Негізгі көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілік байқалады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2020 жылдың жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу қорытындылары және алдағы оқу жылына дайындық барысы талқыланып, нақытылы міндеттер белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен, облыс әкімі жаңадан тағайындалған «Ұлттық банк» акционерлік қоғамы Ақмола облысы бойынша филиалының басшысы Марат Барлыбаевты
және облыс әкімінің кеңесшісі Елжан Серғалиұлын таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, пандемияға қарамастан, экономиканың көптеген салалары бойынша оң көрсеткіштер сақталған. Дегенмен, карантиндік шектеулер тауар айналымына кедергі келтірген. Облыс жеті негізгі көрсеткіш бойынша республикада көш бастап тұр. Мұндай өсім өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, қайта өңдеу салаларында байқалады. Жалпы, экономикада өсім болғанымен, машина құрылысы, подшипник өндірісі төмендеген. Бұл «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамының төтенше жағдай кезінде тоқтап тұрғанына байланыс-ты орын алды. Сонымен бірге, Жарқайың, Шортанды, Ақкөл, Егіндікөл, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласында өндіріс көлемі кеміген. Ал, Жарқайың, Шортанды, Ақкөл, Егіндікөл, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласында керісінше, өндіріс көлемі біршама артқан.
– Дамудың өсім динамикасы өңірдің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында байқалуда. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 531,3 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында нақты көлем индексі 102,8 пайызға жетті, – деді Қанат Дүзелбаев.
Сонымен қатар, басқарма басшысы кейбір өңірлер бойынша өнім өндіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, негізгі қорға инвес-тициялар салу және құрылыс жұмыстары көлемінің кемуіне жол берілгенін де атап өтті. Қорғалжын, Астрахан, Егіндікөл аудандары мен Көкшетау қаласында ет өндірісі көлемінің төмендегені тіркелсе, Зеренді, Жарқайың, Бурабай, Аршалы аудандарында негізгі қорға инвестициялар салу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ал, Бурабай, Зеренді, Шортанды, Есіл аудандары мен Степногорск қаласында құрылыс жұмыстары сылбыр жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәжілісте өңірдің жеті айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі олқылықтар үшін бірқатар аудандар мен қала әкімдерін, басқармалардың басшыларын тұрғызып, себебін сұрады және әрқайсысына жіберілген кемшіліктердің орнын толтыру бойынша биылғы жылдың үшінші тоқсанында жұмысты күшейтуді тапсырды.
Облыстық құрылыс, өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына өңір әкімдерімен бірлесіп, тиісті салалар бо-йынша көрсеткіштерді жақсарту қажеттігін ескертті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен өңірлердің әкімдерінен егін орағы жұмыстарының кестеге сай жүргізілуін талап етті.
Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту бойынша қолға алынған жалпы сомасы 47 миллиард теңгені құрайтын 41 жобаны жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл жобалардың 22-сін биылғы жылы жүзеге асыру жоспарланған.
Алдағы оқу жылына дайындық барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Берік Жүсіпов баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы оқу жылында облыста 132 мыңнан астам оқушы мектепке барады, оның 15 мыңға жуығы мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттағалы тұр. Облыстағы мектептерде 16166 дана компьютер болса, бұған қосымша 1559 компьютер сатып алынды. Алдағы уақытта тағы 235 компьютер сатып алу жоспарланған. Мектептерді компьютер, ноутбук және планшетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда.
– Барлық мектептер кең жолақты интернет желісіне қосылды. Білім министрлігінің ұсынымы бойынша оның жартысының жылдамдығы 8 Мбит/сек. Біз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, кеңжолақты интернет желісіне қосылған мектептердің санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта жалпы білім беретін 35 мектеп бекітілген нормативке қол жеткізеді. Қашықтықтан оқыту үшін бүгінгі күні барлық мектептер қол жеткізіп отырған «Bilimland» білім беру платформасы мен «Kundelik» ақпараттық жүйесі бар,–деді Бейбіт Жүсіпов.
Өңірде оқушылардың интернетке жеке қол жеткізу мәселесі де шешілуде. Оқушылардың 89 пайызы желі арқылы білім алуына мүмкіндігі бар. Ал, қалғандарына мобильді интернеті бар флеш-карта ұсынылады. Ол үшін ұялы байланыс операторларынан «Білім» тарифі бар флеш-карта сатып алынуда. Шалғайдағы елді мекендердегі оқушылар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, штатты режимде оқуларын жалғастырады. Жалпы, облыста күндіз білім беретін 554 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істейді.
Жиынды қорытындылаған Ермек Маржықпаев айтылған барлық мәселелер бойынша қолға алған жұмыстарды ширатуды, сондай-ақ, аудан, қала әкімдеріне, департаменттер мен басқармалардың басшыларына алға қойған міндеттерді орындау бағытында әр сала бойынша нақтылы нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар