Індетке шалдығу көбейгеніне де қарамастан, той жасау тыйылмай тұр

Той жасауға келгенде алдына жан салмайтын халықтың бірі қазақ шығар. Бұрынғы замандары тойды дәулеті асқан бақуатты адамдар ғана жасаған. Қазір аста-төк дастархан жайып, дәулетін паш етуге құмар қазақ көп. Тіпті, пандемияның өзі тосқауыл бола алмай жатыр…

Жағдайы келмесе несие алып қарызға той жасайтын қазақтан басқа халық жоқ шығар әлемде. Оны айтасыз, «жұлдызға» құмармыз. Аспандағы жұлдызды қайдам, эстрада әлемінде өзіндік өнерімен елге танымал болған «жұлдыздарды» тойымызға қонақ ретінде шақыру үшін барымызды салуға даярмыз. Таудай торт пісіріп, мейрамхананың ішіне машинамен кіретіндер туралы сөз мүлдем бөлек…
Соңғы үш-төрт айда әлемді жаулаған індет той дәстүріне өзіндік өлшем енгізді. Олай деуімізге себеп, қазіргі таңда той өткізуге рұқсат жоқ. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, қатаң талаптарға қарамастан, жар салып той өткізуді қоймай келеміз. Дәрігер мамандар аурудың белең алғанын айтып дабыл қағуда. Тойға бармақ түгілі, ретсіз көшеде қыдырып жүрудің өзі қауіпті. Өзін ойламаған, өзгені ойлайды ма дерсіз мұндайда. Ал, бірақ, той өткізудің неше түрлі әдіс-тәсілдерін тауып, бірі ангарда, енді бірі құдалық деп көзді арбап, тойға жиналған адам санын жасырумен әлек. Кімді алдаймыз? Бір адамның қуанышына ортақтасамыз деп қаншама адамдар өмірден өтіп жатыр…
Соңғы мәліметтерге жүгінер болсақ, бір ғана облыс орталығы Көкшетаудың өзінде күн санап ауру белгілері бар адамдар саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл дерт еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қауіпті. Білдірмей ағзаңды меңдеп алатын вирустан әлем шошып отыр. Әлем дүрліккенде қазақ неге қамсыз? Сәуір айында аурудың алғашқы толқыны байқалғанда, көпшілік бұл індетті өтірік, ойдан құралған әңгімеге балап, «қәне, кімнің туған-туысы бар, ауырғандарды көрсетіңдерші» дегенді де айтып еді. Енді «туған туыс, ағайын, бауыр жекжат аман болсыншы» деп тілейтін болдық. Соған қарамастан, той тойлау әдетіміз қалар емес…
Киетін бетперденің өзін аурудан сақтану үшін емес, «автобусқа кіргізбейді, дүкен аралай алмаймыз» деген желеумен ғана тағамыз. Сауда орталықтарында бетперде кимей сәби көтеріп қамсыз жүрген аналар көп. Ойлап отырсақ, осы дақпырттыққа беріліп, дабыралау, ысырапшылдыққа бой алдырып, мақтану кім-кімге болмасын абырой әпермейді. Естуімізше, оңай ақшаға құнығып, той өткізуді негізгі кәсіп көзі санайтын асабалар да «тұрақты» жұмыс іздеп жүр…
Әрине, әркімнің жағдайы әртүрлі. Біреулер жалғызының қызығын қызықтағысы келеді, біреулер талай жылдар балаға зар болып, сәби сүйіп қуанышқа бөленуде, біреулер анасының туған күнін тойламақшы. Дұрыс-ақ, бірақ елді, оны айтасыз, әлемді дүрліктірген ауру ушығып тұрғанда, той тойлаудың өзі ретсіз емес пе? Өмір таразысында адам ғұмыры тұрғанда басқа құндылық туралы айтудың өзі артық.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

#Жақыныңа жанашыр бол

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар