Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімдері
Жас аналардың киімі – кимешек
Келіншек алғаш рет балалы болғанда орамал емес, оның орнына кимешек кие бастаған. Кимешекті кию құрметке ие болу деп саналған, яғни, келіншектің нәрестені дүниеге әкеліп жұбайының ұрпағын жалғастыруға мүмкіндік беретіні үшін қадірленген. Қазақтың нақылы: «Кимешек киім ғана емес – мәртебе. Кигеннің ажарын ашады, қарағанның мысын басады» деп бекерден-бекер айтпайды ғой.
Сонымен қатар, баланы емізіп отырғанда ананың кеудесі ашылып қалмас үшін кимешекті киген деп айтады. Осылай кимешек ана болғанның белгісі деп есептеледі. Жас әйелдер кимешектерін түрлі оюлармен, өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Негізінде кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен көбірек пішіліп әйелдің басын, иығын, кеудесі мен жауырынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдің жағдайын, жасын білуге болатын. Мысалы, егер кимешек тек қана ақ матадан, ешқандай ою-өрнексіз, кестесіз болса, бұл әйелдің жесір болып қалғанының белгісі болып есептелетін. Айта кетсек, әр жасқа сай кимешектің түрлері болады. Дәл сол себепті әйелдің жас не аса жас емес екенін білуге болады.
Әйелдің жасына жас қосыла бере, оның кимешегі де қарапайымырақ бола бастайды. Қазақстанның жерінде бұл бас киімнің әр алуан түрі бар, яғни, түрлі жерде оны басқалай, өзгеше тағады. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы келіншектердің кимешегі қысқа болып, алдынғы жағына бұрышы қиылған төрт гүл келеді, ал Сырдарья жерлеріндегі келіншектер бет жағы шаршы келіп, төменгі ұзын ұшы омырауға түсіп, төбесі жинақтала келе түйіліп, кейде-кейде оның үстіне бөрікше киілетін бүрмелі кимешекті киетін. Әйел дүниеге екінші баланы әкелгенде, оның кимешегінің үстіне шылауыш жабады.
Жас келіншектің киімі
Келін жұбайының үйіне келгенде, яғни, өзге үйдің босағасын аттағаннан кейін, оған жаулық салып өз қызы ретінде еншілеп алады. Тұрмысқа шыққан жас келіншек бастапқыда басына орамал тағып жүреді. Бұл орамалды тағуының себебі үй шаруасын атқарғанда шашы оған бөгет жасамамуы үшін, сонымен қатар, тамақ әзірлегенде шашы байқаусыздан жейтін тағам арасына түсіп кетпес мақсатымен. Кейбір адамдардың пікірі бойынша, жас келіннің орамал тағуының себебі ол тіл-көзден сақтануы үшін, себебі үйге жақын арада келін болып түскен олар, үйге жас келінді көруге келген көптеген адамдармен кездесуге тура келеді. Жас келіндер, әсіресе, ақ орамал тағатын. Неге ақ орамал десек, қазақтарда бұрын ақ орамал ақ ниеттің, адалдықтың белгісі болып есептелетін.
Егер киім жайлы айта кетсек, жаңа түскен келіншектің киімі бойжеткеннің киімінен айырмашылығы аса көп деп айтуға болмайды. Ең басты айырмашылығы ол бұрынғыдай бөрік не тақия кимей, қарапайым ақ немесе ашық түсті орамал тағуы. Дәл осы орамал арқылы қыздың тұрмысқа шыққанын білуге болады. Басқа айырмашылығы ол киімдерінің үлгілері бұрынғыдай болса да, яғни қос етек көйлек, камзол кисе де, олардың біраз қарапайымырақ болуы. Көйлектерінің жағасына қол инемен көркемдеп қайып тігіп қоятыны да бар болған, сонымен қатар, сол жағаларының өңіріне бірнеше түйме қадап қоятын. Бір сөзбен айтқанда, киімдері жас қыз болып жүрген кезінен айырмашылығы ою-өрнектерінің аз болуы және де маржан мен асыл тастарының саны бұрынғыдан кем болуы. Егер әшекей бұйымдар жайлы айтсақ, олардың қымбаттылығы да, саны да азаятын. Бұған себеп қыз келіншектің үй жұмысын атқаруға ыңғайлы болсын деп, сонымен қатар, аса бағалы әшекейлердің жұмыс істеп жүргенде бүлініп қалмасы үшін. Жалпы айтсақ, жас келіншектердің киімі тұрмысқа шықпаған қыздардың киіміне аса ұқсас, дегенмен бұл тек уақытша ғана. Келіншек бала туғаннан бастап басқа киім кию керек болатын.
Жас келіншектер аяқтарына етіктен гөрі мәсі киетін. Мәсі ол жұмсақ былғарыдан не құрымнан тігілетін аяқ киім. Етіктен айырмашылығы – өкшесінің болмауы, сонымен қатар, сыртынан кебіс кию керектігі. Кебіс те былғарыдан тігіледі, бірақ, оның басы жұмсақ былғарыдан, ал, табанын қатты ұлтаннан биік етіп тігеді. Жас келіншектер кебісті ою-өрнектеп тігеді, бұл сүйкімсіз көрінетін аяқ киімнің түрін жұмсартып, қыздың аяқ киіміне ұқсауына себептес болады.