Карантин режимін бұзбаңыз! Ол өзіміз үшін керек!
Соңғы екі ай қазақ елі үшін сындарлы сәт болғаны жасырын емес. Әлемге қауіп төндірген коронавирус індеті бар адамзат атаулыны әбігерге түсіргені айқын. Індеттің ел арасында таралып кетпеуі үшін елімізде төтенше жағдай режимі жарияланып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес барша халық карантин режимін ұстанды. Осы бір дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында Қазақстанда өзге елдердегі сияқты (бір ғана Қытай елін айтсақ та жеткілікті) індеттің жаппай таралып кетпегендігін жақсылыққа балауымыз керек.
Кейбіріміз жұмыстан қол үзіп қалсақ та, мемлекет тарапынан қолдауды анық аңғардық. Жұмыссыз жандарға да әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан басқа, жүрегі жомарт жандар ел халқына қамқорлық танытып, барынша қаржылай қолдап жатыр. Мұның бәрін жіпке тізгендей бекер айтып отырған жоқпыз. Себебі, осы екі ай ішінде карантин өмірімізді түбегейлі өзгертпесе де, ой-санамызды өзгертуге өз ықпалын тигізгенін айтуымыз керек. Аз уақыт ішінде мына бір өлшеулі ғұмырдың өлшеусіз байлығы – денсаулық екендігін жіті ұғынғандаймыз.
Қаншама ақ халатты абзал жандар өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да халық денсаулығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Біз қалыпты өмір режиміне енгенімізбен, олар әлі де денсаулық күзетінде. Осы екі ай бойы үй-күйін көрмей, ауруханаларда қажыр-қайратын жұмсап, маңдай терін төгіп жүрген жандар қаншама…
Карантинде үйде отырған жандардың «даланың иісін сағындық», «ауылдағы апама барамын», «әже-ау, амансыз ба, жол ашылысымен, алдымен сізге құрақ ұшып жетемін», деген жазбаларын әлеуметтік желіден көптеп байқайтынбыз. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары біздің тоқмейілсіздік танытқанымыз соншалық, ештеңеге де көңіліміз толмайтын болған. Бәріне де селқос қарайтын болдық. Тіпті талай қатыгездіктер де ашық жарияланып жатса да селт етпейтін жанға айналып бара жатыр едік. Қоқыста жатқан сәбилер, Қарттар үйіне тоғытылған ата-ана, баланы қорлау, ананы қорлау, толған жауыздық, қатыгездік… Ең сұрапылы, бойымызда тек қана эгоистік сезім басым еді!..
Осы бір жайтқа дейін әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз болғаны, «біліксіз дәрігерлер» мен «білімсіз мұғалімдер» туралы сын-пікірлер қаптап тұратын. Ал, енді осы бір сын сағатта дәрігерлердің өз ісіне адал екендігін, олардың ажалға араша бола алатын қасиетін, мұғалімнің инемен құдық қазғандай жанкешті еңбегін бір сәт те болсын ұғынғандай болдық. Инс-таграмды ақтара отырып, белгілі тележүргізуші Гүлмира Дайрабаеваның мына бір жазбасы еріксіз ойға батырды. «Шетелде оқып жүріп, сахнадан қол үзіп қалдым-ау деген ой келетін. Ендігі арада далаға, таза ауаға бір шықсам ғой деп армандап отырмын…» дейді. Шындығында да, біз көбіне-көп өзіміз аңғара бермейтін дүниелердің өзі бақыт екен-ау!
Мінекей, таяуда Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес елімізде төтенше жағдай режимі аяқталды. Дегенмен, карантин мерзімі сақталуы керектігі барынша айтылып жатыр. Батыр Бауыржан Момышұлы бабамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі еріксіз ойға оралып отыр. Оған себеп, байқағанымыздай, қаладағы қоғамдық көліктерде карантин тәртібі онша-мұнша сақталмайды. Автобус-
та иін тірескен халықтың болмауы керек дегеніне қарамастан, бір-біріне мінгескен халықты көресіз. Ол аздай, көп адамдар қорғаныс бетпердесін төтенше жағдай режимі аяқталды деген сәттен-ақ шешіп тастаған.
Бұл аз десеңіз, кейбір адамдар халық арасында «бұл дерттің аса қауіпті емес екендігі» туралы да жалған ақпарат таратуда. Мұның барлығы өтірік болса, әлем халқы жар салар ма еді?
Біз көбіне-көп болсын деген адамның ақылына құлақ аспаймыз. Керісінше, күмән туғызатын көп әңгіменің жетегінде кетуге құлықтымыз.
Өмір өткінші екендігі анық. Ал, карантин сіздің ой-санаңызды өзгерте алды ма? Абзал ой санаға тұрақтамаса, жүректе күмән көп болады. Карантин режимін бұзбау ең алдымен өзіміз үшін маңызды. Біздегі оймақтай ой осыны меңзесе деп еді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.