«Қазіргі қазақ қоғамы үшін ана тіліміздің қадірі бар ма? деген сауал санамды жиі мазалайтын болды. Білімді ұрпақ өсіп келе жатқанымен, тілдері бөтен. Тілдері басқа болғасын, қазақша ойлап, қазақша сөйлемегесін, жүректерінде өз ұлтына деген жанашырлық сезім де болмай ма деп қорқасың. Үлкеннің де, кішінің де аузында тек орыс сөзі жүрсе, ана тіліміз қалай алға басады?!
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мектептерінің саны көбейгеніне қуанғанымызбен, мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің қазақ тілінің өркен жаюына негіз бола алмай отырғаны ащы да болса шындық. Бұл арада негізінен қаладағы мектептер жайлы айтып отырмыз. 11 жыл мектепте қазақша оқыған жастардың бо-
йында қазақ тіліне деген махаббат, құрмет, жанашырлық сезімі жоқтың қасы деуге болады. Себебі, олар мектептен тыс жерде – үйде де, түзде де, достарының арасында орысша қарым-қатынас жасайды. Алысқа бармай-ақ, бір ғана мысалды келтіріп өтсек, облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының алдынан қашан өтсек те немесе жұмыс бабымен бара қалғанымызда да орысша шүлдірлеген оқушыларды көреміз. Сабақта қазақша сөйлейтіндері анық қой, бірақ, сыныптан шыға салысымен ана тілдерін ұмытуға болмайды.
Шыр етіп дүние есігін ашқанда ананың әлдиі болып естілген ана тілі қашанда жүректің төрінде, санаңның әр бұрышында, не айтсаң да ана тіліңде айтқың келіп тұратындай дәрежеде болуы керек. Сол себепті, қазақ мектептері үшін білім мен тәрбиенің алды балаға ана тілін құрметтеуді үйретуден, ғұмырында қанша тілді меңгерсе де, қазақша сөйлеп, қазақша ойлап тұратындай негізін қалаудан басталуы керек. Себебі, ұрпағымыз білімді кез-келген жерден, тіпті кез-келген мемлекеттен де ала алады. Ал, ана тілдерін кез-келген жерде үйрене алмайтыны ақиқат.
Әлбетте, қазақ өз тілін бекерден бекер «ана тілі» деп атаған жоқ. Қазақтың тілін баласына үйретуге тиіс мектеп қана емес екенін бәріміз де білеміз. Қазақтың тілін баласына ең бірінші қазақтың өзі үйретуі тиіс. Ана тіліміздің бүгінгі аянышты халін көре тұра бір селт етпейтін қаракөздерімізге ызам келеді. Өздері де орысша сөйлегесін, балаларын да сол тілге үйреткен сондай ата-аналардың қылығы буынсыз жерге пышақ ұрғанмен тең. Әлемге «бірлігі жарасқан» деп танылған халқымыздың мемлекеттік тілдің керегесін кеңейтуге біріге алмай отырғаны қалай? Өзге ұлттар мемлекеттік тілді үйренуге құлшыныс танытып жатыр-ау, кері тартып тұрған өзіміз емес пе?
Баласының тілі орысша шыққанына мақтанатын ата-аналарды да көзіміз көрді. Үй ішіндегі үлкендердің бәрі қазақша сөйлейтін отбасылардың бүлдіршіндері де орысша шүлдірлеп тұр, тіпті қазақша мүлде сөйлемейді деуге болады. Ата-аналарынан мұның себебін сұрасаңыз, «Телефоннан орысша мультфильмдерді қарағасын тілдері өздігінен орысша шықты» деп жауап береді. Өкініштісі сол, енді бұл олқылықтың орнын түзеп, «баламның өз тілін білмегені жарамас» деген ой қазіргі ата-аналардың санасына кіріп-шықпайтын секілді. Керісінше, балалары орысша сөйлегесін әке-шешелері де солардың ырқына көніп, соларға «түсінікті» тілде сөйлесуді жөн санайды.
Осыдан барып бүгінгі қазақ қоғамы үшін өз тіліне деген көзқарасының қаншалықты төмен екенін пайымдай беруге болады. Кешегі Ахмет, Мағжан, Сұлтанмахмұт секілді қайраткерлеріміз тіл үшін жандарын да беруге даяр болды. Ал, біз өз тіліміз үшін шөп басын сындыруға да жарамай келеміз. «Тілім» деп еміренген асыл ерлер келешекте қазақ тілін өз қазағы өзектен тебеді деп ойлады ма екен? Қаракөз аналарымыздың көшеде қаршадай баласын жетектеп, орысша сөйлесіп бара жатқанын көргенде тіліміз үшін жүрегім ауырады. Қайран қазағым-ай, тіліңнің қадірін қашан ұғынар екенсің?
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.