Сөздің қадірін білген қазақ ежелден өз заңдарын тайға таңба басқандай жазып, қолданып отырған. Бұған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» дәлел.
Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың негізгі тетігін ұстап тұрған біздің тұғыры биік Ата Заңымыз.
Биыл бас заңымыз – Конституцияға 25 жыл толып отыр. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан халқы шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді.
Содан бері қарай Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Ата Заңда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық көрсетілген. Яғни, біздің елімізде қандайда бір қылмыс жасалса да, қатыгездік пен аяусыздыққа жол берілмейді. Барлығы заң шеңберінде шешіліп, тіпті оның да құқықтары қорғалады.
Республика Конституциясымен құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын екі маңызды бап бекітілді. Ол сот арқылы және әкімшілік жауапкершілік арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан елімізде адамның бостандығы мен жасаған әрекеттеріне, тек заңға қайшы келгенде ғана, Қазақстан заңнамасына сәйкес сот арқылы шектеу қойылмақ. Өйткені, біздің Заңның ең бірінші міндеті адам өмірін сақтау және оның құқығы ме бостандығына нұқсан келтірмеу.
Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің тірегі – Ата Заң мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын,ата-бабаларымыздың ар мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын негізге алды. Сондықтан, әрбір азамат бейбіт елдің алтын арқауы – Ата Заңымыздың талаптарын бұлжытпай орындаса, алар асуымыз әркезде биік, Мәңгілік елдің тұғыры бекем, шаңырағы берекелі болары сөзсіз.
Динара ТӨЛЕЕВА,
Ақмола облысының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының
кеңсе меңгерушісі.