Өзен де өзен, өзен жыр…

Жерлесіміз, белгілі ақын Баянғали Әлімжановтың қазақтың өзен-суларына арналған бұл топтамасы оқырмандарымызға судың нарқын, судың қасиетін білгізе түсер кәделі дүние екеніне осы өлеңдерге ден қойған әркімнің де көзі анық жете түседі. Осы циклды жырлардың бір тармағы Жетісу өңіріндегі өзен-суларға арналып, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарық көрсе, бүгін өзіміздің теріскейдегі өзен-суларға да кезек беріліп отыр.

Жер-судың аты жадыңа,
Бабаның жазған хатындай.
Киелі сөздер қайда бар,
Айшықтап қойған атындай ?!

Аруақты жерді ардақтап,
Қоймаған қазақ жаман ат,
Байырғы атау – байлығың,
Атадан қалған аманат!

Өлкені кезген өзендер,
Өсірген елдің өркенін,
Атамыз атын дәл қойып,
Қалдырған сөздің көркемін.

Өлеңнің жайып қанатын,
Жер бетін шарлап кезейін
Өзіме қызық көрінген,
Өзенді жырлап берейін!

Ертіс пен Обь

 

 

 

 

 

Ертісім еркін, ер еді,
Екпіндей ағып келеді,
Бұралып шыққан алдынан,
Арудай айдын көреді.

Өрімдей ерке Обь еді,
Ебімен Ертіс өбеді,
Белінен орай құшақтап,
Бөгелмей алға жөнеді.

Қос ғашықтай табысты,
Қатарласып, жарысты,
Айналып ұлы айдынға,
Мұхитқа бірге барысты

Мұхитқа жеткен өр Ертіс,
Картада неге жоқ Ертіс?
Қос өзен бірге қосылған,
Аталу керек Обь – Ертіс!

Есіл

Кең даланың
Төсінде еркін көсілген,
Ерке самал
Ескен сайын Есілден,
Елестейді
Есіл ерлер ежелгі,
Дес бермеген,
Ессіздерге есірген.

Есіл Есіл,
Еселейді, еседі,
Ағады жайлап,
Арнаны жалғап кешегі,
Есілген сайын
Еңсеңді тіктеп, ой кешіп,
Көкжиек кеңіп,
Көркейіп көңіл өседі.

Сілеті
Қайдан пайда болды екен,
Сиқырлы атау Сілеті,
Қойды ма екен бір бейбақ,
Шілдеде қатқан сілесі?

Сілекейі шұбырып,
Сусыны сонда қанды ма?
Сілеусін дұшпан кезігіп,
Семсерін сілтеп қалды ма?

Суында сілті бар ма екен,
Аяғы сорға айналған.
Сілтідей тынбас бұл аймақ,
Сілеті суға байланған.

Балалық кезден білетін,
Көңілден кетпес суреті,
Асықпай кезіп даланы,
Аға бер мәңгі Сілеті!

Қылшақты
Қылыштай өзен Қылшақты,
Сызылып аққан жарқырап.
Даладай жайлы мінезі,
Атпайды көбік сарқырап.

Арнасында аңыз боп,
Қылыш аққан Қылшақты.
Өз жолынан жаңылмай,
Дұрыс аққан Қылшақты.

Қопаға қарай ұмтылған,
Қылшақты таза, қылшықсыз.
Қалаға келіп былыққан,
Даланың суы кіршіксіз.

Айналып балдыр, шалшыққа,
Тарылып әбден тынысың,
Тұрсың ба көніп зорлыққа,
Қылшақты, қайда, қылышың?

Қамсақты
Әуезі бізді тамсантты,
Аты қызық Қамсақты.
Қай дәуірде басталып,
Кім біледі қанша ақты?

Ер жолаушы шаршапты,
Тамшы суды аңсапты,
Қамшы басқан атына,
Көзі шалып моншақты.

Қарсы алыпты Қамсақты,
Жанын сақтап, ән сапты.
Қалың қамыс үн қосып,
Көкте жұлдыз самсапты.

Өзен сумен он шақты,
Жарыса аққан Қамсақты,
Қар суымен тасқанда,
Қамыс аққан Қамсақты.

Атаң білген ынсапты,
Қумаған көп мансапты,
Жан жарасын жазатын,
Жағаңа кеп Қамсақты!

Еске салған кәмшатты,
Туысың ба Камчаткы?
Суылдайды ескі сөз,
Сипағандай қамшы атты!

Жалаулатып жаңсақты,
Демеңіздер, жар сапты.
Сиқыр сөздің сынығы,
Сылдырлай бер Қамсақты!

Жабай

Жайылып аққан Жабайым,
Тасқынның көрдің талайын,
Арнаға сыймас асау деп,
Атыңды қойған ағайын.

Көп елге болған шығар нұрлы мекен?
Ер Жабай жағасында туды ма екен?
Ат жалын тартып мініп, жас ұландар,
Жауларын су бойлата қуды ма екен?

Қалың ел қара суға қарайлаған,
Жұтамас нулы жерді маңайлаған,
Жабайы мінезі бар жайылғанда,
Жабайдан жөн болады абайлаған!

Көп сулар
Ақсу, Көксу, Сарысу,
Түзде жүрген бәрі су,
Қызыл, Қоңыр, Қарасу,
Жары құрғақ, жары су.
Мұрат емес оларға,
Ұлы өзенмен жарысу.
Теңізге құйып табысу.
Кенезесі кепкенде,
Кең далаға дәрі су.
Түбіне терең тұнған сөз,
Өзеніңмен танысу–
Өзегіңмен танысу,
Өз еліңмен танысу!

Ақ сулар
Ақсуат, Ақтөбемен мақтанамын.
Аты қандай Ақбұлқақ, Аққабаның.
Ақ пейілмен ат қойған Аққұйық деп,
Архивін аталардың ақтарамын.

Аталы Ақмырза мен Ақсүйегі,
Ақырса аударатын ақ түйені.
Арынды Ақсай, Ақжар жармен ойнап,
Ақтасты, Ақтастысай тасты үйеді.

Ақшоқы, Ақ Оба мен Ақ Берелім,
Ақсудың арнасымен ақты өлеңім.
Ақшолақ, Ақтайлақпен дала кезіп,
Аңқылдақ Ақбастауға тап келемін.

Ақ сулар, ақ өзендер дала кезген,
Ақ сөзі жанға жақын бала кезден,
Атаның ақ ниеті танылып тұр,
Ағынды ақ, су деген дана сөзден.

Қара сулар
Қара өзен жорғалайды қара жермен,
Атауын қара нардай бабаң берген.
Бар-жоғын бір-ақ сөзге сыйғызатын,
Қазағым ат қоюға қандай мерген!

Қақ жарып Қараадырды ағады да,
Жайылып Қарақыстақ алабына.
Қараөзек, Қарабұлақ үндес бәрі,
Қара Оба, Қарақаба, Қарабұға.

Қарақау, Құздықара, Көздіқара,
Қалдырған Қаракеңгір ізді қара
Сақтаған Қарасуын Қарашықтай,
Қаракөз қазақ қандай ізгі, дана!

Балық бар Қарасуда, несібе бар,
Қаракөл, Қарауыл кеп, көсіледі ал.
Қараөзек, Қарабұлақ кезіп келіп,
Қарабау, Қарашекпен шешіне қал!

Талқара, Қандықара, Мойнаққара,
Қараүңгір, Қарасайда ойнақтама,
Қарақол, Қарақұдық, Қарақобда,
Қарада қасиет бар, ойлап қара.

Қаражан, Қараңғылық, Қарағанды,
Қарадан қалың қазақ тараған-ды.
Қараеспе, Қараменде атын берген,
Біз дұрыс ұғамыз ба бабаларды?!

Көк сулар
Атамыз тұнық суды көк санайды,
Көксу мен Көкөзекті көп санайды,
Көгіне қондырады көңілінің,
Көкжар мен Көкқиясай, Көксарайды,
Көктасты серік қылып үйлесімді,
Қол созып көкке Көктал тосқан айды.
Көктұма, Көксала боп кең далаға,
Көк сулар тарам, тарам боп тарайды.

Қызыл сулар
Өзенге бастау болып, бұлақ аққан,
Қызыл су жылға болып, жылап аққан,
Қыза, қыза, қанатын кеңге жайып,
Көктемеде күшейіп тулап аққан.

Қызылсудың бұрқырап Қызыл жалы,
Құлатардай соғады ұзын жарды.
Қызыл суға толғанда Қызылжарсай
Құлпырып Қызылқайың бүрін жарды.

Қызыл жел соққан кезде қар кетеді,
Қызыл су қармен толса селдетеді.
Әр сөздің бояуына сыр тұндырған,
Атам қазақ алыстан әндетеді!

Сары сулар
Арнайын сұлу суға тағы өлеңді,
Сарысу, Сарыжылға, Сарыөзенді,
Ақ өлең, қара өлеңді білуші едік,
Өзеннен кезіктірдім Сарыөлеңді!

Сарысай, Сарыкеңгір, Сарыбұлақ,
Сарбие, Сарыжылға, Сарықұрақ.
Сарыторғай – ұшқан сөз, қағып алған,
Сарықобда секілді кәріқұлақ.

Сақтаған сары алтындай Саралжынды,
Ойлаған ескіні еске алар күнді.
Сөз қадірін білетін аталарым,
Судың атын соншалық санар құнды!

Қоңыр сулар
Қоңыр күй, қоңыр әуен, қоңыр өлең,
Қоңыр күз, қоңыраулы Қоңыр өзен.
Арқырап ай-хай жастық өткеннен соң,
Көшеді қоңыр күйге өмір деген.
Қоңыр деп судың атын қойды ма екен,
Қоңыр шалдар қоңырлау көңілменен!

Ащы сулар
Ащысай, Ащылысай, Ащылы ағын
Ащыөзек, Ащымиір, Ащықарын,
Ащытасты деп қалай атады екен,
Ащы ғып жіберген бе тастың бәрін?
Атаңнан осындай бір сөз қалмаса,
Апырмай, кім біліпті тастың дәмін.
Бір аунап Ащысуға, достарыңмен,
Келеді жағасында ащылағың.
Ащыны тұщыменен табыстырған,
Кім ұғар Ащыағардай қарттың жанын!

Қатын сулар
Ағынды, қара суды сапыратын,
Бірталай өзендер бар, аты қатын,
Судың да әйелі мен ері бар ма,
Апырмай, қойған қалай қатын атын?!

Қатындай адуынды, долы ма екен,
Жоқ әлде, әйел ағып өлді ме екен?
Болмаса жағасында бала тауып,
Разы боп, атаң атын берді ме екен!?

Қатынсу, Қатынөзен, Қатынадыр,
Қараймыз қайран қалып затына бір.
Қазағым, ат қоюға қандай шебер,
Тұндырған әр өзеннің атына жыр.

Бармайды дәм бұйырса арыс қайда,
Тосынннан тағдырымен табыспай ма?
Кезінде тың игеру бір үлкен көш,
Келіпті көктемеде Жанысбайға.

Жанысбай жылап қана ағатұғын,
Арнасы жазда құрғап қалатұғын,
Даланың бір кішкентай өзені екен,
Жайылып қар суымен толатұғын.

Тыңгерлер түспек болды тағы сынға,
Қайтқанды таңба санап намысына.
Тып-тыныш, іштен тынып өзен жатыр,
Қатқан мұз бөгет болып ағысына.

Ер жігіт тетіктерін бұрап түрлі,
Ерттеді ДТ деген трәктірді.
«Апырмай, Нестеренко не істер екен?!»
Жүзінде жолдастардың сұрақ тұрды.

Азуын айға батыр білеп, күлді,
Өтпекке бір-ақ періп білек түрді.
Көрсін бе бұйым құрлы шағын суды,
Соғыста кешіп өткен Днепрді!

Немістер атқылаған, бомбылаған,
Қақ жарып қайықтарды оңдырмаған,
Қайтпаған қанды судан ерлер бірақ ,
Көндік деп, осы болса соңғы қадам!

Атойлап, от-жалынды шыққан жарып,
Көріне қас дұшпанды тыққан барып.
Даниил Днепрден өткені үшін,
Алыпты Алтын Жұлдыз бағы жанып.

Ер жігіт жайылған су тереңдігін,
Елемей күш-қуаты ерендігін,
Салды кеп трәктірін жұмбақ жолға,
Жан білмес, құлайтынын неден кімнің.

Шақырлап шынжыр табан, гүрілдеді,
Жер мен көк, судың беті дірілдеді.
Сыздаған саз беттеніп қаракөк мұз,
Сазарып, селт еткені білінбеді.

Трәктір тайғанақтап барқырады.
Қатқан мұз қабырғасы қақырады,
Сіресіп әрең тұрған сең қозғалып,
Жойқын су бұзып-жарып сарқырады.

Сере мұз кәбеңкені кетті кесіп,
Артында аңыз қалды, өмір көшіп…
Дария кешіп өткен Даниялдың
Ажалы қара судан жетті десіп!

Айнала сай-саладан жиылғанда,
Тарылып ағыс – арна тиылғанда,
Кетеді-ау құдіретті күшке айналып,
Момын су бөгет бұзып құйылғанда.

Жар сүзер арғы жағын ойламаған,
Қайтерсің, қаперсіз ғой қайран адам,
Дұрысы – алдын буып, жолын кесіп,
Қара су қаһарымен ойнамаған.

Баянғали Әлімжанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар