Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Медиация – сот төрелігін жүргізудің өркениетті жолы - АРҚА АЖАРЫ

Медиация – сот төрелігін жүргізудің өркениетті жолы

Қазақстан Республикасындағы «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Осы Заңның бірінші тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмысты істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында медиацияны қолдану арқылы белгілі бір шешімге келуге болады.

Сот саласының қызметін дамытуға бағытталған «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасында негізі бағыттардың бірі ретінде «Сотсыз татуласу орталығын» жетілдіру жолдары көрсетілген. Бұл бағыттың негізгі мақсаты процеске қатысушылардың, тараптардың араларындағы дау-жанжалды оларды татуластыру арқылы шешу.
Қазіргі күні осы аталған жобаны жетілдіру мақсатында еліміздегі сот ғимараттарында арнайы татуласу орталықтары ашылуда. Онда азаматтарға медиаторлар, адвокаттар, нотариустар мен психологтар бірігіп көмек көрсетуде. Мұның барлығы ел азаматтарының игілігі үшін атқарылып жатқан шаралар.
Осы жұмыстарды сапалы және тиімді атқару мақсатында Бурабай аудандық сотында медиаторлардың жұмыс істеуі үшін арнайы қызмет бөлмелері қарастырылып, қылмыстық және азаматтық істерді медиация тәртібімен шешуге барлық мүмкіндіктер туғызылуда.
Медиация белгілі бір механизм емес, ол тек дауларды шешудің баламалы әрі ең қолайлы тәсілі болып табылады және оның бір ерекшелігі, еріктілік, рәсімнің құпиялылығы, қысқа мерзімде келісімге келу, келіссөздер жүргізу арқылы нақты бір ортақ шешімге тоқтау болып табылады.
Қылмыстық кодекстің 68-бабында қылмыс жасалған адам жәбірленушімен татуласса, соның ішінде медиация тәртібімен татуласса қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндіктері бекітілген. Осы баптың талаптарына сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуға жатады.
Осы аталған заңның талабына сәйкес, қылмыс жасаған адам жәбірленушімен өзара татуласуына және медиатордың көмегі арқылы татуласуына болады. Көбінесе сотқа келген екі тарап, яғни, жәбірленуші мен қылмыс жасаған адам сот үкіміне бірдей қанағаттанбай жатады. Бұл анық мәселе, себебі, жәбірленуші жақ кейде сотталғанға тағайындалған жазаның жұмсақтығына наразы болса, сотталған адам өзіне қатысты сот үкімінің қаталдығына наразы болып жатады. Бұл ретте айта кететін жағдай, қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен медиатордың көмегі арқылы татуласқаны дұрыс деген тұжырымға келуге болады.
Себебі, медиация процедурасын жүргізуші медиатор, ол дауға еш қатысы жоқ және қызығушылық танытпайтын дауды реттеуші, екі жақты татуластырушы тұлға. Оның басты мақсаты – тараптарды олардың құқықтарын шектемей, қандай да бір нақты ортақ шешімге келтіру және татуластыру.
Өйткені, сот қылмыстық істі қарау барысында процеске қатысушыларға тек заңмен бекітілген татуласу құқықтарын түсіндіреді және ешкімді де татуласуға мәжбүрлемейді. Бұл жерде тек медиатор сот төрелігін іске асырумен байланысты емес бейтарап тұлға ретінде заң шеңберінде тараптарды татуластыруға жағдай жасайды.
Ең басты нәтиже, талапкер мен жауапкер, яғни, дауласқан адамдар, жәбірленуші мен қылмыс жасаған адамдар бір-біріне өкпе-ренішсіз, татуласып, сотта дауға нүкте қойып, үйлеріне тарқасады.
Жалпы, медиацияның басты талабы қылмыстық істер бойынша жәбірленуші жақтың қылмыс жасаған адамға кешірім беруі, ал, азаматтық істер бойынша талапкер мен жауапкерді ортақ мәмілеге келтіру болып табылады. Қазақ халқы ежелден кешірімді халық екеніне еш шүбә жоқ. Оған «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген қағида дәлел бола алады.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Бурабай аудандық сотында 2019 жылдың 12 айында қаралған барлық істер бойынша 405 іс татуласу жолымен шешілген.
Қорыта келгенде, медиация бүгінгі күні әлемде жанжалдарды, дауларды шешудің мойындалған, заманның талабына сай сотта тараптарды татуластыру әдісі. Бұл саланы алдағы уақытта жетілдіру соттардың жүктемесін азайтып қана қоймай, сонымен бірге, татуласушы жақтардың мүдделеріне сай шешімге келулеріне ықпалын тигізеді.
Төлебек ЖҰМАҚАЕВ,
Бурабай аудандық сотының судьясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар