«Қарапайым заттар экономикасын» несиелеу тетiгi

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмiр сүру сапасын арттыру» атты Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мiндетiн қойды. Мемлекет жұмысының басым бағыты ретiндегі міндетке ҚР Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi» атты Жолдауында арнайы тоқталып, бұл бағытты жалғастыру тетіктерін атап көрсетті.

Шынтуайтына келгенде, экономика қарапайым заттардан құралады. Осыған байланысты мемлекет өндіріс тиімділігін арттыруды барынша қолдап отыр. Қазіргі күні, 2019 жылдан басталған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру айтарлықтай жетiлдiрiлдi. Мұны бағдарламаға мүдделі бизнес нысанының елеулі түрде өскенімен дәлелдеуге болады.
«Қарапайым заттар экономикасының» мақсаты ішкi нарықты халық тұтынатын әлеуметтiк маңызды отандық тауарлармен толықтыру болып табылады. Бұл үшін өңдеушi өнеркәсiп пен агроөнеркәсiптiк кешен импортты алмастыратын бәсекеге қабiлеттi жергiлiктi өндірістiң әлеуетін арттыруы керек.
Алға қойылған мiндеттердi шешу үшiн облыстың «қарапайым заттар экономикасы» қоржынында қайта өңдеу кәсіпорындарының, агроөнеркәсіп кешенінің және қызмет көрсету саласының 22,7 миллиард теңгелік 150 жобасы бар. Мұның ішінде 14,3 миллиард теңгені құрайтын 108 жоба толық мақұлданған (2020 жылдың басынан 6,5 миллиард теңгенің 66 жобасы іске асырылуда).
Қаржылай қолдау шараларына келсек, 72 жоба бойынша 9,5 миллиард теңгеге субсидиялау шартына қол қойылды. Ет және сүт бағытындағы ірі қара мал, жылқы, құс шаруашылығы және дәндi дақылдардың көлемін арттыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 1,9 миллиард теңгенің 34 жобасын қаржыландыруда. Ал, екінші деңгейлі банк-терде 2,8 миллиард теңгенің екі жобасы мақұлданса, 8,3 миллиард теңгелік 42 жоба үйлестіру кеңсесінің бақылауында тұр.
Бұл орайда, Бағдарлама шарттарына сәйкес, несие сомасының 50 пайызы кәсiпорындардың инвестициялық мақсаттарына бағытталуы тиiстігін, бұл айналым құралдарымен қамтамасыз етумен қатар бизнеске өндiрiстi жаңғыртуға немесе қолданыстағы қуатты арттыруға мүмкiндiк беретінін айтқымыз келеді. Осы ретте құрылыс материалдары мен жиһаздарды өндiру, тоқыма өнеркәсiбi, тамақ өнiмдерi мен сусындарын өндiру, сондай-ақ, химия және агрохимия сияқты өңдеу өнеркәсiбi салаларындағы жобалар бойынша айналым қаражатын 100 пайызға дейiн толықтыруға қаржыландыруға мүмкіндік туады.
Қазiргi уақытта бағдарлама бойынша жылдық 15 пайыздан аспайтын номиналды сыйақы ставкасы бар кредиттер бойынша субсидиялау жүзеге асырылуда. Жеке кәсіпкерлік нысандары мұның 6 пайызын ғана төлейдi, қалған айырмашылықты мемлекет субсидиялайды.
Жалпы, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына жеңiлдетiлген
несие беру механизмi мұқият енiп, қазiрдiң өзiнде сенiмдi бола бастағанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, субсидиялау мерзiмi 10 жылға дейiн өсiп отыр. Бұл дегенiмiз, отандық тауар өндiрушiлер ұлттық экономиканың негiздерiн нығайту үшiн аса маңызды мiндеттердi шеше отырып, «қарапайым заттар экономикасының» белсенді қатысушысына айналатынын білдіреді.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар