Табиғат өзінің тау-тасымен, ағаш-орманымен, өзен-көлімен сұлу көрінетіні анық. Жасыл желекке көмкерілген орман табиғат аясының сұлулығын ғана паш етіп қоймайды, ол адамның тіршілік етуіне қажет байлықтың да көзі, салауатты өмірдің де діңгегі.
Жайқалып өскен көк құрақ орманды көздің қарашығындай сақтау бәріміздің қастерлі парызымыз іспеттес. Ал, осы салада еңбек етіп жүрген біздерге әр түп ағашты күтіп, баптау ерекше жауапкершілік жүктейді. Бір жағынан табиғатпен астасып жатқан өміріміздің әр күні осылай жасыл орманымызды қызғыштай қорғаумен жалғасып жатады.
Мен басшылық жасайтын Көкшетау қаласының іргесіндегі «Бұқпа» орман шаруашылығының жалпы алаңы 22721 гектар алқапты алып жатыр. Мұның 17292 гектары жер алқаптары болса, таза көк желеңмен көмкерілген жері 9634 гектарды құрайды.
Біздің мекемемізге барлығы үш орман шаруашылығы, 42 орман аймалмасы мен 9 шеберлік телімдері кіреді. Көкшетау қаласының маңындағы ормандық алқаптарда табиғат қорғау жұмыстары жан-жақты атқарылады. Негізі, біз орманды телімдерді барынша көбейтумен де айналысамыз. Бір түп ағаш кесілген жерге он түп көшет отырғызу қағидасы қашанда басты назарымызда ұсталады.
Бірақ, жас көшеттер егу арқылы орманымызды нуға айналдырғанымызбен, төтеннен болатын зиянды жағдайлар жасыл табиғатымыздың мол шығынға батуына әсер етеді. Бұл, әрине, орман өрттері десек болады. Жаздың аптап ыстығы өрт оқиғаларының жиілеуіне негіз болады. Мұны біз төтеннен болатын оқыс оқиғалар дегенімізбен, оның астарында осының бәрі адам қолымен жасалатыны өкінішті-ақ. Себебі, табиғат аясына дем алуға келушілер өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай бермейді. Дем алған жерлерінде оттың сөнбеген күлін, темекінің тұқылын қалдырып кетіп жатады. Ал, мұның соңы алапат өртке айналатынын олар ескермейді.
Жыл басынан бері өрттің алдын алу бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, өрт қаупі туындайтын маусым басында Көкшетау қаласы және осы маңдағы аудандар әкімдіктерімен, облыстың төтенше жағдайлар департаментімен келісе отырып, биылғы жылы туындауы мүмкін орман өрттері кезінде бірлесіп әрекет ету жоспарын жасап, бекіттік.
Осы кезеңде мекеме аясында жер үсті қадағалау жұмысын жүргізу сұлбасы және орман өрті туралы хабарлау тетігі жасалып, қабылданды. Осы мақсатта қосымша 4 адам уақытша диспетчерлік қызметке, 5 адам өрт сөндіру көлігіне жүргізушілікке және 10 адам қадағалау бекеттеріне күзетшілікке жұмысқа алынды.
Көктем уақытында орман өрттерінің алдын алу үшін жол бойларындағы жерлерге профилактикалық өрттеу шаралары жүргізілді. Бұдан кейін тұрғындармен және мектеп оқушыларымен 37 лекция ұйымдастырылды. Өрт қауіпсіздігі тақырыбына 282 парақшалар таратылды.
Біз жеке шаруа қожалықтарымен және серіктестіктермен орман өрті туындай қалса, адам күшімен және техникамен көмек көрсету жөнінде келісім-шарттар жасастық. Қазіргі кезде мекеме аумағында 1670 гектар алқапта орманды пайдалану жөнінде 34 мекеме жұмыс істейді. Олармен де адамдардың дем алулары үшін арнайы демалыс орындарын жасауға келісілді.
Алдын алуға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін бермей қоймайды. Соған қарамастан, табиғат аясын ластау және зиянды заттарды қалдыру оқиғалары да белең алып қалады. Осыған орай, біз орман заңнамасының 372-бабы 2-бөлімінде айтылған ережелерді бұзғаны үшін бір жауапты тұлғаға хаттама толтырдық. Ол аталған заңнаманың орман алқабын ағынды сумен, өнеркәсіп және тұрмыстық қалдықтармен, химиялық заттармен ластауға қатысты бабын өрескел бұзған болып шықты.
Жалпы, біздің мекеме осындай заң бұзушылықтарға қатысты 13 255 теңгенің әкімшілік айыппұлын салып, оны толықтай өндіріп алды. Ал, орманға жақын егістік алқаптардағы егіннің масақты қалдықтарын өртеу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 4 нұсқама берілді.
Орманды өрттен қорғау өз алдына бір жұмыс болғанымен, оған қоса, жасыл желекті алқапты қорландыру бағытында да тұщымды істер тындырылды. Мысалы, көктем кезінде 110 гектар алқапқа жас көшеттер отырғызылды. Бұл жұмыстар «Шағалалы», «Қыпшақ», «Самарбай» орман бөлікшелерінде жүзеге асырылды.
Өзімізді қоршаған табиғат аясын қорғау біздің ғана емес, барша адамдардың ортақ ісі. Ешкім табиғатқа қаскүнемдікпен қарамауы тиіс. Орманға барып, дем алып, артынан қаншама лас заттарды қалдыру өзімізге ор қазғанмен бірдей. Себебі, сол ауамен өзіміз дем аламыз, сол ағаштың ортасындағы жеміс-жидекті өзіміз тұтынамыз.
Орман – кербез сұлу өңірдің әлемдік нышаны іспеттес. Оны қорғау – біздің басты парызымыз. Осы абыройлы міндетті жан-тәнімізбен, зор құлшыныспен атқара беретін боламыз.
Ғалымбек БАТТАЛОВ,
«Бұқпа» орман шаруашылығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.