Соңғы жылдары облыстың су айдындарында бірнеше қоғамдық құтқару бекеттері ашылып, суға кеткен адамдардың саны азайды.
Бекеттерде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанындағы жедел-құтқару жасағы қайғылы жағдайлардың алдын алу шараларын жиі өткізеді. Осының арқасында адамдардың судағы қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, облыстың өзен-көлдерінде суға кеткендердің санын азайтуға қол жеткізілді. 2019 жылы 221 құтқарушысы бар 59 құтқару бекеті құрылып, құтқарушылар 27 адамды өлім аузынан аман алып қалды. Мұндай бекеттері бар су айдындарында адамдардың суға кетуі тіркелмеген. Қазір қоғамдық құтқару бекеттерінің жұмысы мен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері жиі насихатталатын болды. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен екі брифинг өткізілді. Сондай-ақ, жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қоғамдық құтқарушылармен, «Жас құтқарушы» клубының оқушыларымен және «ЛИС» қоғамдық қозғалысының волонтерлерімен бірлесіп адамдардың жаппай шомылу орындарында (Нұра, Сарқырама, Есіл, Мұқыр, Шалқар өзендерінде; Жалаңаш, Қосқопа, Щучье, Бурабай, Қопа және Зеренді көлдерінде) 578 рейд, 4444 алдын алу шараларын жүргізді. Дем алушыларға 5476 жадынамалар мен буклеттер таратылды.
Ақмола облыстық білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесіп балаларды суда жүзуге үйреттік. Мәселен, бұл бағытта 2018 жылы 390 жасөспірім, 2019 жылы 666 бала оқытылды. Жасақ дәрігерлері 84 адамға медициналық көмек көрсетті. Құтқарушылар 98 адамды, оның ішінде 22 баланы құтқарды. «Аляска», «Слобода», «Аңшы», «Грин парк», «Пикник», «Бөшке» және «Чистые пруды» демалыс орындарына «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында ақпараттық-анықтамалық және көрнекі стендтер орнату бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Облыстың барлық аудандарында судағы қауіпсіздік жөнінде баннерлер орналастырылған. Облыстың негізгі су айдындарында (Қопа, Бурабай, Щучье және Зеренді көлдері) 61 кәсіби құтқарушы күшейтілген тәртіпте кезекшілік етеді. Облыстың ірі су айдындарында қосымша 4 жылжымалы құтқару бекеті ашылды.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағында орналасқан Кіші Шабақты көлінің жағасында жедел құтқару бекеті ашылды. Құтқарушылардың жедел топтары тәулік бойы кезекшілікте болады. Оларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Облыстық бюджет қаржысы есебінен құтқару жабдықтары, автономды электр және жылу генераторларымен жабдықталған екі жылжымалы үй сатып алынған. Бұл құтқарушылардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын қамтамасыз етеді. Құтқарушылардың зардап шегушілерге уақытылы көмек көрсетуіне және оқиға орнына жедел шығуына мүмкіндік береді.
Кезекшілік кезінде жедел топтардың құтқарушылары адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, демалушылар арасында су айдынындағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жылжымалы жедел құтқару бекеттері жазғы маусымда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Облыстың өзен-көлдеріндегі адамдардың қауіпсіздік мәселесі әлі де өткір тұр. Адамдардың суға кетуіне жол бермеу үшін қоғамдық құтқару бекеттерін құру қажет. Қоғамдық құтқарушылармен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізу керек. Осының бәрі өткір мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Жыл өткен сайын жедел-құтқару жасағының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Үстіміздегі жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен «УАЗ» маркалы екі автокөлік, «Новая Ладога-М» маркалы бір катер сатып алынды.
Дәулет ШАМИҒАНОВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының басшысы.