Жанымызда жүрген жақсы аға
Үнемі ел қамы үшін тер төгіп келе жатқан ел ағасы – Еркін Дәуешұлын Ақмола облысы тұрғындарының дені, әсіресе, өзіміздің ағайындар баспасөз беттеріндегі ойлы мақалаларынан да жақсы біледі деген ойдамын. Қандай қызметте істесе де еңбегімен халықтың көңілінен шығып, ризашылығына бөленген жан. «Ақырын жүріп, анық бас» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қатты сөзі жоқ, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат дер едім.
Өмірлік серігі Қамила екеуі Алланың берген балаларын дүниеге әкеліп, оларды аяғынан тік тұрғызып, қызығын көріп отырған ата-ана. Немерелеріне сүйікті де тілеуқор ата-әже. Шынын айтқанда, ағайын-туыс, дос-жарандары сүйінетін отбасы. Амангелді ауылынан қарапайым отбасынан осындай азаматтың шығуы, өмірге беретінін беріп, өмірден алатынын алып, адал еңбегімен осынша құрметке бөленгені негізі, тегіне тартқандықтан шығар. Қалай десек те, Дәуеш атаның бойындағы адамгершілік қасиеті дарыған. Ол қасиетті әрі қарай дұрыс алып кетуі Еркіннің ерендігі. Осыншама сый-құрметке, атаққа, алған марапаттарына байсалдылықпен, байыппен қарауы адамгершілігінің мықтылығы деп білемін.
«Бұл өмірде адамға берілетін сыйдың үлкені қарапайымдылық, мейірімдік және артына қалдыратын жақсы аты» деген екен шығыстың ұлы ойшылы Сағди. Осы қасиеттің бәрі Еркін Дәуешұлының бойында бар.
Енді мен «Еркін Дәуешұлын қайдан білемін, ол маған кім болады?» деген сұраққа жауап берейін. Менің әкем Бәуке Құлмағамбетұлы 1938-1945 жылдар аралығында Ақкөл ауданының «Амангелді» колхозында басқарма болды. Өзі сауатсыз, кедейдің баласы. Сонда да ұйымдастыру қабілеті күшті, халықпен тіл табысып, жұмысы алға басып тұрды. Аудан, облыс, тіпті, Одаққа аты шығып, колхоздың атағы дүрілдеп тұрды десем артық емес. Айталық, сол тұста Одақта екінші орын алу үлкен жетістік емес пе? Әйтсе де, соғыстың аяқталар кезінде көре алмаған, дос болып жүріп, қастық қылған дұшпандар орға жықты. Ауылдың сауатсыз шалдарын қорқытып, әкеме қарсы куә ретінде пайдаланады. Соның ішінде Дәуеш ата да болады. Сол кезде ол кісі тракторист, әкем соғысқа жібермей, броньмен алып қалған екен. Куә болып барғанда Баукенің оған айтқаны:
Баласы Ошайбектің Дәуеш атың,
Жаралған Тінәліден арғы затың.
Шақырып военкомат келгенінде,
Қалдырған тракторист деп қайран басым.
Кейін Дәуеш те ауырып жатып, баласы Еркінге «Бәукеге жала жауып, қорыққанымнан куә болдым. О дүниеде «Алланың алдында не айтамын?» деп күйзеледі ғой. Еркін ер жетіп, азамат болып, елу жылдан кейін әкесінің айтқаны ойынан шықпай, әкем туралы халықтың пікірін сұрастыра бастайды. «Біреу мақтаса, кейбірі даттайды, тыңдап отырсам, көпшілігі мақтап, істеген жақсылықтарын айта бастайды» дейді кейін «Арқа ажары» газетінде шыққан «Жаланың құрбаны» деген көлемді мақаласында. Газет оқып отырсам, мақала көзіме оттай басылды. Сол сәтте қандай күйде болғанымды ауызбен айтып жеткізу қиын. Өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей, бұлт сейіліп, күннің көзі көрінгендей болды. Қуанғанымнан қолыма қалам алып, газет арқылы авторға алғыс айттым. Бұл – 1995 жылдың сәуір айы еді. Содан бері бұл кісімен ширек ғасыр апалы-інілі болып, бір туғандай жүріп жатқан жайымыз бар. Бұл оның адамгершілігі, әке аманатын орындағаны деп білемін. Ол жалғыз менің әкеме ғана істеген жақсылық емес. Бұған қоса, Қазақстанға белгілі жазушы Жайық Бектұров туралы көп ізденіп, тер төгіп, кітап жазды. Ол кісінің есімі ел есінде қалсын деп мектеп, көшеге атын беруге де сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов, қазақ әдебиетінің ірі өкілі, профессор Тұрсынбек Кәкішев туралы да мәселе көтеріп, ерліктері мен елдік істерін елге таныту жолында аянбай еңбек етуде. Қазіргі уақытта әркімнің өз өмірлері, ата-бабалары туралы кітап шығаруы дәстүрге айналып кетті ғой. Кейбіреулер сен сол кісі туралы жаз, жұрт қызығып оқиды деп, ат мінгізіп, қалың конверт беріп, шапан жауып жатады. Ол да дұрыс шығар, кейінгі ұрпақтары өз ата тегін білуі керек. Бірақ, сол шын ойы жазылса.
Мұсылман қауымының Алланың бар екеніне сенімі кәміл. Ендеше, о дүниеде қалай жауап береді, обал деген бар емес пе? Осы ретте, Мұқағали Мақатаевтың:
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегіспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді-біріміз,
Өшіктірмей, өкпелеспей, сен деспей,–дегені еске түседі.
Бұл өмірде екі нәрсені ұмыту керек екен. Біріншісі, саған қастық қылса ұмыт, кешірімді бол, екіншісі, біреуге істеген жақсылығыңның қайырымын күтпе. Иә, Еркін Дәуешұлына сондай қайырымы үшін ат мінгізіп, шапан жапқанды естіген жоқпын. Ол оны күтпейді де, себебі, мұндай оған жат. Тек бар жақсылығы Алладан қайтсын деймін. Сол ниеті үшін Алла беріп те отыр. Тек тіл-көзден аман болып, құдай қосқан қосағымен бірге қартайып, балаларының қызығын көре берсін.
Қапан БӘУКЕҚЫЗЫ.
Бозайғыр ауылы,
Шортанды ауданы.