Өңір өткенінен сыр шертеді

Өткен тарихымызға тағзымымыз әрі белгілі бір себептен алғысымыз болып табылатын «Көкшетау жерінің мақтанышы және даңқы» атты көлемді кітап жарық көрді.

Бұл кітап бұрынғы Көкшетау облысының тарихына арналған. 1993 жылы бұрын «Кокчетавская» деп аталып келген облыс «Көкшетау облысы» деп қайта аталған болатын. Мұның өзі ежелгі жер атын қайта қалпына келтірудің үлкен бір көрінісі болып табылып, әсіресе, осы өңірді мекендеген жергілікті ұлттың зор қуаныш сезімін туғызып еді. Талай марқасқа басшылар жетекшілік еткен, дамып өркендей түскен сан салалы өнеркәсібімен бірге, елімізге азық-түліктің де неше түрін, соның ішінде астықты да жылма-жыл үздіксіз мол мөлшерде беріп отырған осы бір іргелі облыстың 1997 жылы ойда жоқ жерде кенеттен жабылып қалуы әр көкшетаулықтың жүрегіне үлкен соққы болып тиді десек, артық емес.
Сондықтан, аталған кітапта очерк үлгісінде осы өңірдің өткенінен, оның даңқын шығарып, мақтанышына айналған еңбек ерлерінің жарқын істерінен, жалпы, облыстың қалыптасып, өз аяғынан нық тұрған жылдарынан көптеген материалдар берілген. Осының бәрін ескерсек, кітапқа қызығушылық білдірген кез-келген оқырман одан Көкшетау облысының 53 жылдық тарих, оның адамдары, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өмірі, сұлу табиғаты мен мол ресурстарының ел игілігіне айналуы туралы көптеген деректерді біле алады.
Осынау тірнектеп жиналған әрі құрастырылған үлкен еңбектің авторы бұрынғы комсомол, партия қызметкері, қазір зейнет демалысындағы ардагер Александр Татарский. Ол осы іске машықтанған қаламгер болмаса да, сонау Көкшетау облысы құрылған 1944 жылдан бастап, бертінге дейін келген облыстың шежірелі жылдарын бір кісідей көз алдымызға елестетіп өткен. Осы тұрғыда оның соңғы он жылдың көлемінде шаршамай-шалдықпай жинаған құнды деректері кітаптың мазмұнын байытып, әсерін арттыра түскен. Кітапта жалпы алғанда облыстың дамып, өркендеуінде, баянды бастамалары, игілікті істерімен Кеңес Одағына дейін танылуында жетекші орын алған 117 тұлға туралы сөз болады. Бұл дүниелер көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, кезінде еліміздің Министрлер Кеңесін басқарған Бәйкен Әшімов, үш бірдей облысқа жетекшілік етіп, ақыл-парасаты, іскерлігімен аты шыққан Еркін Әуелбеков, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағалығына дейін көтерілген Мақтай Сағдиев сияқты белгілі тұлғалардың ел басқару өнегесімен басталып, облыс атын шығарған ірі өндіріс өкілдері, қарапайым еңбек майталмандарының болмыс-бітімімен жалғасып кете барады. Кітапта бұрынғы Көкшетау облысын басқарған бірінші хатшылардың, облыстық атқару комитеті төрағаларының да аты-жөндері берілген. Оларға да көз салсаң, басы азамат соғысының ардагері Алексей Купаевпен өріс алып, елге жайлы болған Чапай Әбутәліпов ағамызбен аяқталатын кілең бір айтулы қайраткерлер.
Бағалауға тұрарлық елеулі еңбекте 56 еңбек адамына орын берілуі де кітаптың негізінен, облысты басқарған басшылыққа емес, осы өлкенің өркен жаюына өлшеусіз үлестерін қосқан қарапайым жандардың ел есінде қалуына бағыт ұстағанын да аңғартады. Тізе берсе, ол адамдар осы шағын жазбамызда көп орын алар еді. Десек те, шаруашылық жетекшілерінен Социалистік Еңбек Ерлері Ұлтай Нұрсейітов, Антон Левандовский, Николай Цой, даңқты еңбеккерлерден Сүйіндік Есмағамбетов, Ғибадат Оразалин, Тұрлыбек Әбілпейісов, Кенжетай Рамазанов сияқты өрендерді атай кетсек артық емес. Бұл кісілердің бәрі де өндірісте қол жеткізген үлкен жетістіктері үшін Еңбек Ерлері атағын алғандар.
Кітаптағы белгілі есімдердің бәрін атап тауыса алмайсың. Олар туралы білу үшін, облыстың өрге басуы жолындағы маңдай терлеріне, өр тұлғаларына бас ию үшін кітапты толық оқып шығу керек. Иә, бүгінгі таңда кешегі ырысы ақтарылып, берекесі бекем болған аудандары Ақмола облысы мен көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қосылған Көкшетау облысының аты өткен шақпен аталса да, даңқы ешқашан өшпейді. Кітап бізге осы бір қағидадан тағылымды сыр шертіп, осы күні көпшілік те аңсамай қоймайтын Қазақстанның кешегі бір жетекші аймағына саяхат жасатқандай болады.
Ендігі бір сөз осы кітаптың шығуына, яғни, баспа бетін көруіне дәнекер болған жандар туралы. Айталық, бұл еңбектің оқырмандар қолына тиюіне демеушілік жасаған партия, комсомол және ішкі істер органдарының ардагері Айдархан Бейсенбаев. Ал, автормен бірге осы кітаптың жақсылап өңделіп, рет-ретімен жөн-жобасын табуына үлкен үлесін қосқан екі тілде бірдей жазатын белгілі қаламгер Дәулетжан Ахметжанов. Алдағы уақытта Көкшетау облысының тарихы туралы бұл кітап қазақ тілінде де жарық көреді деген үміт бар.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар