Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтығымызды қалай сақтаймыз?! - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтығымызды қалай сақтаймыз?!

«…Табиғатпен етене өмiр сүрген, қарапайым тамақ iшiп, жайбарақаттықта, таза ауамен тыныстаған қазақтардың денсаулығы мықты, көп жасайтын, күштi де қуатты, аштыққа, ыстық-суыққа шыдамды келедi. Күннiң ыстығы қаперлерiне де кiрмейдi. Айналасын көргiштiгi таңдануға тұрарлық. Тегiс жерде тұрып кiшкентай заттарды он не одан да көп шақырымнан көре бiледi. Көздерi аса өткiр келедi. Еуропалықтар заттарды бұлдыр көрiп әзер байқайтын жерден, олар заттың сұлбасы мен түсiн (әсiресе, малдың түсiн) жақсы ажырата бiледi. Бала күнiнен ат құлағында ойнау қазақтың тұңғыш гимнастикалық жаттығуындай, былайша айтқанда, олар ат үстiне туып, ең асау аттың өзiн батыл да шебер ауыздықтайды. Әйелдерi бұл жағынан еркектерден кейде асып та кетедi, …ауылға сырттан қонақ келсе, бәрi жиналып соны тыңдайды, берген тамағына ешкiм әңгiмеден басқа ақы сұрамайды».
Алексей Левшин.

Биыл облыстық «Арқа ажары» газетінде «Рухани жаңғыру» айдарымен жарияланған Қасым Тәукеновтің «Қазақ несімен қазақ?!.» атты мақаласын оқи отырып, өзім қалам тартып жүрген тақырып болғаннан кейін «айтылмаса сөздің атасы өледі» деп қолыма қалам алдым. Шынында да, қазақ несімен қазақ? Бұл сұраққа бір сөзбен жауапты ешкім бере алмас. Осыдан алты жыл бұрын Көкшетауда шығып тұратын «Курс» газетіне «Покланись тюркам, или как мы далеко ушли от наших предков…» деген мақалам шыққан болатын. Онда осы Қасым ағайдың «Поклонись тюркам» атты кітабын оқи отырып туындаған ойларымды ортаға салғам.

Ол мақала былай басталып еді: «Я назвал свою статью по одноименной книге бывшего первого секретаря Кокшетауского обкома партии, писателя КасымаТаукенова (…Поклонись тюркам. Астана – 2011), автора нескольких популярных книг. Здесь уместно напомнить читателям, что до приезда К.Таукенова в Кокчетав «никто не знал», что в русском алфавите есть буква «у». Благодаря ему «Кокчетав» стал именоваться «Кокшетау». То, о чём я хотел написать, исходя из сегодняшней обстановки в стране, будет переплетаться с размышлениями и выводами автора книги. Поэтому так и назвал».
Мені негізінен толғандыратыны біздің қазақтығымыздан жыл өткен сайын алыстап бара жатқандығымызда. Мұнда алдымен алға тартар мәселе – тілдің жайы. «Құлан қағынан жерімес» деген қағида болғанымен, өзге тілде сайрайтын қандас бозөкпелердің кесірінен, шовинистерді басындырып, дүние жүзінің халықтарының тілдерінде кездеспейтін, тәңірімнің берген аглюнативтік (бұл жерде өзіндік ерекшелігі бар деген сөз С.Х.) қасиеті бар ана тілімізді аяқ асты қор қылып жүрміз. Бұдан артық трагедия бар ма?»,– дейді Қасым ағамыз. Өйткені «Оян, «орыстілді» қазақ!», «Орыс та, қазақ та емес бір ұлт пайда болды», «Үштілділік ауадай қажет пе?», тағы да басқа тіл төңірегінде мәселе көтерген мақалаларым жарық көрген болатын. Бұл жазғандарым «ит үреді, керуен көшедінің» кебін киген. Ал, елге белгілі де, беделді ағамыздың айтқандарына жоғарыдағы шенеуніктер не дер екен? «Ел тұтқасын ұстап жүргендер, тегін, тілін, ділін, дінін терең білмей, Оксфорд, Кембридж сияқты жоғары оқу орындарын тәмамдағандарымен, әрі шетінен ғылыми атақтарға ие болғандарымен, елімізге, халқымызға зияннан басқа не әкелуде?..
1897 жылғы Ресей империясының алғашқы халық санағында азаматтардан ұлтын сұрамаған. Қай тілде сөйлесе, сол ұлт өкілі деп жазған. Сонда бұл күнде, тек паспортында ғана «қазақ» деген жазуы бар намыссыздарды «орыс» демегенде кім дейміз? Қағынан жеріді деген осы болар» дейді Қасым Тәукенов. Осы жерде айтайын дегенім, қазіргі мемлекеттік мекемелерде, басқармаларда 40-50 қызметкер істейтін болса, соның ішінен қазақ тілінде таза сөйлеп, жазатын 4-5 маманды кездестірсеңіз «айым оңынан туып келе жатыр екен» деуіңізге болады. Қазір жұмыс іздеп жүрген жастар жеткілікті. Соларды қызметке аларда мемлекеттік тілді (30 жылдан аса қазақ тілі – мемлекеттік тіл) меңгергені неге есепке алынбайды. Олай болмай іс алға баспайды. Қазір әр мекемеде бір аудармашы бар, сонымен қазақ тілі мәселесін шешкен болып жүріп жатырмыз. Бәрі тамаша, бәрі жақсы. «Ауруын жасырған адам өледі» деген ащы да болса шындықты айтқан бір мақал бар. Бұл мақал тек тілге ғана қатысты емес, алдымен «бәрі тамаша» деп, болмашы жетістіктерді «масаны пілдей» көрсетіп, кеудесіне нан пісіріп, жағымпаздықпен шенеуніктерді мақтап жүргендерге қатысы бар. Бізде бір істі аяғына жеткізіп тиянақтамай, екінші істі бастау әдетке айналған.
Баршамыз кириллицамен жазып үйренген қазақ тілін 30 жылдың ішінде мемлекттік тілге айналдыра алмай отырып, латын графикасына көшуді қолға алдық. Бұл жерде латын графикасына көшпеу керек дегенді айтып тұрғаным жоқ, бірақ әр нәрсе уақытымен тиянақты атқарылуы керек. Ол аз десеңіздер, екі тілді толық меңгеріп, үштілділікке көшпекшіміз. Әр адам жаратылысынан бір нәрсеге ерекше ден қояды. Біреу физикаға, біреу химияға, біреу әдебиетке, біреу шет тілдеріне бейім болады, сол ғылымды меңгеруге ұмтылады. Ал, бәрін бірдей бар ғылымды меңгеріңдер дегенді қайдан көрдіңіздер. Ми да асқазан сияқты, ауызға тыққылағанның бәрін қабылдай бермейді. Құшақ жетпейтінді құшақтау – тек жақсы басталған істі аяқсыз қалдырады.
«Қазақ несімен қазақ?» деген сауалға менің қосып айтарым: қазақ ауылмен қазақ. Ауыл – қазақтың кіндік қаны тамған, бауырында еңбектеп, қаз басқан, ер жетіп, ерлері ат жалын тартып мінген, отау тіккен қасиетті мекені. Ауыл мен қазақты бөле қарауға болмайды. Ауыл – ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың шыққан және сақталатын жері. Қазір «ауыл» дегенде кеудеңді бір қара мысық тырнап өткендей болады. Қазақстанда неше ауыл «картаға сыймай» зым-зия жоқ болды. Он-он бес шақты үйі бар, бүгін-ертең аты өшетін ауылдар қаншама?!Осы ауылдар жайлы да аз жазғаным жоқ. Неге мұндай күйге түскенін, бүгінгі күні не істеу керектігін талдап жазғанмын. Биліктегілер: «ауылдың жайын сен айтпай-ақ білеміз» дегендей, жаңа жобалар дайындалып жатқанын алға тартады. Қаншама қаржы бөлінген неше жоба шықпады, бірақ «баяғы жартас, бір жартас». Тәртіп жоқ, сыбайлас жемқорлық жайлаған елде ол қаржылар құмға сіңген сумен бірдей.
«Қанына тартпағанның қары сынсын» деп, елді тек өзінің, ағайын-туыстарының, руының емес, халықтың қамын ойлайтындар басқарып, жердің асты-үсті байлығын халық игілігіне, елдің экономикасын нығайтуға бағыттаса, қазақ қазақ болып қалар еді, салт-дәстүрі сақталар еді. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, ауылдағылар байлықтың буымен қалаға көшіп жатқан жоқ қой. Әсіресе, шалғай ауылдарда күнкөріс қиын. «Қазақты құртам десең малын ал, ауылды құртам десең мектепті жап» деген шындықты шырылдатып айтқан қағида бар. Көптеген ауылдарда мал жаятын жер жоқ дегенге нанасыз ба? Нансаңыз да, нанбасаңыз да солай. Ол туралы да кезінде қазіргі Бурабай ауданындағы Шиелі ауылына барған сапарымда жазған болатынмын. Қазақстанда Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар десек те, жер астының байлығы қарапайым халыққа бұйырмай отыр.
Жоғарыда отырып өзін-өзі ақтайтындар: «Тәуелсіздік алғанда барлық байланыстар үзіліп, өзімізге-өзіміз қарап қалдық. Жекшелендіруден басқа амал қалмады» дейді. Айналайындар-ау, жерінің асты-үсті байлыққа толы мемлекет ешқашан экономикасы тұралап, ауыр жағдайда қалуы мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, Кеңестер кезінде біз тек шикізат өндіретін ел болдық. Мәскеудегілердің сөзі: «Сендер өнім өндіруді біліңдер, басқада жұмыстарың болмасын» дегенге саятын. Бізде алынған өнімді өңдеп, дайын тауар ретінде тұтынушыға ұсыну деген аз болды. Тәуелсіз ел болған 30 жыл ішінде де баяғыдай дайын өнімді Ресейден, басқа да шет елдерден тасымалдаудамыз. Қасым Тәукенов оқығаны да, тоқығаны да мол, өмірдің ащы-тұщысын көрген, тілге шешен, парасатты адам. Тарих тұңғиығына терең бойлап, ұлылар мен оқымысты ғалымдардың, ақын-жазушылардың айтқандарынан дәйек сөздер келтіріп, ұлтымыздың қазіргі хал-ахуалына тоқталады.
Сөз соңында абыз ақсақалымыз айтады: «86 жасқа келіп, миы шатысып, писсимизмге ұрынып кеткен екен деп ойламаңыздар. Келешектегі трагедиялардан, қойын-қонышын арамдық жасап, байлыққа толтырып алғандар, осындайда елімен, халқымен бірге болмаса, «тескентау» өтіп кетуге тырысса да, лағынеттен құтылып кете алмайтындықтарын, әрі билік басындағыдар да білсін дегенім ғой».
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегендей, сан ойланып, сан толғанып осы жазған, айтқандарымызды тыңдайтын құйма құлақ, халқын ойлайтын қолдарында билігі бар азаматтар көп болсын деп тілейміз.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері, экономист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар