12 шілде – Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Бабын тапса балықтың да пайдасы мол

Еліміздегі балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келе жатса да, мемлекет тарапынан қолдауды қажетсінеді. Балық шаруашылығы және оның дамуы өңіріміз үшін маңызы жоғары. Біздегі балық еті елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, Қазақстандағы балық экспорттайтын шаруашылықтар бүгінгі күні 3 миллион гектар су айдынын пайдаланады екен. Сондай-ақ, балық еті – адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол.

Дүниежүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90 пайызы Қазақстандағы балық шаруашылығының үлесіне тиеді екен. Қазіргі кезде республикада экологияның нашарлауына байланыс-
ты су айдынын қорғау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерінде балық шаруашылығына қатысты сайыстар мен семинарлар, дәрістер ұйымдастырылады. Жас балықшылар мен тәжірибесі мол кәсіпшілер бір ортаға жиналып, тәжірибе алмасады. Тағы бір айтарымыз, жыл өткен сайын балық аулаудың – рухани және физикалық күштерді нығайтудың бірден-бір құралы екендігін мойындайтын қарапайым адамдардың сол салаға қарай бет бұруы жиі байқалады.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы орман және балық шаруашылығы саласындағы жүзеге асыру, бақылау және қадағалау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жануарлар дүниесін көбейту және пайдалану міндетін орындайтын құзырлы орган. Инспекция Ақмола облысының әкімшілік шекарасы шеңберінде Есіл бассейнінің су айдындарында бақылау, қадағалау және үйлестіру жұмысын жүргізеді. Бүгінгі күні облыстық балық шаруашылығы бөлімінде 3 адам, Көкшетау қалалық инспекция бөлімінде 12 адам, Нұр-Сұлтан қалалық инспекция бөлімінде 12 адам жұмыс істейді. Көкшетау қалалық инспекция бөлімі Көкшетау мен Степногорск қалаларын, Ақкөл, Атбасар, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жарқайың, Жақсы, Зеренді, Сандықтау аудандарын, Нұр-Сұлтан қалалық инспекция бөлімі Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Ерейментау, Қорғалжын, Целиноград және Шортанды аудандарын бақылайды.
Ақмола облысы аумағында 524 су айдыны бар. 271 жануарлар дүниесін пайдаланушыға 348 су айдыны мен учаскелер (көл, өзен, тоған, су бөгеті) бекітіліп берілген. Өзге 176 су айдыны резервтік қорға енгізілген. Облыстағы 271 пайдаланушының құрамына акционерлік қоғамдар, қоғамдық бірлестіктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке меншік шаруа қожалықтары кіреді. Олардың 44-і көлдегі тауарлық балық шаруашылығымен, бесеуі спорттық балық шаруашылығымен, өзге 222 пайдаланушы өндірістік балық шаруашылығымен айналысады. Жануарлар дүниесін пайдаланушылармен балық шаруашылығын жүргізуге, сондай-ақ, балық аулауға келісім-шарт жасалады. Келісім-шарттың міндетті жағдайы «Жан-уарлар дүниесін қорғау, көбейту және пайдалану жөніндегі» Қазақстан Республикасы заңнамасы талабын сақтау. Су жан-уарлары өмір сүретін ортаны нашарлатуға жол берілмейді. Балық шаруашылығының орналасуына сәйкес, жануарлар дүниесі нысандарын көбейту шаралары жүргізілуде.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бойынша Целиноград пен Қорғалжын аудандарында «форел» және серке тұқымдас балықтарды өсіріп, өңдейтін үш балық фермасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Жобаның құны 5 миллиард 267 миллион теңгені құрайды. Өткен жылы облыстық бюджеттен 35 миллион 713 мың теңге бөлініп, Қопа көліне «Ақ амур» және «Дөңмаңдай» тұқымдас 16 мың 546 балық жіберілді. Биылғы жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аймағында орналасқан Зеренді көліне Петропавловск балық қорығынан сатып алынған 5 миллион дана «рипус» балығы жіберілді. Сондай-ақ, балық шаруашылығының су айдындарын паспорттауға облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы су айдындарын зерттеуге бағытталады.
2019 жылы Ақмола облысының табиғатты пайдаланушылары бекітіліп берілген су айдындарына 29 миллион 422 мың дана әртүрлі балық жіберді. Биылғы жылы табиғатты пайдаланатын жеке кәсіпкерлер Тәшенов пен Пак Солдаткөл, Бірқыз, Желтау көлдеріне Ресейден сатып алынған 2,5 миллион дана «рипус» балығын жіберді. Балық шаруашылығы су айдындарын заңсыз балық аулаушылардың ауларынан тазалау, жағалауын жинау мақсатында жыл сайын 1-31 мамыр аралығында Ақмола облысының су айдындары бойынша «Таза су айдыны» табиғатты қорғау акциясы өткізіледі. Оған жануарлар дүниесін пайдаланушылар, балықшылар, еріктілер қатысады.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен шілденің екінші жексенбісі «Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні» деп бекітілді. Осы орайда, бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, балық шаруашылығы қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын және еңбектерінің жемісін тілеймін.

Лашынтай ДҮЙСЕНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар