Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұланы ең киелі Ерейменнің - АРҚА АЖАРЫ

Ұланы ең киелі Ерейменнің

(жерлес, қаламдас аға Ілияс Қарағозиннің рухына)

Аға! Бір жыл болды у ішіп, жалын құстым,
Іздеп сені бойыма мұң таралды.
Тамшыларын тамызып сағыныштың,
Күншалғанның басына бұлт оралды.

Бұлт жылады осылай аспанында,
Күншалғанның сорғалап биігінен.
Қыраны да мүлгіді асқарында,
Ішіндегі құсаның күйігінен.

Сол құса мен күйік бар мына менде,
Жазғызбаған жасын жыр жарқылдаған.
Бір қапыда мерт болған Құлагердей,
Ажал, АҒА, сенен де артылмаған.

Артылмайды бұл ажал пендесінен,
Түгендеп те тұрмайды бар-жоғыңды.
Домбыраның сағақты пернесінен,
Шер ғып сыртқа шығарар арманыңды.

Арманым сол, тетелес бауыр едік,
Енді орның ойсырап бос тұрады.
Бар кезіңде ел мен жұрт, қауым едік,
Ерейменнің дегізген қос қыраны.

Қос қыраны едік біз мерейлі елдің,
Абыздар мен батырлар мекендеген.
Ұланы ек киелі Ерейменнің,
Сондай жерден шығады көсем деген.

Көсем деген ой түйер сөз ұстаған,
Дәл солардай жан едің, асыл АҒА!
Жүрген сайын биік тау алыстаған,
Бір рет көрмей мауқың бұл басыла ма?!

Беу, Ілияс!
Басыла ма мына мұң бұл жалғанда,
Айыға ма шерден бұл жүрек тұнып?!.
Қарап тұрмын бұлт басқан Күншалғанға,
Қыр арқамды Ақдіңге тіреп тұрып.

Атамекен, қайран жұрт, белесті бел,
Тізбектелген түйе жон, ерейген тау.
Көзден қалай жоямын елесті бұл,
Көрінбеді көзіме Ерейментау.

Көрінбеді…Қиялға айналған ба?
Сездіргені шығар ол жоқтығыңды.
Таныс, туған көп қой көп айналамда,
Сендей ешкім көтермес шоқтығымды.

Бәрі өткінші: бала кез, бұла күнің,
Жүлде алған сүрінер сәйгүлік те.
Дүние бұл жоқ-бардан тұратынын,
Тек аттанған жан білер мәңгілікке.

Қош бол, АҒА!
Қаламдас, қанаттасым,
Бәлкім, қазір гүл бақша – жәннаттасың.
Күншалғанға күн қонсын таң атқасын,
Мұң, қайғыдан айықсын азат басым!..

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
ереймендік қаламдас інісі,
журналист, ақын, аудармашы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар