Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Адамды жазықты етіп қаралау оңай, ақтап алу қиын - АРҚА АЖАРЫ

Адамды жазықты етіп қаралау оңай, ақтап алу қиын

«Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылданғанына биыл 27 жыл. Жазықсыз «халық жауы» деп атылған, айдалған жандар осы жылдар ішінде мүмкіндігінше ақталды. ХХ ғасырдың 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргін салдарынан Қазақстан аумағы үлкен лагерьге айналды. Көптеген өнеркәсіп орындары сотталғандардың еңбегі арқасында қамтамасыз етілді. Ақмола облысындағы лагерьлерден мыңдаған адамдар өтті. 1937 жылдың 30 маусымында шыққан Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) бұйрығына сәйкес әр облыс бойынша қуғын-сүргінге ұшырайтындардың саны мен контингенті белгіленіп отырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы Жарлығына сәйкес біздің елімізде 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Осы күні тоталитарлық жүйенің құрбандары болған отандастарымызды еске алып, бас иеміз. Деректерге сүйенсек, 1920-1950 жылдар аралығында КСРО-да 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 100 мыңнан астамы қазақстандықтар. Әдеттегідей, көбіне саяси террор құрбаны ұлт зиялылары болды. Осы жылдары ұлтымыздың көрнекті өкілдері Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, тағы басқаларының өмірлері үзілді. Қазақстан территория-
сына екі миллионға жуық адам жер аударылса, жергілікті халықтың көбі ашаршылықтан қырылып, бір миллионнан астам адам басқа елдерге көшуге мәжбүр болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жас мемлекеттің қабылдаған алғашқы заңдарының бірі 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Заң еді. Бұл құқықтық акт негізінде біздің мемлекетте отыз жылға жуық уақыт бойы жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды біртіндеп ақтау жұмысы іске асырылуда. Оларға моралдық және материалдық көмек көрсетіліп келеді. Заңға сәйкес 20-шы жылдары арнайы қоныста болған, еңбек әскерінде күштеп еңбекке тартылған, НКВД колонияларында болған, жер аударылған, ұлттық белгілері бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың бәрі ақталуы тиіс.
Ақмола облысының мемлекеттік архив қорларындағы құжаттар аймақтағы жағдайды зерттеуге толық мүмкіндік береді. Сол жылдардағы құжаттардың барлығында тарих қойнауындағы сұмдық жылдар туралы дәлелдер жеткілікті.
Ақмола облысы ГУЛАГ жүйесінің бір бөлігі болды. Облысымыздың аудандары және қалаларында еңбекпен түзеу жұмыстарының инспекциялары, әскери және өзге тұтқындарға арналған 467 лагерь комендатурасы орналасты, онда екінші дүниежүзілік соғыстың 5 мыңнан астам әскери тұтқындары, сот үкімі бойынша жазаларын өтеушілер және өлім жазасына кесілгендер ұсталды. Облыста қайғылы тарихы шартарапқа жайылған Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР) орналасты. АЛЖИР-де бүкіл постсоветтік кеңістікке белгілі әйелдер жазасын өтеген. Олар әнші Лидия Русланова, Булат Окуджаваның анасы, Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам апай. АЛЖИР-дің тағы бір тұтқыны болған ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты А.Зайцева босанғаннан кейін Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. Сол институтта неміс ұлтынан болғандықтан, ата-анасымен бірге жер аударылған Лениндік сыйлықтың иегері Э.Ф.Госсен жұмыс істеді. Ұлттық белгілері бойынша жер аударылғандар арасында Социалистік Еңбек Ері атанғандар да бар. Солардың бірі «18 лет Казахстана» колхозының төрағасы Кан Де Хан. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, тракторшы Наталья Геллерттің ата-анасы да осындай кепті киген. Осылайша Қазақстан олар үшін күштеп жер аудару мекені ғана емес, сонымен қатар, еңбекпен өз аты шыққан жаңа Отандарына айналды.
Сол жылдары тағдыр тауқыметімен қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ұлтының өкілдері де аз емес. Солардың бірі заңгер, Алаш Орда қозғалысының белді өкілі, біздің жерлесіміз Айдархан Тұрлыбайұлы Тұрлыбаев. Өмірін туған халқына қызмет етумен өткізген ол 1937 жылы 17 қарашада НКВД органдарымен  «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекет жасады» деген айыппен тұтқындалып, 23 қараша күні атылды. А.Тұрлыбаевтың қылмыстық ісі Омбы қаласы федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мұрағатында сақталған. Кейін 1957 жылы оның ісінде қылмыс әрекеті болмағандықтан ақталды.
Архивтер құжаттарды жай ғана сақтамайды, оларды ғылыми және тәжірибелік мақсаттарда қолданады. Ата-бабалары қандай қиыншылықтан өткенін білсін, ұмытпасын деген ниетпен жас ұрпаққа құжаттар жөнінде айту – біздің парызымыз. Бүгінгі таңда да архивтер өз тарапынан тарихи әділдікті қалпына келтіруге бар күшін салуда.
Гүлмира РАМАЗАНОВА,
Ақмола облыстық архивінің
археографы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар