Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атбасардың ұлтжанды ұланы - АРҚА АЖАРЫ

Атбасардың ұлтжанды ұланы

Биыл Атбасар қаласы өзінің 175 жылдығын атап өткелі отыр. Екі ғасырға жуық тарихы бар көне шаһардың шежіресіне назар салсақ, қаншама танымал ұлы тұлғалар мен ел-жұртқа еңбегі сіңген адамдар, ақын-жазушылар мен мәдениет, өнер қайраткерлері шыққанын бағамдауға болады. Ертеректе қазақтың біртуар ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың Атбасар уезіне аға сұлтан болып сайлауға түсуінің өзі неге тұрады. Қазақтың бес ғасырлық тарихын көркемсөзбен кестелеген біртуар ұлы талантты жазушы Ілияс Есенберлин мен қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан Сейітжан Омаров, Сеул олимпиадасының чемпионы ауыр атлетші Анатолий Храпатый сияқты атақты адамдар бұл өңірден аз шықпаған.

Иә, Атбасар шежірелі өңір. Осы ежелгі шахардың тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезінде сол тұста отбасы, ошақ қасына ысырылып қалған ана тіліміздің есіктегі басын төрге сүйреп, заң жүзінде алған мемлекеттік мәртебесіне лайықты биікке көтеру жолында көп тер төккен біраз ұлтжанды азаматтар болған еді. Көне шахардың екі ғасырлық тарихына олардың да қосқан қомақты үлестері бар екені анық. Мен тілге тиек еткелі отырған Бауыржан Айтбайұлы Ділдәбеков сол ұлтжанды азаматтардың басында тұрды.
Бауыржан Айтбайұлымен 1993 жылдың көктемінде Атбасарға жаңадан ашылған аудандық қазақ газетіне редактор болып келген кезде танысқан едім. Ол кезде теміржол тораптық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқаратын. Дәрігерлердің көбінің өз қызметінен басқаға көңіл аудармайтын, қоғамдық жұмыстарға, оның ішінде сол тұста қатты шетқақпай көрген қазақ тіліне жанашырлықпен қарайтын ұлтжандылықтан аулақтау болатынын көріп жүреміз. Бауыржан Айтбайұлының мінез-ұстанымы өз әріптестерінен өзгешелеу екен. Жасыратын не бар, солтүстік өңірдегі дәрігерлердің көбі орысша сөйлейтін, орысжанды болып кеткен адамдар ғой. Қазақша таза сөйлейтін, қазақы жандарды олардың арасында сирек кездестіресің. Ұлытаудың түлегі Бауыржан Айтбайұлы сондай ұлтжанды, қазақ тіліне, дәстүріне, әдебиеті мен өнеріне жақын және жанашыр көзқарастағы адам болып шықты. Ол сол тұста қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген аудандық «Тіл және мәдениет» қоғамына басшылық жасайды екен. Аудандық газеттің редакторы ретінде мені де ол кісі «Тіл және мәдениет» қоғамының басқарма мүшесі етіп сайлады. Содан қоғам жұмыстарына байланысты ара-тұра кездесіп, жақындау араласып жүрдік.
Осы арада мына жайды айтып кеткен артық болмас. Кезінде «тың қақпасы» атанған тоғыз жолдың торабында орналасқан Атбасар қаласының әбден орыстанып кеткені соншалық, 1990-шы жылдардың басында еліміз тәуелсіздігін алған тұста қалада бір де бір қазақ мектебі, не бала бақшасы болмаған екен. Сол тұста ауданда қазақ тіліндегі Қаражар орта мектебі мен Сәдібек сегізжылдық мектебі ғана болды. Қазақтар орыс тілінде шығатын «Простор» газетін оқитын. Осыған ашынған «Тіл және мәдениет» қоғамының белсенділері сол тұстағы аудан әкімі Анатолий Пашковқа кіріп, қазақша мектеп пен бала бақша және аудандық газет ашуын сұрайды. Дегенмен, аудан әкімі белсенділердің бұл ұсынысына құлақ аса қоймайды.
Осыдан кейін қоғам белсенділерінің бір тобы аудандық әкімдіктің алдына ұлт теңдігі, тәуелсіз мемлекеттің тірегі саналатын жергілікті ұлттың тілінің мәртебесін көтеруге байланысты сөздер жазылған плакаттар ұстап, пикет ұйымдастырады. Аудандағы басшылардың 90 пайыздан астамы орыс, жергілікті шаруашылықтардың басшыларының 95 пайызы орыс ұлтынан болған сол тұста Пашков қоғам белсенділерінің ұлттық мәселе көтерген пикетіне пысқырып та қарамайды. Осыған ызаланған белсенділер енді өз тілектерін айтып облысқа, одан әрі Президентке хат жазады. Көп ұзамай Президент әкімшілігінен келген пәрменге орай, облыс басшылығының қысымымен Пашков Атбасар қаласынан қазақ мектебі мен бала бақшасын ашады. Оған қоса, қазақ тілінде шығатын «Атбасар» газетін ашу туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, сірескен сең сетінеп, өз жерінде өгей баланың күнін кешкен қазақтардың маңдайын күн шалатын кез де жақындай түседі. Әрине, бұның бәрі өздігінен болмағаны, Бауыржан Ділдәбек басқаратын «Тіл және мәдениет» қоғамының ұйымдастыруымен болғаны даусыз еді.
1993 жылдың көктемінде Атбасар қаласында жұмыс істеп тұрған 40-50 ірілі-ұсақты кәсіпорынның үшеуінің ғана басшысы қазақ екен. Керамзит-бетон шығаратын зауыттың директоры Пішенов деген азамат қайтыс болғанда «айналдырған үш басшы қазақты көпсінгендей, біреуін алып кетті-ау сұм ажал» деген бір кісінің сөзі есімде қалды. Елді мекен, көше атаулары түгел орыстанған, алқалы жиындар жалғыз тілде – орыс тілінде өтеді. Осындай ортада ұлтжанды қазақ белсенділерінің қысымымен ашылған аудандық «Атбасар» газетінің жағдайы ауыр болғанын жасыра алмаймын. Баспахана директоры Анатолий Грибушенко «менің қазақ тілінде басатын линотописім жоқ, өзің тауып ал», – деді. Содан амал жоқ, бұрын қызмет істеген Қима ауданына барып, аудандық баспаханада әріп теруші болып жүрген Сағат Серікбаеваға қолқа салып, Атбасарға шақырдым. Бұл арада сол кездегі қала әкімі ұлтжанды азамат Жылқыбай Сабырлиновтың көп көмегі тигенін айтпай кету қиянат болар еді. Ол Сағат Серікбаеваға уәдесінде тұрып қаладан пәтер алып берді.
Қазақ газетінде қызмет ететін маман жоқ. Қимада бірге істеген Өмірсерік Шайхин де шақырғанымды бірден қабыл алып, Атбасарға келді. Оның зайыбы журналист Күлаш Шайхина да орыс тілінде жазса да, газетіміздің алғашқы кезде аяғынан тұруына көп көмек жасады. 1993 жылдың күзінде бұған дейін облыс орталығында басылып келген «Атбасар» газетінің жергілікті баспаханада басылған алғашқы нөмірі шықты. Бұл қала әкімі Жылқыбай Сабырлиновтың, аудан әкімінің орынбасары Алмас Жұмабековтың және «Тіл және мәдениет» қоғамы, оның төрағасы Бауыржан Ділдәбектің, басқа да бірқатар ұлтжанды азаматтардың қолдау-көмегінің арқасында жүзеге асқан жетістік еді.
Сол тұста газетімізде қызмет істеген Талғат Құрманұлы туралы айтпай кетсем қиянат болар еді. Журналистік қарым-қабілеті онша болмаса да, ол жарнама табу, газетті тарату жұмыстарына көп көмегін тигізді. Бірде мынадай қызық жағдай болды. Ол бір шаруашылықтың басшысымен 100 адамды газетке жаздыруға келіседі. Шаруашылық басшысы жазылу ақысын бидаймен береді. Аудандық байланыс торабының басшысы Комбаров «егер ұн етіп әкелсең аламын» депті. Содан Талғат әлгі бидайды диірменге апарып тартқызып, ұнға айналдырады. Дегенмен, Комбаров сөзінде тұрмай, тек ақша әкел дейді. Осыдан кейін Талғат машина толы ұнды ауыл аралап сатып, бір дорба ақша әкелді. Соны екеуміз Қазпоштаға апарып тапсырғанымыз бар. Мұндай оқиғалар ара-тұра болып тұратын. Осылайша арада бірер жыл өткенде «Атбасар» газетінің таралымын мыңнан асырдық. Бұл ол тұста үлкен жетістік еді.
Қоғам белсенділерінің қысымымен ашылған қазақ газеті осылайша уақыт өткен сайын аяғынан тұрып, нығая түссе, аудандағы қазақ мектептерінің жағдайы да біртіндеп жақсара бастады. 1993 жылдың күзінде Мариновка селосынан қазақ мектебі ашылды. Оның ашылуына қоғамның басқарма мүшелері ретінде мен және Бауыржан Айтбайұлы арнайы барып қайттық. Қазақ мектептерінің қарасының көбейе түскені үлкен қуаныш еді.
Ұмытпасам, 1994 жылдың күзі ғой деймін, жергілікті мәслихаттың сайлауы болды. Сайлау алдында Бауыржан Айтбайұлы қоғам белсенділері мен аудандағы ұлтжанды қазақ азаматтарын түгел шақырып, жиын өткізді. Онда келе жатқан сайлауға белсене қатысып, қазақ азаматтарының көбірек депутаттық орын алуы айтылды. Қоғам атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттардың арасына мені де кіргізіпті. Қалалық мәслихаттың депутаттығына менімен бір округте түскен қарсыласым басқа емес, мүйізі қарағайдай «Лад» қоғамының төрайымы Соколдың өзі болып шықты. Менің таныстарым мен қолдаушыларым үй-үйді жағалап біраз насихат жүргізді, десе де ұлттық сана үстем болып тұрған сол тұста менің басым дауысқа ие болуым тіпті де, мүмкін емес еді. Сокол 90 пайыз дауыс алды. Дегенмен, қоғам атынан түскен бірқатар үміткерлеріміз депутат болып, аз да болса ұлттық мәселені өкілетті органда көтеруге мүмкіндік алдық.
Ұлттық сана демекші, сол тұстағы өз елінде өгей баладай теперіш көрген қазақ ұлтының тілі мен дәстүрі, басқа да ұлттық мүдделері қатаң орталықтандырылған Президент билігінің арқасында ғана ақырындап шешіле бастағанын айта кетсем артық болмас. Ол кезде де барлық жергілікті билікті сайлап қою керек дейтіндер аз болмайтын. Ал сайлау жолымен шешілетін болса, онда жергілікті биліктің 90 пайызы орыс ұлты өкілдерінің қолында болатыны анық еді. Мынадай бір ғана мысал келтіре кетейін. 1995 жылдың көктемі болар, республика Жоғарғы кеңесіне депутат сайлауы болды. Аудан әкімдігі аудан әкімінің орынбасары Алмас Жұмабековты ұсынды. Сайлау округіне кіретін іргелес төрт ауданның ішіндегі ең үлкені –
Атбасар. Аудан әкімінен бастап, барлық басшылық түгел Алмас Ғазымұлын насихаттайды. Соған қарамастан, сайлауда ешкімге белгісіз ауыл мұғалімі болып жүрген Татьяна Силькина деген келіншек депутат болып кетті. Сөйтіп, орыс орысқа, қазақ қазаққа дауыс берді. Сол тұста қандай сайлау болса да нәтижесі дәл осындай болатыны даусыз еді.
Қазір көп адамдар «тәуелсіздік бізге не берді?» деген сауалға бас қатыра қоймайды. Шындығында, тәуелсіздіктің қазақ халқына әкелген ең үлкен игілігі – ұлттық кадр мәселесін шешіп, тіліміздің беделін біршама арттырды және көптеген елді мекендер мен көшелердің атауы қазақыланды, қазақ мектептері мен бала бақшалары көбейді. Осылай әлі де тәуелсіздігіміз әкелген игіліктерді біраз тізбелеуге болады. Ал, сонау 1990-шы жылдардың басында қазіргі өзгерістер туралы ойлаудың өзі мұң болғанына қазір көп адам сене қоймас.
«Тіл және мәдениет» қоғамының қызылкеңірдек болып айтысуы, көп күш салуымен қаладағы бірқатар көшелердің атауы өзгертіліп, елді мекендер аздап қазақылана бастады. Есімде қалған бір жай, сол тұстағы қазақтарға қырындау қарайтын аудан әкімінің орынбасары Людмила Боброва қала көшелерінің атауын қазақыландыруға қатысты өзінше қулық жасап, қоғам ұсынған атаулардан бас тартып, Бейбітшілік, Достық, Бостандық сияқты атауларды алып және оларды қосарлап: Бейбітшілік – Мир, Достық – Дружба деп атады. Осылайша көшелерді қазақыландыру шарасын көз алдау үшін жүргізген болды.
Әрине, мұның бәрі қоғам белсенділері тарапынан реніш туғызып, басшылыққа айтылды. Дегенмен, ұлы орыстық шовинизм деп аталатын кеңес заманында санаға сіңген дерт ақырындап кері шегініп, тәуелсіз елдің заң жүзінде мәртебе алған мемлекеттік тілі мен дәстүріне деген көзқарас түзеле түсті.
Қазір Атбасар қаласында қазақ мектептері, аралас мектептер баршылық. Көше атаулары да біршама қазақыланған. Атқарушы және өкілетті биліктегі адамдардың 90 пайызы жергілікті ұлт өкілдерінен. 1990-шы жылдардың басында қол жетпейтін арман болған жетістіктер еді бұның бәрі. Ең алдымен, бұл тәуелсіздігіміздің арқасында келгені белгілі, оған қоса «Тіл және мәдениет» қоғамы, оның төрағасы Бауыржан Ділдәбектің, сол тұстағы тілімізді дамытуға мол үлес қосқан Алмас Жұмабеков, Жылқыбай Сабырлинов, Сәулет Балазин, Серік Есполов, Кенжетай Көлбаева, тағы да басқа көп жандардың еңбегінің жемісі десек, артық айтқандық болмас.
Биыл Атбасар қаласының 175 жылдығы аталып өтпекші. Тарихты жасайтын адамдар десек, тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде бір кезде кеңестік өктем саясаттың салдарынан бұрмаланған жер-су, елді мекен атауларын қазақыландыруға, заңсыз жабылған қазақ мектептері мен бала бақшаларын ашуға, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге үлестерін қосқан жоғарыдағы аталған азаматтардың еңбектерін жас ұрпақтың есінде сақтау шарасы жасалса дұрыс болар еді. «Арқа ажары» газетінде Шымшықов деген ғалым ағамыз Жылқыбай Сабырлиновтың есімін бұрын ол тұрған үйіндегі көшеге берсе деген ұсыныс білдірді. Бұл өте дұрыс ұсыныс. Қаланың дамуына сүбелі үлесін қосқан, біраз жыл Атбасар қаласының әкімі болған Жылқыбай Сабырлиновке көше атауын беру лайықты құрмет екені анық. Сонымен бірге, биылғы Атбасардың 175 жылдығына орай, «Тіл және мәдениет» қоғамын біраз жыл басқарып, тілімізді дамытуға зор үлесін қосқан Бауыржан Ділдәбекке Атбасар ауданының құрметті азаматы атағын берсе, бұл да лайықты құрмет болатыны даусыз.
Атбасар ауданының қазіргі әкімі Аманбек Қалжанов орысша-қазақша жақсы сөйлетін, ұлтжанды азаматтардың бірі. Еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында ашылған қазақ тіліндегі аудандық «Атбасар» газетінің тәуелсіздігімізге отыз жылдай уақыт өткенде жабылып қалуы, естір құлаққа ерсі жай. Жеке қазақ газетін ұстауға ауданның шамасы жетпесе, онда орыс тіліндегі кеңес заманының елесі сияқты болып отырған «Простор» атауын алып тастап, орнына барша халыққа түсінікті, ұғынықты «Атбасар» атауын қоюға болмас па. Орыста «ломать не строит» деген сөз бар. Яғни, қай нәрсені де бүлдіріп, қиратып тастау оңай. Сонша қиындықпен, халықтың қалауымен, ұлтжанды азаматтардың қолдауымен ашылған «Атбасар» газетінің атауын жойып жіберу кімге қажет болды? Аудан әкімі бұл мәселені дұрыс шешер деген үміттеміз.
1995 жылы сол тұста Атбасарда қызмет етіп жүрген кезімде қала әкімі Жылқыбай Сабырлинов Атбасардың 150 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге ниеттенген еді. Дегенмен, оның бұл үміті ақталмады. Облыс басшыларына жақпай қалды ма, ол көп ұзамай қызметінен кетті де, орнын басқан басқа әкімдер қала мерейтойын қажетсінбеді. Қазіргі әлемді жайлаған жұқпа дерті, соған орай енгізілген карантин жағдайы қаланың мерейтойын салтанатпен атап өтуге мүмкіндік жасай қоймас. Десе де, ең бастысы той емес, қала тарихын жасаған тұлғаларды есте сақтау екені дау туғызбас шындық. Осыған орай, өңірден шыққан атақты адамдар жайында жинақ кітап, өңір тарихына арналған деректі фильм түсірсе, басқа да жас ұрпақ үшін тағылымды мәдени-көпшілік және қаланы дамытуға үлес қосқан тұлғалардың есімін ел есінде сақтау шараларын өткізсе, бұның бәрі жас ұрпақтың бойындағы туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін дамытуға игі ықпалын тигізер еді.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар