Демалыста дем алмайтын балалар

– Балам туған күніме қолсөмке сатып әперді. Өзі жаздыгүні жұмыс істеп, тапқан жалақысына маған сыйлық жасады!
– Неткен ақылды балақай! Жасы нешеде?
– Он жаста, сіздің балаңыз қазір қайда?
– Балалар лагерінде!
(Қос құрбының әңгімесінен).

Қос құрбының осындай әңгімесіне кездейсоқ куә болғанымыз бар. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қамшының сабындай қысқа ғұмырда жалт еткен сәттің де, қанаты көз ілестірмес уақыт жүйріктің де адамға опа бермейтінін осындай мезеттерде анық аңғарғандай боласың. Сол жерде қос құрбы бір-бірін көріп, қуанысып, қауқылдасып біраз әңгіме шерткен де болар. Бірақ, бізге жоғарыда келтірген диалогтың өзі де біраз ой салғандай еді. Неге екені белгісіз, көпке дейін осы сөздер көкірекке орнап, көңілге кірбің болып ұялап қалғандай әсерге бөледі. Осындайда, біз соңғы кезде балалар жүрегіне көп салмақ артып қойған жоқпыз ба деген ой қылаң ете беретіні бар.

«Кедейдің күні кіжінумен өтеді» дегенді бұрынғы аталарымыздан жиі еститінбіз. Бірақ, балалықпен сол сөздің астарына аса мән бермеген екенбіз. Ойлап отырсақ, мән бермегенімізге қарағанда, шын мұқтаждық болмаған сыңайлы. Қанағат, шүкір деген сөздер де жүрекке сол бала кезден жатталып қалғандай. Тереңірек зерделейтін болсақ, анамыздың «көйлек кимедім, сайран құрмадым, нанға ақшам жоқ» дегенін естімеген екенбіз. Сөйтсек, сол нәрселер сол кезде бұдан да қат болған екен-ау. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында дүкен сөрелерінде ақшаңыз болса да тауар тапшы болған, нанды кебектен илеп, бидай қуырған күндер есіңізде ме? Бүгінгі балаға мұның барлығы ертегі болып естілуі де мүмкін.
Сондай қиын-қыстау кезеңде де ата-анамыз бізді базарға жіберіп, саудаға араластырған жоқ-ау! «Бүгінгінің баласы сұм, қатыгез, жылпос болып кетті» деген сөз жиі айтылады, бұл күнде. Ал, бұған кім кінәлі?
Жасырары жоқ, көбіміздің қолымыз қысқа, қаражатымыз да тапшы. Бүгінде қаладағы көп қазақ несиеге көміліп, қарыздан басын ала алмай жүр. Содан болар, қарапайым отбасындағы балалардың басым көпшілігі ауылдағы ата-әжесіне барғаннан гөрі азын-аулақ тиын-тебен, қаражат тауып, өзіне қажетті заттарды сатып алуды жөн санайды. Жасырары жоқ, күндік қара наны мен тамағын әзер тауып, күнелтіп отырған қара халықтың баласы тауға барып дем алып, сайран сала алмасы анық. Рас, кейбір көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Бірақ, тоғыз ай бойы мектеп табалдырығын тоздырған бүлдіршін жазғы демалысын тағы да сол аулада өткізгісі келмейтіні шындық.
Бұдан соң, амал жоқ, одан да еңбек етіп, нәпақасын тауып, күнелткенді артық санайды. Бір өкініштісі – балаларды өмір ерте есейтіп жіберетін тәрізді. Баланың балдәурен күндеріне қол сұғу қылмыс. Өздеріңіз де байқаған шығарсыз, қала көшесінде көлік жуып, базарларда сауда жасап, қоғамдық көлікте жұмыс істеп жүрген қай баламен тілдесе қалсаң да, ересек адамдай сөз саптайды. «Әр нәрсе өз дәмімен болған жақсы» демекші, адамға берілетін әр сәт, әр уақыт, әр кезең өз уақытымен өрбігені абзал емес пе? Сізге өтірік болуы да мүмкін, бірақ сөзіміз дәйексіз болмасын, біз базарда сауда жасап тұрған бір-екі баланы сөзге тартып көрдік.
–Мен үшін демалыс – ақша тауып, отбасына жәрдемдесу болып табылады. Жасыратыны жоқ, жазғы демалысты сол үшін ғана сағына күтемін. Былайғы күндері ата-анамнан ақша сұрауға бата алмаймын. Бір жағынан өзімде ақша болады, екіншіден ата-анама да жәрдемдеу мүмкіндігі туады, – дейді он екі жасар Жандос (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынған).
Расында да, қазір қарақұрым халықтың басты сауда ошағы саналатын қара базарға бара қалсаңыз, тамақ, сусын, жеміс-жидек сатып, қала берді, арба сүйреп жүрген жеткіншектерді көресіз. Тіпті біреулері өздерінен бірнеше есе салмағы да, көлемі де үлкен жүкті де түсіріп жатыр. Бұл үшін олар болар-болмас қана қаражат алатыны да жасырын емес. Еңбек кодексіне зер салатын болсақ, 14-16 жастағы балалар аптасына – 24, ал 16-18 жастағы жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бірақ, базардағы бүлдіршіндерге бұл талаптың еш қатысы да жоқ сияқты. «Ақшасы аз» деп аранын ашпайтын әрі әр іске құлшына кірісетін бала еңбегін пайдалану кәсіпкерлерге де тиімді сияқты.
Иә, байыған базарда отырмайтыны анық. Үлкен адамның өзі әрең шыдайтын сауданың ауыр азабы бала жүрегіне салмақ салмаса екен. Себебі, базарда жүрген баланың денсаулығы да, психологиясының да өзгеріске ұшырары хақ. Оны мамандар да жоққа шығармайды. 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларация-
сы, түрлі ұйымдар бар, тіпті 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция да заңдастырылды. Ал, бірақ, таңнан кешке дейін күнге қақталып бірі қарбыз сатқан, бірі қап арқалап, арба сүйреген қара баланың қарасы аз­аяр емес. Олардың да бай баласындай балалығын ойын-күлкімен өткізуге құқы бар. Әй, қайдам!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар