Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолда-уында халқымыздың жаңа болмысын қалыптастырудың жаңа мүмкіндігі айтылды. Дүниеге өзгеріс керек еді. Адам баласы сол өзгеріс қажеттілігін айтып жүрсе де, сол дүние өзгерісіне өзінің онша ынталы болмағаны да анық. Сол өзгерісті жасауға коронавирус пандемиясы еріксіз мәжбүрлегендей болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тың ойлар мен нақтылы шешімдер осындай тұжырым жасауға әсер етті.
Індеттің қаншалықты зардапты болғандығын айта келіп, Президент «ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы»,– деп мәлімдеді. Тағы бір анығы, осы індет кезінде Мемлекет тарапынан халыққа нақтылы қолдау болғандығын айтқан ләзім. Әлеуметтік көмек те көрсетілді. «Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды»,–дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданып, уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматтарға 42 500 теңге мөлшерінде көмек берілгендігін, бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалғандығын алға тартты. Және де Президенттің айтуынша «осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ» екен. Бұл Қазақстанның өз халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым жоғары қойып келе жатқандығының жарқын бір көрінісі деу керек.
Бір атап өтерлігі сол, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнап отырған бұл екінші Жолдауы болса, осы жолғы құжатта еліміздің әлемдік дағдарыс жағдайындағы алда тұрған міндеттердің нақтылы атап көрсетілуі Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түсті. Індеттің етек алуы бар, одан қалды, шағын және орта бизнес саласының шектеулі жұмыстары халықтың табысын азайтты. Жұмыстары тоқтап қалғанна кейін көптеген сала күрделі жағдайларға кезікті. Міне, осы жағдайдан, яғни, осы тығырықтан еліміз қалай шығар екен деген ой әрқайсымызды мазалайтын.
Сол ой түкпірінде жатқан беймаза жайларға жарық бір сәуле түскендей болды да, ел болашағының кемел екендігіне сенім нығая түсті. Сол сенімді Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды!» деп өз Жолдауында халқының алдында анық мәлімдеген сәтте тағы да айқын сезінгендей болдық.
Жер мәселесі біраз жылдардан бері түрлі саяси ойындардың ошағына айналғаны да жасырын емес. Енді міне, қазақ жері өзімдікі деп сол жерге барынша жанашырлықпен және мейлінше жауапкершілікпен қарайтын кез келді. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ, қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек», – дей келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болатындығын жария етті. Расында да, Қазақстанның жер жағдайында осы өнімдерге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шет елдік рынокқа да батыл қадам жасауға болар еді. Ендігі мәселе осы істі ұйымдастыруда қалып отыр.
Осыған орай, Президенттің вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдалану және жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алатындығын ескеріп, оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек деген ойын жүзеге асырудың зор маңызы бар деп санаймыз.
«Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды, – деп Мемлекет басшысы басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отырғандығын ашық айтты.
Әлі де болса, ауыл еңбеккерлерінің ауыр да бейнетті жұмыстары тым арзан бағаланып жүргендігін және осы саладағы табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататындығы елімізде рыноктық экономика басталғалы айтылып келе жатқаны анық. Бұл мәселе де Жолдауда айтылмай қалған жоқ. Және де Президент өз Жолдауында «Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет»,–дей келіп, ендігі арада АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУДЫҢ 5 ЖЫЛДЫҚ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ жөніндегі тапсырмасы өте орынды ұсыныс болды. Ендігі арада агроөнеркәсіп саласы нақтылы бір жоспармен дамитындай болса, осы салаға бөлініп жатқан қаржы мен түрлі ресурстардың жұмсалуын қатаң бақылау мүмкіндігі туары да анық.
Еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болатындығын Президентіміз өз Жолдауында анық та ашық айтты. Бұл ел болашағы үшін әрқайсымыздың жауапты екендігімізді ұғындырады. Осы арада биылғы жылдың 25 маусымында республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елімізді өркендету, көркейту –
тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш құқымыз жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп айтқаны ойға еріксіз оралатыны бар.
Жалғыз қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзаттың тағдыры тарих таразысында тұрған осы бір өліара тұста Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымына кейбір өзгерістер енгізу жөніндегі нақтылы ұсыныстары көңілден шықты. Әсіресе, мемлекеттік аппаратты ықшамдау қажеттілігі бұрыннан туындаған мәселе болатын. Бұл орайда Министрліктердегі жауапты хатшылар институтына Президент арнайы тоқталып өтті. Жауапты хатшылық инс-титутын енгізген кезде министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босату және аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой іс жүзінде өзін ақтамады. Президенттің Министрліктердегі жауапты хатшыларды, мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту жөніндегі ұсынысы орынды деу керек. «Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс, – дей келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің рөліне арнайы тоқталып, портфельді компаниялардың санын 2 есеге азайтып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиісті екендігін мәлімдеуі кейде негізсіз ұлғайтыла берер шығындарды қысқартуға жаңа мүмкіндік туғызары анық. Біз ендігі арада аз күшпен, шығынды аз жұмсай отырып, мол қайтарым беретіндей жұмыс тәртібін берік орнықтыруға міндеттіміз.
Қазақстандық қоғамды тағы да бір алаңдатып жүрген мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық болса, Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір мәселеге қатысты өз ұстанымын бұрын да айтқан болатын. Енді міне, сол жайлы осы Жолдауында да өзінің ұстанымын айқын білдіріп отыр. Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алып отырғандығы және жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жаиқандығын атап көрсетілді. Бұл орайда Президенттің «Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек»,–деп мәлімдеуі біраздан бері қоғамда айтылып келе жатқан өзекті мәселе еді. Және де пара алып, қолға түскендердің әділ жаза алатындығына қоғам шек те келтіре бастағаны бар. Әйтеуір, не айып төлеп, не рақымшылық жасалып, жазадан құтылып кету сияқты жағдайлар болып келсе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек», – деген кесімді сөзін айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлттың жаңа болмысы жайлы орынды сөз қозғап отыр. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр»,-деп ұлттың жаңа болмысы үшін қажеттілігін анықтап берді.
«Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын»,– деген Президент сөзінде ұлтымызды жаңа сапаға көтеру үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек деген ой тастайды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген өлмес қағидасын алға тартуы да тегін емес еді. Өйткені, осы күні баршамызға ел тағдыры қымбат!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі