Коронавирус індетімен күресіп жүрген ақ халатты абзал жандар қайырымдылық шараларының арқасында таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Бұл жолы облыс орталығындағы күзет қызметімен айналысатын алты фирма бірлесіп, провизорлық орталықта емделіп жатқан науқастарға тіршілік нәрін жеткізді. «Союз-04» серіктестігінің директоры Сәбит Хамзин өз сөзінде өзінің вирус жұқтырып, ауруханада жатып шыққанын айтты. «Бұл қиыншылықты өз басымнан өткердім. Жұқпалы індетпен ауыратын науқасқа көбірек су ішу керек. Індеттің беті әлі де қайтпай тұр. Біз осылайша қайырымдылық жасап, өз үлесімізді қосқымыз келді»,–дейді ол бізбен әңгімесінде. Күзет қызметі мекемелерінің бұл азды-көпті көмегіне провизорлық бөлімшедегі ақ халаттылар алғысын білдірді.
Облыстық көпбейінді ауруханасы инфекциялық стационарының жетекшісі Мәрлен Атамбаев осындай қауіпті дертпен күресте халық бір кісідей жұмылып, қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатқанын айтты. «Бүгін әкеліп жатқан мына ауыз су да соған дәлел. Вирус жұқтырған науқастар көбірек су ішулері қажет»,–деді стационардың жетекшісі. Қайырымды іске «Күзет-Көкшетау», «Союз-04», «Kuzet technology», «Эгида-Дружина», «Щит-2015» серіктестіктері атсалысты. Игі істің ортасында әріптесіміз Қалымбек Мұхамеджанов та болды. Волонтер ретінде күзет фирмасының қызметкерлеріне көмектескен ардагер журналист бұл істі азаматтық парызы санайды.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.