Өткізіп өмір деген қас-қағымды…

Қазақстан журналистер акедемиясының академигі, белгілі журналист, жазушы, ақын, желтоқсан күрескері,  ұлтжанды азамат Әділбек Қаба Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Бүгінгі күнге дейін Тіл комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген Әділбек Қаба бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Тіл саясаты басқармасының басшысы, «Тіл және қоғам» журналының бас редакторы қызметін атқарған болатын.
Сондай-ақ, Әділбек Қаба 30 жыл ішінде «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде бас редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарған танымал қаламгер.
Ол екінің бірі батылы жетіп айта бермейтін ұлттық проблемаларды көтеріп, қоғамдағы қордаланып қалған небір түйткілді мәселелерге биліктің назарын аудартып келеді.
Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Әділбек Қаба ойлы оқырманына жалынды жырлары мен тұшымды әңгімелері арқылы да жақсы таныс. Сонымен қатар, оқырман қауым қаламгерді «Сіз бақытты болыңыз», «Махаббат маусымы» жыр жинақтары және «Қабір қазған», «Қасиет», «Мыңнан бір мезет» атты әңгімелері арқылы біледі.
Қашанда қарапайымдылығынан танбайтын ұлтжанды азамат Әділбек Қаба мырзаны жаңа қызметімен құттықтай отырып, газетіміздің бүгінгі санында оқырмандарымызға бір топ өлеңдерін ұсынғанды жөн көрдік.

Топырақпын, адаммын!

Бар тіршілік әмәннан,
Топырақтан нәр алған.
Тіпті… бекзат Адам да,
Топырақтан жаралған.

Керегі де, қорегі,
Топырақтан өнеді.
Түптің түбі бәрі де,
Жер қойнына енеді.

Туады да… өледі,
Топыраққа көмеді.
Адам адам болғалы,
Осылай боп келеді.

Кеудесін біреу кереді,
Байлығына сенеді.
Дүние жалған басынан,
Көшпейтіндей көреді.

Білмейді-ау жалған өтерін,
Машхар күні жетерін.
Бекзат тәні топырақпен,
Араласып кетерін.

Топырақ тисе қағасың,
Кір жұққандай боласың.
Алайда мәңгі мекенді,
Топырақтан табасың.

Топырақпын – Адаммын,
Топырақтан жаралдым,
Топыраққа барармын
Топырақ болып қалармын…
(2018 жылғы 7 ақпан)

Әр адамның ішінде екі бөрі

Адам мәңгі бақытты боп жүрмейді,
Бірде Ақыл, бірде Ашу билейді.
Ырылдасып, бірін-бірі жүндейді,
Не жетпейді… өздері де білмейді.

– Мисал айтам, әрекет қыл,
түсін де, – деді ақсақал,
– оңалады ісің де,
әр адамның біле білсең, қарағым,
Екі бөрі отырады ішіңде…

Қара бөрі сақ-сақ ұрып азуын,
Қаратпайды, бар ма, жоқ па жазығың.
Ал ақ бөрі беріспейді, күзетіп,
Өзгертуге Жаратқанның жазуын.

Ақсақалдың үміт артқан өрені,
Көп күтпестен сұрақ қоя жөнеді,
– Сонда менің ішімдегі бөрінің
Айтшы Ата, қайсысы жеңеді?

Әуел баста екі бөрі тең келер,
Өсе келе бір-біріне жол берер…
Ол әркімнің өз қолында, қарағым,
Қай бөріні көп жемдесең, сол жеңер!

Ақиқатқа жүрегіңді айқара аш!
Көк бөрінің ұрпақтары байқамас.
Өз ішіңде жүріп жатыр ей, пенде,
Ақ пен қара арасында тайталас…
(2018 жылғы 6 ақпан)

Тауларым-ай!

Арқар атып, кұлан қуып өскен жер,
Қараша үйді өгізге артып көшкен бел.
Кекілімді желпуші еді, дәурен-ай,
Хан Тәңірден еркелете ескен жел.

Тауларым-ай, аспанменен тілдескен,
Бұлтты жарып, көк Тәңірмен үндескен.
Тауда туып, тауға қарап өспесем,
Биіктіктің не екенін білмес пе ем?

Бала шақтан уайымсыз күн кешкен,
Пір тұтыппын, өзім де оны білместен,
Менің пірім тау болмаса, кім білсін,
Ұсақтықпен арпалысып жүрмес пе ем…
(2018 жылғы 21 ақпан)

Осы халім…
Бір жаққа асығамын,
Осы сарын,
Үнемі осы халім.

Әлденеге…
Үлгерместей болып тұрам,
Несі барын.

Жәйбарақат,
Өзге елдің баласындай,
Неге өмір сүрмеймін, аласұрмай.

Осы сарын,
Үнемі осы халім…
Бірдеңеге үлгермей қалатындай.
Сап, сап көңіл,
Сен неге асығасың,
Күніне мың өрекпіп басыласың.

Күнде асығам… ашуға құпияңды,
Ей Өмір!
Менен нені жасырасың?
(2018 жылғы 6 тамыз)

 Нағыз ақын…

Сүйетіндер көп болар, сүймейтіндер,
Түйрейтіндер, көре алмай күндейтіндер.
Жүндейтіндер, есікке сүйрейтіндер,
Қадірін қара өлеңнің білмейтіндер.

Міндейтіндер… жел сөзді үрлейтіндер,
«Мен тұрғанда мынауың кім?» дейтіндер,
Күндейтіндер! Мәңгілік жүрмейсіңдер,
Кім кетіп, кім қалады… білмейсіңдер.

Нағы зақын – тілден бал тамызатын,
Қаһарланса тастан қан ағызатын,
Аңыз атын, қалдырар қазынасын,
Жырлармен тасқа қашап жазылатын.

Бір легі ақынның үгіледі,
Үгіледі тірліктен түңіледі…
Үзіледі… арақ боп жүгінері,
Тірліктің қалмаған соң түк реңі.

Бір легі осылай сүрінеді,
Ілігеді мәреге ірілері,
Ұмытылса шыққанда-ақ бірі демі,
Нағыз ақын өлген соң тіріледі.

Жеткіз,жұртқа Жеткіз,жұртқа    ұлт үнін!

Тіл – Ұлтыңның жүрегі,
Ұлт – Азаттық тірегі.
Доспанбет пен Шалкиіз,
Шайырлардың тілі еді.

Кешегі бабаң кім еді,
Елінің болған тірегі,
Асан Қайғы, Қазтуған,
Жыраулардың тілі еді.

Тілімен Қазақ Ұлы еді,
Тілі бай елдің бірі еді,
Ақтамберді, Бұқарды,
Жатқа айтып жүр еді.

Биліктегі ұрпақ легі,
Өз тілін қашан сүйеді?
Абай мен Жамбыл тілі еді,
Қазақ деп соққан жүрегі!

Құрметтеген бұл елі,
Энциклопедия бір өзі,
Қанышпенен Марғұлан,
Ғылым жайған тіл еді.

Тоқтағанша жүрегі,
Тілі болып сүйері.
Мұқағали, Қасымдар,
Жырын жазған тіл еді.

Айтылғанмен үнемі,
Еліміздің жүрегі.
Астанада көп жиын,
Өзге тілде жүреді.

Қаланың мектеп түлегі,
Тілін шала біледі.
Үйінде де сыртта да
Шүлдірлесіп жүреді.

Табылмай тұр бір емі,
Рухың неткен құл еді.
Көп қазақтың отбасы,
Бір-ақ тілді біледі.

Болса да Қазақ сүйегі,
Өзгеге басын иеді.
Бабалардың атпай ма,
Аруақтары киелі!

Қазақсың ба, қарағым,
Ұлт мүддесі дара мың!
Ұлт тіліне көшіңдер,
Осы болсын талабың!

Өмірде қалса бір күнің,
Жеткіз! Жұртқа ұлт үнін!
Әрқайсың қазақ үлес қос,
Тілін сүйсін ұл-қызың!

Дүние жалған
Біз де өтерміз… өтер өмір, өтер күн,
Қайран жүрек, қай күні тоқтар екенсің…
«Дүние жалған» деп еді бабам… екен шын,
Тәттісің… бірақ бөтенсің.

Бала да болдым… аға да болдым, тоқталдым,
Дүниені өзгертпек боп та оқталдым.
Тағдырым мені тақымға салып сүйрелеп,
Құз басынан құларман болып…
шақ қалдым.

Ей, жарық дүние, аялы менің мекенім,
Өтемін! Білем… тәрк етіп сені кетемін.
Өтпестей болып көрінген өмір… білмеппін,
Әр секундыңның да санаулы ғана екенін.
(2018 жылғы 12 мамыр)

Қазағым – ұлтым менің!
Қазағым! Ұлтым менің – ырыс, құтым,
Елім аман, жер болсын, тыныш, бүтін.
Тірлігі мен бірлігі жарасатын,
Сүймейді бейбіт, дархан ұлысты кім!

Қазағым, Азат елім, Жерің – Жаның,
Ана тілің  – Рухың, сенің арың!
Жерің барда – тілің бар, дінің аман,
Анаңды сүйгендей сүй, топырағын!

Қазағым, Ұлы дала арыстаны,
Жасындай жарқылдаған Намыстары!
Отан үшін ойланбай отқа түсіп,
Ұлт үшін жанын қиған Арыстары!

Қазағым, аманатым, Арым менің,
Бақытым, бар байлығым, бағым – Елім!
Әр қызы Алашымның – Ел Анасы!
Қазақтың әр баласы – Нарым менің!

Бір дәрі ойлап тапсам ба екен?..
Арыңды сатасың, пұл тапқың кеп,
Жағымпаз, жалтақ, бұлтақсың көп…
Анаң  қуанып, қалжа жеді- ау,
Еліме қорған ұл таптым деп.

Ұл емес, құл болғаның ба,
Іргедегі итпен бір болғаның ба?
Қожаң құйған іркітке мәз болып,
Жағымпаздарға пір болғаның ба.

Жағымпаз, жемқор арандас тегі,
Арлы еркек оған бара алмас еді,
Анаң бейшара  тумап еді ғой,
Өзгенің артын жалауға сені.

Семіріп алыпсың, түрің майланып,
Қампиған қарныңа ірің байланып.
Көсемсисіңдағы… ел қамына келгенде,
Мылқауланасың, тілің байланып.

Анаңның туған тілін сүймейсің,
Салт-дәстүр, ғұрып, бірін білмейсің.
Боққарынның қабы ғанасың
Тірі өлік екеніңді біліп жүргейсің.

Бұл өлеңді оқып налып отырсың,
Кек қанжарыңды жанып отырсың.
Жағымпаз, бұл жыр дәл сен туралы,
Білемін, өзіңді танып отырсың.

Жасын боп аспаннан ақсам ба екен,
Жай болып сендерді атсам да екен…
Жаппай жайлаған жағымпаздыққа,
Бір дәрі ойлап тапсам ба екен…

 Өкпелеме күндерім… Өкпелеме  күндерім…

Бұлт үстінде келемін қанат қағып,
Тәңірден сыр ұғуға талаптанып,
Өмірімнің кітабы орталады,
Күндегісін күнде оқып, парақталып.

Төбемде Күн! Ақ бұлттар табанымда,
Жиналған жүн секілді сабалуға.
Жерде дәмі біткендер аспанға ұшып,
Бұлт астында басқалар жаралуда.

Өткізіп, өмір деген қас қағымды,
Күйбеңге қор қыласың жас шағыңды.
Ақ бұлттың астындағы қу тірлікте,
Тауға-тасқа соғасың бастарыңды.

Ей, ақша бұлт, сен қайда асығасың,
Жөңкілесің, толқисың, басыласың.
Күн мен Жердің арасын бүркемелеп,
Күнәларын адамның жасырасың.

Жерге қонам, қайтемін жерге қонам,
Періште емес, күнаһар пенде болам.
Өттің, кеттің…Мен саған өкпе артпаймын,
Өкпелеме, күндерім сен де маған…
(Ұшақта туған жыр)

Кірлетіп  алма арыңды…

Көреді Тәңірі жылағаныңды,
Береді қалап, сұрағаныңды,
Құдайыңды ұмытып, құнығып кетпей,
Таза ұстағайсың, бірақ арыңды.

Ішерсің, киіп ұнағаныңды,
Тойғызарсың-ау, мына қарынды.
«Ұмытып кетпе!», – дейді екен Алла, –
«Дүние беріп сынағанымды».

Тұрғызар демеп, құлағаныңды,
Көбейтер адал құрағаныңды.
Қолың кір болса, жусаң кетеді,
Жусаңда кетпейді, бірақ арыңды.

Отқа күйдіріп, талай залымды,
Тозақта өртеп, сұрақ алынды.
Қанды қол қолын күнде жуар-ау,
Қан жұққан қайтпексің… бірақ арыңды.

Шешімін таппай арыз-шағымы,
Талай байғұстың тауы шағылды,
Парақор, жуарсың арам қолыңды,
Қалай жумақсың, бірақ арыңды.

Мансап көретін арқадан қағуды,
Кісі артын жалап, қайтсе де жағуды.
Жағымпаз, аузын күнде жуар-ау,
Қалай жуасың бірақ арыңды.

Дүмбілез ұрпақ туа қағынды,
Ар көрмей әркімнен туа салуды.
Қырық күн бойы жуынсаңдағы,
Тазарта алмассың бірақ арыңды.

Ей, Алла берші, сұрағанымды,
Іс қыл деп елге, сірә жағымды.
Білемін, қатал сыналарымды,
Кірлете көрмеші, бірақ арымды.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар