Ақмолалық диқандар жыл бойғы еңбектің нәтижесін шығарар шақта айрықша қажыр-қайрат танытуда. Мақсат ел ырысы – алтын дәнді ысырапсыз жинап алу екендігі белгілі. Биыл облысымызда 4905,9 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар тұқымы себілді.
Мұның ішінде жаздық бидай 3698 мың гектарды, арпа 651,6 мың гектарды, сұлы 60 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ, тары, қарақұмық, ноқат, бұршақ, майбұршақ және жасымық тұқымдары да былтырғы ауқымнан көп себілді. Осының өзі науқанның маңыздылығын арттыра түседі.
Биылғы егін көп еңбектің және ауа райының біршама қиындықтарымен өсіріліп отыр. Сондықтан, әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып қалу жолындағы еңбек те еселі болатындығы айқын. Биылғы ораққа Атбасар, Зеренді, Жарқайың, Жақсы, Бурабай, Астрахан аудандары алғашқылар қатарында кірісті. Бүгінгі күні бұл іс жаппай өріс алуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінен алынған деректер бойынша кешегі күні дәнді дақылдардың 113,4 мың гектарына шалғы түсіп, 100,8 мың гектарының астығы бас-тырылды. Бастырылған астықтың көлемі 95 мың тоннаға жетіп, қазірше гектар түсімділігі 9,4 центнерден айналуда. Осыған қарап мынадай есеп жасауға болады: жұмыс жоспарына сәйкес, механизаторлар күніне 242,4 мың гектардың өнімін жинауда. Демек, науқанды 18 жұмыс күнінде аяқтауға мүмкіндік бар деп болжауға болады.
Бұған айтарлықтай негіз де бар. Науқандық жұмыстарға 8145 астық комбайндары, мұның ішінде 3 мыңнан астам заманауи жоғары өнімділіктегі техника қатысуда. Бұл аграршылардың егін жинау жұмыстарына 100 пайыз дайындалғанын көрсетеді. Осы орайда, агроөндірістік кешендер мен шаруа қожалықтары соңғы үш жарым жылда жалпы құны 23,5 миллиард теңгенің 992 комбайнын, 270 егіс кешендерін сатып алғанын айта кеткіміз келеді.
Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 74,7 мың тонна дизель отыны, 4,4 мың тонна дизель майы және 6,8 мың тонна автомобиль бензині жеткізілетін болады. Ағымдағы жылғы астықты қабылдауға арнайы лицензияланған 66 кәсіпорын жұмылдырылуда. Бұлардың жалпы сақтау сыйымдылығы 4,1 миллион тоннаны құрайды. Бұл тұрғыда біз республика облыстарының алғы сапында тұрмыз. Айтылғандарға қосымша, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарында шамамен 2 миллион тонналық астық қоймалары науқанға дайын тұр. Мақсат – осы қуаттарды тиімді пайдалану.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.