Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауын зер салып тыңдадық. Келешегімізді қамтыған келелі мәселелер айтылды.
Ұлт болмысын саралап, қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру ең алдымен ұстаздар қауымына жүктелген абыройлы әрі ауыр, жауапкершілігі мол жүк деп білемін. Ел Президенті айтпақшы, жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін өрісті өнерімен, мәнді мәдениетімен жаһан жұртына таныта алады. Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі жаңа болмысты қалыптастыратын жасампаз ұрпақты тәрбиелеу жолында абыройлы еңбек етіп келе жатқан ұжымның бірі деп айтсақ, артық айтқандық емес.
Біздің түлектеріміз жыл сайын «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша шалғайдағы елді мекендерге барып, сол жерде тұрып жатқан адамдардың өнерін өрістетіп, мәдениетінің кең етек жаюына қызмет етуде. Облыс басшылығының қанатты қамқорлығының арқасында колледж жанынан қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Онда бұрын-соңды болмаған би, жаттығу, көрме залдары бар. Асхана да осында орналасты. Ендігі арада білім алушылардың бойына талапқа сай білім нұрын сіңіруге мүмкіндік мол. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Жолдауда айтылған міндетке сай ұлт сапасын арттыруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Сонда ғана Алаш жұртының әлем үлгі аларлық жақсы қасиеттері көбейе түсетіндігін айқын сезініп отырмыз. Жақсы қасиеттер дегеніміз не? Ол меніңше, сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлт бойындағы, оның салт-дәстүріндегі жауһарлар. Електен өткен, ұрпақ кәдесіне жарайтын мұндай құндылықтар біздің тек ізгілікті ғана көксейтін ізетті ұлтымыздың бойында бұрыннан да бар. Ендігісі сол жақсылықты дамыту.
Жоғары колледжде заман талабына сай білім алып шыққан мәдени демалысты ұйымдастырушылар, халық аспаптары оркестрінің, көркемөнерпаздар театры ұжымының жетекшілері жергілікті жерде осындай жұмыстарды ұйымдастыратын болады. Іс нәтижелі болуы үшін шалғайдағы шағын ауылдардағы мәдениет ошақтарына көбірек көңіл бөлу қажет. Ұлт болашағының бастау алатын жері де сол емес пе?
Қазақстан халқы қазба байлықтарымен ғана емес, халқының көкірегіндегі рухани қазынасымен де әлем жұртының алдыңғы легінде тұрса мақтаныш емес пе? Ізетті ізгі ниет бүр жарған сайын қоғам қабағындағы тоң жібіп, мейірім арта түседі. Мейірім бар жерде тұтастық, бауырластық, сыйластық арылмайды.
Құралай ЫДЫРЫСОВА,
Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері,
Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры.