Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл Жолдауды тікелей эфирден үлкен ризашылықпен тыңдадым.
Елімізді жайлаған коронавирус пандемиясының сындарлы сәтінде жарияланған Жолдауда айтылған мәселелер баршамызды ертеңгі күнге серпіліспен қарауымызға мол мүмкіндік береді деген сенімдемін.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Үкімет бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауы қажет. Ол барынша мобильді әрі халықтың барлық тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Шалғай өңірлердегі көлік медицинасын жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау қажет», – деп атап көрсетті. Бұл әрине, алыс елді мекендеріміздегі емделушілеріміз үшін оң нәтиже берері сөзсіз.
Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынатын болады. Ал, 2025 жылға қарай Денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілмек. Осы мақсатқа 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылатыны да құптарлық. Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталық – еліміздің бетке ұстар салалық мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретіні белгілі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Пандемия сирек мамандықтардың дәрігерлерін, эпидемиологтарды, инфекционистерді, реаниматологтарды және кардиологтарды әзірлеу мәселесін төтесінен қойды. Үкіметке шамамен 10 жылға медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді болжам жасауды тапсырамын» дегені медицина саласындағы кадр мәселесінің біртіндеп шешілетініне назар аударғаны. Оған қоса, отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек екенін де айтты. Сондай-ақ, «Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін» деп қадап айтты.
Одан бөлек, 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары болатыны қуанарлық жайт. Жалпы, Жолдауда медицина саласына үлкен көңіл бөлініп отырғаны өңіріміздегі ақ халатты абзал жандардың жанын жадырататынына сенімдімін.
Қарлығаш БАЙЖҰМАНОВА,
аудандық мәслихаттың депутаты,
Жарқайың аудандық ауруханасының фтизиатр-дәрігері.