Мұхамедия Жұмағалиев
Ұстаз
Ардақты да ардагер ұстаз,
абзал аға Татухан Абылайхановқа
Томнан кейін…шықты талай томдарыңыз,
Тамаша ән… атты арай таңдарыңыз!
Оқулық та жаздыңыз, жыр жинақ та,
Осылай өнер – өмір болған аңыз…
Сеңгірінде сексеннің шаршамай да,
Өжет, өр боп өстіңіз қаршадайдан.
Қайсарлықпен жеттіңіз осы күнге,
Қандай заман болса да, қанша майдан!
Келгенмен қыс, көктем… жаз… күз де өтіп,
Келер күннен үмітті үзбеген түк.
… Тоқсан жасқа тоқтамай, Жығылсаңыз – жығыларсыз тік тұрып… жүзге жетіп!
Қайран-ай!..
Түске енген, найман-қыз,
Түскендей бір айдан қыз.
Көкжалына Көкшенің
Кез болдыңыз қайдан, Сіз?!
Қолымдағы айнам-қыз,
Қалмады ғой айлам, қыз…
Тамыр болып жүрейік,
Тамыры бір найманбыз!
Айналайын найман қыз,
Айға қолды жайғанбыз.
Арыстандай мерт болып,
Талай мұзға тайғанбыз.
Арман болған найман-ай,
Бастан бақтың тайғаны-ай.
Айла таппай жүр ағаң,
Ай қарап бос…
Қайран-ай!
Қарай берем
«Сағынғаннан сені ойлап…»
Абай.
Әндейсің бір әдемі,
Сәндейсің бір кәделі.
«Сұлу қызды сүймектік» –
Абайдың жыр, мәтелі.
Өлеңдейсің – жылға азық,
Елеңдейсің, Гүл-нәзік.
Тебіренем мен неге,
Телегей бір жыр жазып?!
Елжіреткен күй-сынды,
Еліктейсің сүйкімді.
Елікпейсің ал, қайтіп,
Елегізіп бір түрлі.
Өзіңде – бар сән-көрік,
Қарай берем таң көріп.
… Өміріме жететін
Қалшы өлмес ән болып!
***
Жылытып оты үміттің,
Шақырып әлем жап-жасыл,
Жетсем деп саған,
Жүріппін –
Жыл емес,
Бейне сан ғасыр.
Өзіңе дейін –
Өткел мың,
Арада қанша ай ауды.
Түндерді жалғыз өткердім,
Күндерді не бір – қаяулы.
Өткердім бәрін, көп көрдім,
Жеткенше саған дем бітіп.
Самалын аңсап көк белдің,
Қалдың ба ұзақ Сен күтіп?!.
***
Мінің жоқ қылдай, қылығың қыздай,
Мінезің жаздың күніндей.
Сырлы аяқ-сынды сыныңды бұзбай,
Құлпыршы көктем гүліндей.
Жеткізбей арман, жүзгізбей қайраң,
Жағаңда қалған қайықтай,
(Өмірім – майдан, көңілім ойран)
Өтем бе дерттен айықпай?!.