Басшының бойындағы 12 қасиеті
Әл-Фараби сан қырлы, өз заманындағы ғылымның барлық дерлік саласын зерттеген, соған қалам тартқан ғұлама. Оның «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты трактатында басшының қандай болуы қажеттігі жан-жақты айтылады. Ғұламаның бұл еңбегінің мәні қазір де жоғалған жоқ. Данышпан қайырымды қаланың бірінші басшысы – ол мемлекеттің, тіпті жер жүзін мекендейтін барша жұрттың басшысы да бола алатындығын айтады. Ол үшін бірінші басшыға тән он екі бірдей қасиет оның бойында жинақталған болуы тиіс.
Енді сол он екі қасиетке тоқтала кетейік. 1. Басшының он екі мүшесі бүтін, дені сау болуы керек; 2. Ақыл-есі бүтін, айтылған сөзді ұғатын болуы керек; 3. Есте сақтау қабілеті мықты, алғыр да аңғарымпаз болуы керек; 4. Сөзі өткір, тілге шешен болуы керек; 5. Өнер-білімге құштар, оқып үйренуден шаршамайтын, білімпаз болуы керек;
6. Тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ болуы керек; 7. Шыншыл болуы, маңына шыншыл адамдарды жиюы, өтірікшілерден аулақ болуы керек; 8. Рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын болуы керек; 9. Пасықтықтан аулақ, игі істерге ынтызар болуы керек; 10. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен аулақ болуы керек; 10. Әділетсүйгіш болуы, озбырлар мен әділетсіздерді жақтаудан аулақ, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді болуы керек;
11. Бір сөзді, бірақ қыңыр болмауы тиіс, жаман қылықтарға ымырасыз болуы керек; 12. Өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асыруда шешімшіл, қорқып жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің пікірінше «қайырымды қала» басшысы болу үшін жоғарыдағы қасиеттерге қоса, билеуші болуға деген бейімділік, дарын тіпті ұмтылыс болуы керек. «Қайырымды қаланы әрбір кез-келген адам билей бермекші емес, өйткені, ел билеу – екі бірдей нәрсеге байланысты: біріншіден, билемек адамның өз жаратылысында ел билеуге қаншалық әзір екеніне байланысты, екіншіден, билеуші адамның еріктен қуат алып отыратын жағдайы мен қабілетіне байланысты. Жаратылысында ел билеуге кім бейім болса, билік соның үлесіне тимек» – дейді ғұлама.
Әл-Фараби өз туындысында феномен басшының даналық, көрегендік қасиетін әрдайым жоғарыға қояды. Басшының қабілетсіздігінен, біліксіздігінен қаланың құрып кету мүмкіндігін жоққа шығармайды: «Егер әйтеуір бір кезде басшыларда даналық болмай қалса, онда бұлар басқа шарттардың бәріне сай келе тұрса да, қайырымды қала ағзамсыз қалмақ, сөйтіп қаланы билеуші басшы бұл ретте ағзам бола алмайды, ал қаланың өзі құрып кету қаупіне ұшырайды. Ал егер осы басшыға ақылшы етіп қоярлық бір дана табылмаса, қала біраз уақыттан кейін сөзсіз құритын болады» – дейді.
Әбу Насыр Әл-Фараби аталмыш трактатында қала басшысының дара билігімен қатар, топтық биліктің түрі салтанат құру мүмкіндігі барлығын да атап өтеді. Мұны біз парламенттік-президенттік басқару үлгісі деп ұқсақ болады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамның арасында жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады».