Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сұхбат - АРҚА АЖАРЫ

Сұхбат

Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл МУСИНА:

«Коронавирустың екінші толқыны келе жатыр, өз-өзімізге және жақындарымызға жанашыр болайық!

«Күз маусымы келуімен тұмау, жедел респираторлы вирустық жұқпалар тәрізді маусымдық аурулар басталады. Шартарапты әуре-сарсаңға салған Коронавирус індеті көктемде біздің де елде басталып, халқымыз біраз қиыншылықты басынан өткерді. Енді осы індеттің екінші толқыны болады деген жорамал бар». Коронавирус індеті кей мемлекеттерде қайра басталып кеткен, ал, кейбірінде індет пайда болғалы мүлде тоқтамаған. Осы орайда, тұмау мен коронавирустың өңірде белең алып кетпеуі, оның алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқандығы туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинамен әңгімелескен болатынбыз.

–Айнагүл Советқызы, елімізге көктемде батпандап кірген індетпен алысып, карантиндетіп жүргенде, күз мезгілі де келіп қалды. Күн де салқын тартып барады. Осындай ауа райының салдарынан халық арасында респираторлы жұқпалы аурулар тез таралатыны белгілі. Сонымен бірге, коронавирустың екінші толқыны да келе жатыр. Осы індеттердің таралып кетпеуі үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
–Шынымен, күзбен бірге маусымдық вирустық аурулар келіп, көптеп тіркеле бастайды. Жыл сайын жүргізілетін мониторингтарға көз жүгіртсек, 1 қазаннан бастап, 1 мамырға дейінгі аралықта 25 мыңдай жедел респираторлы жұқпалар оқиғасы тіркеледі екен. Өткен жылы 21 мың ЖРВИ, 84 тұмау оқиғасы тіркелді. Алдын алу мақсатында жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша жергілікті тұрғындар арасында оған қарсы иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 10 пайызын екпемен қамту қарастырылған. Биыл бюджет қаражаты есебінен ресейлік «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Бұрын да қолданылған бұл вакцинаның адамға ешқандай кері әсері жоқ. Сондықтан, 15 қыркүйектен бастап, тұмауға қарсы осы вакцинаны еге бастадық. Коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін, сондықтан, екі жұқпалы індет бір-бірімен қабаттасып кетпеуі үшін екпе егуді екі апта бұрын бастап кеттік. Биыл медициналық ұйымдар мен облыстық бюджет бөлген қаржыға 82 мың доза сатып алынды. Бұл мөлшердегі екпе жергілікті тұрғындардың 11 пайызын қамтығалы отыр. Бұдан бөлек ақылы вакцинация жүргізіледі. Қазір тек бюджет қаражаты есебінен алынған вакциналар тұрғындарға егіліп жатыр. Жалпы, кез-келген жұқпалы ауруға қатысты иммунитет екі апта ішінде қалыптасады. Ал, вакцинация бұл індетті алдын алудың спецификалық түрі. Жалпы, тұмаудың алдын алудың спецификалық емес те түрлері бар, ол коронавирустың, басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу кезінде қолданылатын қорғану тәсілдері, яғни, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена сақтау, дұрыс тамақтану, С витаминін көбірек пайдалану, иммунитет көтеретін препараттарды қабылдау, тұрмыстық қарым-қатынаста тазалық сақтау. Сонымен бірге, тұмаудан фитоцидтер арқылы қорғануға болады. Мәселен, сарымсақ пен пиязды жиі жеу керек. Сонымен бірге, балалардың денсаулығын сақтау үшін олардың организмін жыл бойы салқынға үйрете беру керек. Салқындаған кезде балаларды бірден суыққа алып шықпай, ақырындап балконға, дәлізге шығарып, организмдерін дайындау керек.
–Қыркүйек басталғалы күн салқындады. Облыста тұмаумен немесе жедел респираторлы вирустық жұқпамен келген науқастар бар ма? Осы орайда, мониторинг жүргізіліп жатыр ма?
–Бұған дейін біз мониторинг жүргізуді қазан айынан бастайтынбыз. Бірақ, биылғы жыл денсаулық сақтау саласы үшін ерекше жыл болғандықтан, қыркүйектен бастап қадағалап отырмыз. Алғашқы аптада емханаларға 166-200-дей адам шағымданыпты, бұл келіп тіркелгендері ғана. Ал, тіркелмей қашықтықтан сабақ оқып, жұмыс істеп жүргендері қаншама… Нақты көрсеткіш бұл саннан он еседей көп болуы мүмкін. Себебі, айналамызға қарасақ, ересектерден бастап, балаларға дейін түшкіріп жүр. Жалпы, үйде жатып, ауырғандар болса, 38 градустан температурасы асып кетсе, жедел жәрдем шақыруы керек. Үйден шықпай, жеке бас гигиенасын сақтаған абзал. Дәрігермен кеңесіп, дәрі қабылдап, жұмысқа бармаған дұрыс. Қазір денсаулығына байланысты бюллетеньдерді жедел жәрдем қызметі де бере береді. Сондықтан, қоғамдық орындарға бармай, әркім үйінде емделгені жөн. Медициналық ұйымдардың жұмыс уақыты осындай эпидемиологиялық кезеңде кешкі сағат 20.00-ге дейін ұзартылады.
– Тегін вакцина белгілі бір топтарға ғана есептелген шығар. Ақылы вакцинаның құны қанша болады?
–Бағасы адамдардың сатып алатын вакцинасына байланысты. Егер ресейлік вакцина болса, шамамен 2 мың теңгеден басталады, оған қоса, медициналық қызметшінің қызметіне төлейді. Біз сатып алған ресейлік «Гриппол+», ал, француздардікін алса, ол біршама қымбаттау. Одан басқа да түрлері бар. Десе де, вакциналардың құны өткен жылдармен салыстырсақ, 3 мың теңгеге дейін бару мүмкін. Ал, тегін вакцинамен ең алғашқы кезекте науқастармен қарым-қатынасқа жиі түсетін медицина қызметкерлері, одан кейін созылмалы ауруға шалдыққан балалар мен ересектер, жүрек-қан тамыры, тыныс жүйесі ауруларымен диспансерлік есепте тұрғандар, жүктіліктің 2-3 триместрінде жүрген әйелдер, әлеуметтік медициналық көмек көрсету орталықтарында жатқан адамдар қамтамасыз етіледі. Бүгінде облыс-
та екпе жасауға арналған 2 жүзден астам кабинет дайын, медициналық қызметкерлерге вакцинацияға қатысты арнайы семинарлар ұйымдастырылып, медбикелер екпе егу бо-
йынша аттестаттаудан өтті. Екпе егу кезінде міндетті түрде ақпараттандыру келісімі толтырылады.
–Бұл ақпараттар жедел респираторлы вирустық ауру мен екпеге қатысты. Ендігі арада коронавирус індетіне ауыссақ. Алғашқы толқыны еліміз үшін қиынға соққаны белгілі. Қазіргі уақытта бұл вирус толығымен кетпесе де, жұрттың жаппай ауруы азайды. Енді екінші толқыны басталады дейді. Жалпы, алғашқы толқыны біздің облыста қалай өткендігін қорытындылап өтсеңіз…
–Шынымен, індеттің таралуы біздің облыс-
та өте ауыр өтті. Өңірде індеттің шарықтау шегі маусым және шілде айларында болды. Маусымда 1 мыңнан астам адам ауырса, шілдеде 1300 оқиға тіркелді. Тамызда бұл көрсеткіштер екі есе төмендеп, 760 оқиға тіркелді. Қыркүйекте 400-ден астам адам вирустық пневмониямен емделді. Жалпы, қазіргі жағдай бойынша облыста індет басталғалы 3452 оқиға тіркеліпті, оның 77-сі қайғылы. Бүгінгі 17 қыркүйектегі мәлімет бойынша, соңғы тәулікте 3 оқиға, соңғы аптада 19 оқиға тіркелді. Қоғамдық денсаулық сақтаудың Ұлттық орталығының математикалық модульді есептеулеріне сүйенсек, облыста індеттің таралу шегінде жағымды және жағымсыз жақтары бар. Карантин шаралары қатаң болған тұста, аймақта эпиджағдай жақсарып, көрсеткіштер төмендеген, ал, карантин сақталмаған кезде жағдай нашарлаған. Жалпы, облыс аумағында індет қайталанатын болса, қазір резервтік 6 мың төсек-орын дайын тұр. Оның 5 мыңнан астамы медициналық мекемелерде болса, қалғандары колледж, сауықтыру орталықтарының базаларында. Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, егер алда-жалда індет дендеп, бұл төсек орындардың 50-70 проценті толса, онда қатаң облыста карантин шаралары қолданылады. Математикалық модельдеу негізінде есептелген алдын ала болжам бойынша 15 қараша кезінде індеттің таралуы күшейе түседі деген жорамал бар. Алдыңғы болжамдар бойынша берілген есептеулер расталды, сондықтан, бұған бейжай қарамау керек.
– Сонда індеттің белгілі бір уақытта келетінін немесе белгілі бір күндері шарықтау шегіне жететіндігін қайдан білеміз?
– Мұндай алдын ала болжамды есептеулерді жасағанда медициналық институттар, ғылыми орталықтардың мамандары тартылады. Олар математикалық модельдеу методикаларын пайдаланып, бірлесіп есептейді. Барлық мемлекеттер осындай методикалық әдістерге сүйенеді. Қазір біздің облыстан екі маман осы бағдарлама бойынша оқып жатыр, олар оқып болған соң өңірдегі, аудандардағы жағдайлар бойынша есептеулерді алдын ала жүргізіп отырады.
–Індет дендегенде эпидемиолог мамандарының қадірін түсіндік. Олардың жетіспеушілігі қатты сезілді. Енді осы мәселені қалай шешпекшісіздер?
–Қазір де эпидемиолог, вирусолог мамандар жетіспейді. Маман тапшылығы әлі де сезілуде. Алдағы уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жеке бөлініп, комитет құрылады деп күтілуде. Қазір облыста 219 ставканың 37 вакансиясы ашық. Бұрын конкурс өткізгенде, ешкім біздің қызметке құжат тапсырғысы келмейтін, қазір бұл жағдай азырақ дұрысталды. Қазіргі уақытта Қарағанды медициналық университетінде санитарлық қызмет мамандарын жедел оқыту курстары ашылды. Онда біздің бірнеше адам білім алып жатыр. Бұл әрине, жағдайды толық шешпейді, бірақ, азырақ сеп болады деп ойлаймын.
–Індеттің бірінші толқынында медициналық қызметкерлері жоқ ауыл-аймақтардың адамдары қатты қиналды. Не дәрі-дәрмек жоқ, не ем жүргізу шараларына рецепт жазып беретін дәрігер жоқ. Екінші толқында осы жағына қалай көңіл бөлінеді?
–Қазіргі уақытта елді мекендерді медициналық көмекпен қамту үшін арнайы мобильді бригадалар құрылды. Ақкөл және Атбасар аудандарында жақын ауылдар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары келіп, ПТР тестен өтулері үшін ветеринарлық лабораториялар базасында орталықтар ашылды.
–Коронавирус деп ел дүрлігіп, қазір барлық әлеуметтік желілер, ақпараттандыру құралдары бәрі тек сол жайында ғана мәлімет тарататын болды. Жалпы, осы кезеңде, коронавирустың алғашқы толқынында басқа жұқпалы аурулар қайда кетті? Мәселен, қызылша, ішек инфекциялары дегендей…
–Өте орынды сұрақ. Шынында, карантин жарияланған кезде көптеген жұқпалы аурулардың таралуы азайды. Карантин талаптарын орындау мен жеке бас гигиенасын сақтаудың, адамдардың өз-өздерін оқшаулауының арқасында көптеген жұқпалы індеттер қозған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды, барлық жұқпалы індеттің алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтап, жиі қол жуу керек, әлеуметтік арақашықтықты қадағалап, адамдар көп жерге бармауы қажет. Мысалы, ауамен, тыныс алу жолдарымен таралатын жұқпалы індеттердің ішінде қызылша ең тез және көп адамға бірден жұғатын контагиозды инфекция. Карантин уақытында бұл аурумен ауырған науқастар мүлдем тіркелмеді. Сонымен бірге, балаларымыз жиі ауыратын жұқпалы ішек аурулары да тіркелген жоқ. Бұл білім ордаларындағы асханалардың жұмыс істемегендерінен, адамдардың көптеп жиналмауынан, қарым-қатынастың аз болғандығынан. Сол себепті, қол жуу мен маска тағу көптеген індеттің бетін аулақ етеді. Қарым-қатынас азайған соң, вирустық гепатит, бруцеллез де тіркелген жоқ. Карантин жұқпалы инфекциялардың азаюына көптеп септігін тигізді. Алдыңғы жылдары қызылшадан екпе алмай, бас тартулар көп орын алғанда, жұқтырушылар саны көп тіркелді, ал, қазір екпе алмаса да, қарым-қатынастың аздығынан тіркелмеді. Коронавирустың үдеп кетпеуі үшін халықтың 90 процентінде оған қарсы иммунитет қалыптасуы тиіс екен. Қазір әлем бойынша да адам ағзасында ондай иммунитет жоқ. Ал, оған қарсы тұра алатын иммунитет толық қалыптасу үшін егетін вакцина болуы керек, немесе адамдардың барлығы ауырып тұруы керек. Қазіргі уақытта әлем бойынша ғылыми орталықтарда вакцина жасау жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. 20 мемлекет вакцина жасауға нақты кірісіп отыр. Сондықтан, жағдайды қорытып, бірдеңе айту үшін де пандемия аяқталуы керек. Ал, дүние жүзінде ол әлі де жүріп жатыр. Кейбір мемлекеттерде мүлдем тоқтаған да жоқ.
–Енді әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыз, коронавирусқа қатысты өте көп ресми және бейресми ақпараттар өріп жүр. Соның ішінде коронавирустың екінші толқынында балалар ауырады деген мәлімет бар. Осы қаншалықты рас?
–Иә, балалар ауырады деген ақпарат бар. Бізге осы тақырыпта медицина ғылымдарының профессорлары келіп, арнайы дәрістер оқыды. Басқа мемлекеттердің балалар инфекционистері де осылайша дабыл қағуда, яғни, балалар да полиорганды жетіспеушілік синдромына ұшырауы ықтимал. Сол себепті, карантин жеңілдетілгенде балалардың ұжымдық орталықтарын толық ашпадық. Қазір мектептер бірінші тоқсанды сол үшін қашықтықтан оқуда, балабақшаларда тек кезекші топтар жұмыс істейді. Мұның барлығы індеттің алдын алу үшін жасалып отырған шаралар. Бес жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға болады, бірақ, оларды адам көп шоғырланатын жерге апармаған дұрыс. 12 жастан асқан балалар ересектер секілді коронавирусты жұқтырып, өздері ауруды сезінбесе де, таратады. Бірақ, кейін денсаулықтарының сыр беруі мүмкін. Сол себепті балаларды байқау керек. Қазір мезгіл ауысып жатыр, күн суытып барады, балаларды жыл мезгіліне сәйкес киіндіріп, індеттен сақтану шараларын ұмыт қалдырмау керек. Індет дендеп кеткен кезде ғана адамдар қорыққаннан гигиеналық талаптарды сақтап, өздерін оқшаулауға тырысты, індет төмендей бастап еді, барлығын ұмытуда. Сондықтан, індет кетсін, кетпесін өз денсаулықтары үшін адамдар жеке бас гигиенасына аса мән беріп, күнделікті тұтынатын тағамдарын құрамында С дәрумені бар өнімдермен байытуы керек. Балаларға, әсіресе, қазіргі уақытта дәрумендер беру керек. Қоғамдық көліктерде көп жүре бермеген дұрыс. Оның ішінде ауырып жүргендер де болуы мүмкін, егер масканы дұрыс тақпасаңыз індет жұқтырып аласыз. Тұмаудың, ЖРВИ-дің алғашқы симптомдарын байқасаңыз, бірден вирусқа қарсы препараттар беріп, емдеу керек. Егер ауырып қалып, амбулаторлық ем алатын болсаңыз, сізге вирусқа қарсы 5 дәрі-дәрмек тегін беріледі. Нақты айтқанда, температураны түсіретін «Парацетамол», «Ибупрофен», антикоагулянттардан «Ривароксабан, «Апиксабан», «Дабиготран».
–Биылғы жағдай санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің маңызды екендігі айқындалды. Осы орайда, жаңа ведомство құрыла қалса, одан не күтесіздер?
–Иә, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен фармациялық бақылау комитеті ашылады деп ойластырылып жатыр. Оның барлығы алдағы уақыттың еншісінде. Санитарлық эпидемиолог мамандардың жетіспеушілігі ведомстволарды қысқарту мен еңбекақының аздығынан туындап отырған жағдай ғой. Эпидемия болғанда эпидемиологтарға көп жүк түседі. Эпидемиологиялық ортаны зерттеу, тексеру, алдын алу шараларын ұйымдастыру, осының барлығына көп уақыт кетеді. Ведомство құрылса, жағдай дұрысталады деп ойлаймын. Қазір біздің қызметкерлерге 212 мың теңгеден үстемеақы төленді. Бұл үстемеақы кадрлардың тұрақсыздығын азайтты. Жалпы, санитарлық эпидемиологиялық қызметте жұмыс істейтіндерге мемлекет тарапынан дәрігерлерге көрсетілетін қолдау-көмек секілді жағдай жасалмайды. Баспана алу үшін мемлекеттік қызметші ретінде 7-20-25 бағдарламасына ғана қатыса алады. Алдағы уақытта комитет құрылса, еңбекақымыз да дұрысталады деп ойлаймыз.
–Сөз соңында біздің оқырмандарымызға тағы қандай кеңес бересіз?
–Кез-келген індеттің алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтап, тазалыққа жақын болу керек. Өз-өздеріңізді барынша оқшаулаңыздар. Қалалық жерде тұратындар қоғамдық көліктерге көп мінбегені жөн. Егер баратын жеріңіз 2-3 аялдамалық жер болса, жаяу барған жөн. Себебі, қоғамдық көліктер де індет таралатын орын. Сосын жиі қол жуу, антисептик, резеңке қолғапты ескеру керек. Қазір шет мемлекеттерді бақылап отырсаңыздар, індет қатты жүріп жатыр. Күніне 50-80 мыңға дейін адамдар тіркелуде. Біздің қазақстандықтар шекаралар ашылғаннан кейін шет елдерге демалысқа кетті. Олар індетті бірге ала келуі мүмкін. Сондықтан, абай болған жөн. Есте болсын, бір ауырған адам 4 адамға дейін жұқтырады. Ал, біздің облысқа індет Нұр-Сұлтан қаласынан, курорттық аумақтардан келеді. Пандемия жалпы, әлі аяқталған жоқ. Күн сайын әлемде індет жұқтырушылар саны өсіп жатыр.
–Бәрін қамтыған әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар