығынан періштедей жебеп, демеп көтеріп алып, ел сөзін сөйлеткен ер – Қайрекең. Байлығының асып-тасығандығынан емес, халқын сөз қуатымен демеу болсам деген сұңғыла көңілдің сүйінішті қимылы. Көзі қарақты оқырман қауым Көкше төңірегіндегі тұңғыш тәуелсіз газеттің тізгіні ел жайын ойлаған ерен ердің қолына тигеннен кейін қайта түлегенін, алдаспандай өткірлене түскендігін, газет бетіндегі елге айтар сөз айрықша нұрланып, көктемдей құлпырып, мазмұнына маңыз беріліп, есті сөзі еселене түскендігін жақсы біледі. Бұл күнде уақыт табынан сарғайған сол газеттің бетіндегі алуан-алуан тақырып ел тарихына айналып кетті. Санамен салмақтап, дәуір ауанын аңдаған, ел тіршілігін барлаған ойлы оқырман Қайыргелді Әкімбековтің елдің ділі мен дініне, тілі мен тіршілігіне қаншалықты жаны ашитындығын, қаншалықты жүрегі ауыратынын айтқызбай аңғарар еді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демей ме, туған елінің тұғырын биіктетемін дейтін өлермен өрен аламан бәйгеге ат қосса, алдынан табылатын дарабоз да Қайрекең. Ет жүрегі елжіреп, елім деп еміренгенде сүйегіне сіңген батыр мінезбен кесек сөйлеп кесіп айтып, ел сөзін сөйлегенін барша жұрт біледі.
Сөз ұстаған адамның маңдайына жазылған бір міндеті жалпақ жұртты жақсы істерге ұйымдастыру, жақсылықтың шырағын жағу, жалқын сәулесін жалпақ жұртқа түсіру. Қос қақпаның арасынан жол таппай қысылған сәтте тыңнан жол салып, тығырықтан шығарар тұсты нұсқау. Осы газеттің екі тізгін, бір шылбырын қолында ұстап, сарабдал ойымен сабақталған салмақты сөзін елге арнап жүрген кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары жарық көрді. Елбасын толғандырған осы бір жайлар шындығында Қайыргелді ағаның да көкейінде жүрген көп ойдың, толғандырған түндердің, ойландырған сәттердің бірі еді. Іле көктен іздегені жерден табылғандай, Елбасының айтқан қадау-қадау пікірлерін ойлы оқырманның оңды талқысына салып, парасат биігінен талдап, зерек көңілдің таразысымен безбендеп, тәмам елге таратты. Көкшетау мен Қараөткелдің жалпақ даласын жайлаған жалпақ жұртқа мәңгілік ел болу жолындағы мәнді шаруаның не екендігін түсіндіруге тырысты.
Ұлттың ұлт болып ұйысуы ұлыларының ымырасынан, береке-бірлігінен және өткеннің өнегелі тарихынан. Ғұмыр бойы адал еңбегімен күн кешкен, арына қылаудай кір түсірмеген абзал әке Әлім Ахметжанұлының қазыналы көкірегінен перзентінің сүбесіне дарыған салмақты мұра да осы тәлімді тарихымен сабақтасып жатар еді. Алқалаған әлеумет Аманжол деп атап кеткен асқар таудай әке Бурабайдың бауырындағы Мәдениет ауылында күн кешкен. Ел басына күн туған шақта ел қорғаған жалаңтөс жауынгер Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған соң Кеңащы ауылына қоныс аударып, ауыл шаруашылығын көркейтуге көп үлес қосқан еңбекқор адам бауырынан тараған перзенттеріне де мынау жарық дүниедегі жақсылықтың бәрі адалдық деп ұқтырған. Анасы Жәміш те пенденің пешенесіне жазылған ең басты байлық – жан дүниесіндегі сүттей ақ, судай таза періште пейілдің сыбағасы деп ұқтырған. Өмір өткелектерінде тақтай түзу жол жоқ. Төрт аяғын тең басқан тұлпарлар да сүрініп жатады. Ал, тағылған айып айбана жала болса ше? Өзегіңді өртер еді, жігеріңді құм қылар еді. Жаситының анық, мұқалатының белгілі.
Жарық дүние есігін ашқалы, кәусар ауаны жұтып, бал татыған суын ішкелі тірі жанға титтей қиянат жасамағанымен, пенденің балағына тіршіліктің шаңы бәрібір жұғады екен. Жұққанда қандай. 589 күн азап арқалағаны бар. Ескі жараның орнын тырнап, қайра жаңғыртудың қисыны жоқ болса да, батыр тұлғалы бағлан ұлдың бағы таймағандығын, айрықша жаралған еңсенің түспегендігін, тағдырдың тауқыметі, жаудың жаласы жыға алмағандығын айта кету үшін ғана сынаптай толқыған мына заманның түйткілді тұсын сыналап қана келтіріп отырмыз.
Байқал Байәділов.

Ақтаңгер

Намыстың нарлар мінер қайығындай,
Кеткенсің көп жаманға қайырылмай.
Қасқайып қырда тұрсың, қайран ағам,
Көкшенің қарағай мен қайыңындай.

Сенің де бір шырқайтын айың келді,
Бақыттан баһадүрді айырма енді!
Көп еді ел айтатын аңыздарың,
Көкшенің көкжалындай Қайыргелді.

Ел барда қалмас ісің еңсерілмей,
Өрліктің өрен жүйрік өлшеміндей.
Перінің қыздарын да жалт қаратар,
Серінің сертке ұстаған семсеріндей.

Үстінен сексен көлдің аққан селі,
Жарасар азаматпен мақтанса елі.
Сәкендей сері ағамды сағынғанда,
Қайреке! Көкшетаудан тапқам сені.

Үкілеп аламанға ақ таңда елі,
Ор болып қалатұғын шапқан жері.
Татымас талай жаман тырнағына,
Атығай-Қарауылдың ақтаңгері.

Батырып мынау індет уайымға елді,
Тойыңды қайың көрді,
Айың көрді.
Жалынан бір сылайын тұлпарыңның,
Қайыспас қайран ағам, Қайыргелді!
Ғалым Жайлыбай.

Достықтың алтын қазығы

Ел ағасы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз «Бұқпа!» газетін бір биікке көтерген жан досым Қайыргелді Әкімбеков 70 жасқа толып отыр.

Ақ маңдайы жарқылдап,
Сұңқардай даусы саңқылдап.
Батырдай аңқау аңқылдап,
Ақындармен жарасқан.
Азаматпен дос болып.
Білімдімен қауышқан.
Білімсізбен алысқан.
Жүрегіне ұлтын сыйдырған,
Жігерсізді мысы ұрған.
Киінген сері сәнімен,
Досты сыйлап жан-тәнімен,
Оларды жиі іздейді,
Жамандықты тізбейді.
Немере, туыс, балаға,
Жаужүрек, тау тұлға.
Елжірейді жүрегі,
Мектепте жүріп ұнатқан,
Жүрекпен сүйіп жұбатқан.
Күмісжан жары тірегі.
Қосағыңмен қоса ағар,
Қасыңнан жар таймасын.
Ырыс-несібең ортаймай,
Ісіңді ұрпақ жалғасын.
Індет дендеп бара ма,
Ауыл жабық, қала да.
Сөз қалған екен данадан,
Аспаннан пәле жауса да,
Күдер үзбе бір Алладан.
Еңбек еттің, тер төгіп,
Жарқырайды жамалың.
Сабыр түбі сары алтын,
Сарғайған жетер мұратқа.
Зорлық пен бейнет көрсең де,
Сүрінбей өттің сынақтан.
Даналықтың жасы бұл,
Денсаулықты сақтай біл.
Сексенге жеткін, бүгілме!
Мұрат қажы Ыдырысұлы.

Өмір жолымдағы ұстазым

Өмір жолында әртүрлі адамдармен ұшырасып, қызметтес болуыңа тура келеді. Соның ішінде бәрі бірдей болмаса да, саған өзінің өмірлік тәжірибесімен, ақыл-кеңестерімен ерекше ықпал етіп, қызмет жолыңда өнеге көрсететін жандар болады. Мен үшін осындай өнеге көрсете білген, қызмет жолымдағы ұстазым, Көкше өңіріне танымал абыройлы ел ағасы – Қайыргелді Әлімұлы Әкімбеков.

Біз алғаш рет 1992 жылдың сәуір айында кездестік. Бұл елімізде демократиялық толқулар басталған, қоғам сәт сайын құбылып, халық жер-жерде митингілерге шығып, ереуілдеп жатқан уақыт еді. Әлі есімде, сол кезде Талшық елді мекенінде біраз жастар күтпеген жерден орталық алаңға ереуілдеп шығып, аудан басшылығына наразылықтарын білдіріп, олардың биліктен тез арада кетуін талап етті. Олардың ішінен батыл біреуі шығып, тіпті, аштық жариялады. Мұндай халықтың өткір талап қоюы, сол кезең үшін үлкен оқиға еді.
Облыс басшылығы жағдайды ушықтырып алмау мақсатымен аудан тұрғындарының пікірлерімен санаса келе, іскерлік тәжірибесі және халық арасындағы беделі зор Қ.Ә.Әкімбековті Көкшетау облысы, Ленин ауданының басшылық қызметіне тағайындады. Әрине, бұл ауданда 1987 жылдан істеп келе жатқан мен ол туралы сырттай естіп, біліп жүретінмін. Әсіресе, оның «Талшық» кеңшарының директоры болып істеп жүрген кездегі жұмысы туралы көп мақтау сөздер естуші едім. Өйткені, аудан орталығында орналасқан бұл шаруашылық сол кездерде аудан бойынша ең мүмкіндігі төмен, жерінің өңделу сапасы нашар, материалдық-техникалық қоры шектеулі болатын. Мұның өзі біраз қиыншылықтар тудыратын, кеңшардың жұмысшылары поселкеде тұратын, ал, мал фермалары Көкшетау-Омбы автожолының қиыр бағытында орналасқандықтан, жұмыстың қарқынды жүргізілуіне бөгет жасайтын.
Сол кезде Қайыргелді Әлімұлы өте қиын, бірақ, батыл шешім қабылдады, ол қолайлы жерден шаруашылық базалары мен жұмысшылар үшін үйлер салуды ұйғарды. Осылайша Талшык елді мекенінің маңы үлкен құрылыс алаңына айналды. Сонымен, аз уақыт ішінде 90-нан аса пәтер, орта мектеп, балалар бақшасы, монша, фельдшерлік-акушерлік пункт, асхана, екі дүкен, МТМ, жылы гаражды автопарк, орталық қырманымен 4 астық қамбасы, 5 мал қорасы, орталық жылу жүйесі тұрғызылып үлгерді. Бұрынғы клуб үйі толық күрделі жөндеуден өтті, үйлердің тең жартысынан астамы орталық жылу жүйесіне қосылды, негізгі көшелерге асфальт төселді. Мектеп алдында саябақ жасалды. Осылайша аз уақыт ішінде бос жатқан жерде сол заманның талабына сай жетілдірілген ауыл шаруашылығы мекемесі пайда болды. Айтар ауызға ғана жеңіл шығар, мұның бәрі Қ.Ә.Әкімбековтің дарындылық қабілетін, іскерлік қырларын кеңінен танытқан болатын.
Көп ұзамай ол сол кездегі алдыңғы қатардағы шаруашылық – «Горький» кеңшарының директоры болып ауыстырылды. Қ.Әкімбековтің тұсында бұл кеңшардың табыстары бұрынғыдан да арта түсті, мал шаруашылығы мен егіншілік саласынан ауданда алдыңғы орынға шықты және облыс бойынша ең үздік кеңшарлардың қатарына кірді. Бұған қоса, бір ерекше жайға тоқтала кетейін деп едім. Сол кезде «Горький» кеңшары Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып, өте пайдалы рапс өсімдігін өсіруді қолға алды. Қазіргі кезде еліміздің ауыл шаруашылығы мамандары майлы дақылдарды өсіруді жақсы меңгерген. Тіпті, зығыр егістігінің көлемі 1 миллион гектардан асып, осы көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орында тұрмыз. Ал сол кезде бұл өсімдіктердің технологиясын меңгергендер өте сирек болатын. «Горький» кеңшарының мамандары директорларының басшылығымен осы салада жоғары жетістіктерге жетті. Рапс өсіруді ынталандыру үшін Кеңес Одағы бойынша жарыс ұйымдастырылған еді. Сол жарысқа қатысқан бұл кеңшар 50 үздік шаруашылықтың қатарына еніп, жүлдеге 2 жеңіл автокөлік иеленді. Мен «Қазан» кеңшарының өкілі ретінде жарыстың қорытындысын шығарған кезде Москваға барып, осы оқиғаға куә болып едім.
Басшылыққа тағайындалған соң ол бұл ауданда бұрын қызмет атқарып, әр кеңшардың мүмкіндік деңгейін және шаруашылық жетекшілерінің шама-шарқын өте жақсы біле тұрса да, аудан аумағын мұқият аралап шығып, толық сүзбеден өткізді. Қайыргелді Әлімұлының қатаң талабына төзе алмаймыз-ау деген кейбір кеңшарлардың директорлары бірден жұмыстан босату жөнінде өтініштерін берді. Іске кіріскен бетте, алғашқы аптада ол біздің «Қазан» кеңшарына келді. Дәл сол кезде директорымыз Иван Зеноннович Курьята еңбек демалысында болғандықтан, бас инженер болып жүрген мен оның міндетін атқаратынмын. Осының алдында дәстүрлі бүкілодақтық сенбілік өткізілген болатын. Ол село аумағын айналып тексеріп шығып, сенбілік жұмыстары сапасының төмендігін айтып, мені қатты сынға алды.
Алайда, үш ай уақыт өткен соң, мені өзіне шақырып алып, құрметті еңбек демалысына шыққан Ғазиз Құсайынұлы Құсайыновтың орнына «Колос» кеңшарын басқаруды ұсынды. Бұл мен үшін мүлде күтпеген ұсыныс болды, өйткені, кеңестік дәуірде шаруашылық басшылығы қатаң талаптар бойынша таңдалып, сайланатын. Кеңшар директорлығына бекітілмес бұрын, ол орынға отыруға тиіс үміткер алты айлық дайындық курсынан өтіп, кадрлық резерв құрамында тұруы тиіс болатын. Ал мен болсам бұл директорлық курстан да өтпеген едім және кадрлық резерв құрамында да жоқ едім. Оның үстіне ол кезде небары 30 жастамын, барлық өзге үміткерлерден көп кіші едім. Осыған қарамастан, мен күтпеген жерден директор болып тағайындалдым.
Бүгінгі күндері арада қаншама жылдар өткен соң, мен Қ.Ә.Әкімбековтей батыл, шешімтал адам ғана осындай қадамға бара алады деп ойлаймын. Осылайша ол менің тікелей жетекші ұстазыма айналды. Әрине, өзіме осыншалық үлкен жауапкершілік жүктелгендіктен, мен бар күшімді, қажыр-қайратымды жұмсап, іске кірістім. Оның жетекші ретіндегі жұмыс жүргізу стилі бәрімізге ұнайтын. Әлдекімдер сияқты көп жиналыстар өткізбейтін, алдымызға өндірістік көрсеткіштерді жақсарту үшін тапсырмалар қоя отырып, негізінен, директорлардың өздеріне толық сенім білдіретін. Бізге үнемі «адамдарыңнан ештеңені аямаңдар, қолдарыңнан келгенше, әрқашан көмектесуге тырысыңдар» деп отыратын. Әлі есімде, 1993 жылы, бірнеше құрғақшылық жылдардан соң, «Колос» кеңшарында бұрын-соңды болмаған астық өндірілді. Барлық ауыл тұрғындары мұндай табысқа қатты қуанды. Сол кезде ол маған «әр отбасына 1 тоннадан таза бидай тарат. Осындай молшылық жылды естерінде сақтап жүрсін» деді. Әрине, мен оның айтқанын орындап, көлік ұйымдастырып, бидайды Омбы облысының диірмендерінде ұнға айналдырып, ауыл тұрғындарына таратылуына қол жеткіздім. Бұл оларға үлкен көмек болып, зор алғыстарын жаудырды. Экономикалық жағдайлардың күрделілігіне қарамастан, жалпы аудандағы жағдай жақсара бастады. Тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Сол кезде әр кеңшарда 20 тұрғын үй салуға міндеттелген болатын, бұл басшының қатаң бақылауында болып, жоспар орындалатын. Жол салу құрылысы да жақсарды. Қ.Ә.Әкімбековтің басшылық жасаған кезеңінде, аудан орталығының барлық көшелеріне асфальт төселді. Әсіресе, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Талшық поселкесінен Майский кеңшарына дейінгі 45 шақырымдық жолға асфальт төсегенін айрықша атап өтуге болар еді.
Қайыргелді Әлімұлы қазақ халқының даңқты перзенті, Ленин ауданының тумасы Смағұл Сәдуақасовтың аяулы есімінің халқымен қайта табысуына үлкен үлесін қосты. Оның ұйымдастыруымен 1993 жылы жаз айында аудан орталығында Алматыдан академик Р.Бердібаев бастаған делегация келіп, ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Осыған байланысты шаралар жоғары деңгейде жүргізіліп, демеушілердің қаржылай көмегі арқылы С.Сәдуақасовтың екі томдық шығармалар жинағы басылып шығарылды, Талшық поселкесінде ескерткіш орнатылуға шешім қабылданды. Қ.Әкімбеков ауданның экономикасын дамыту бағытында алдына үлкен жоспар қойған болатын. Оның қажыр-қайратының, ерік-жігерінің молдығын білетіндер бұл мақсаттың да жүзеге асатынына күмән келтірмеген еді. Өкінішке орай, ол әкімдік қызметін 1994 жылдың қаңтарына дейін атқарды, яғни, көзделген іске үлгермеді.
Бүгінгі күндері Қайыргелді Әлімұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында оған зор денсаулық, ұзақ та жарқын өмір тілеймін. Біз, шәкірттеріңіз сізден нәтижелі қызмет атқарудың қыр-сырын, қажет уағында мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктей білуді,тапсырылған істерді орындау үшін табандылық танытуды үйрендік. Сізден әділ болуды, адамдық қасиетті жоғары қоюды, өмірде ер азамат үшін ең қымбаты – ар-намыс екенін ұққан едік. Егер мен өмір жолымда азды-көпті жетістіктерге жеткен болсам, ол сіздің ақыл-кеңестеріңіздің арқасында деп сеніммен айта аламын. Сіздің өзіңізге, отбасыңызға амандық, саулық, ырыс-береке тілеймін. Күміс жеңгеймен ұзақ ғұмыр кешіп, немерелеріңіздің қызығын көріп, жасай беріңіз!
Нартай ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты.

Найзағай

Көкшенің көңілдегі көкжал ері,
Атадан асып туған ардагері.
Өрелі өмірдегі ағатайым,
Жетпісің бүгін саған: «Ар ма!» деді.

Жанық бір жақсылықты толғап еді,
Әуелден әділетті қорғап еді.
Өзіңдей ер жігіттер, өр жігіттер,
Мен деген арулардың арманы еді.

Тайсалмас қалың топтан жалғыз өзің,
Тартынбас ұлы дудан нар мінезің.
Серіге серік болар сендей серек,
Таптырмай бұл күндерде талды көзім.

Ту еткен болмысына сертін елдің,
Өзіңсің ізбасары Еркін ердің.
Семсердей қиып түсер сен болмасаң,
Қалайша серіппедей серпілермін?!

Ата жұрт, ата жолы, ордаң үшін,
Майданға түскен талай ар-намысың.
Қашаннан Қайыргелді ағатайым,
Халықтың хас батыры болғаны шын.

Намыс ол көк найзаның ұшы емес пе?
Найзағай құдіреттің күші емес пе?
Жарасып Сәкен сері ағаңызбен,
Жарқылдап жүрген шағың түседі еске.

Уа, неткен наркескендей өткір едің,
Ағаға Аллажарды көп тіледім.
Өзіңді аспан-көкті жарқыратқан,
Намыстың найзағайы деп білемін.

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар