Жаңа оқу жылы қалалық оқушылар үшін қашықтықтан басталды. Бұл орайда, көптеген ата-аналар тарапынан онлайн оқытуға, кезекші сыныптардың жұмысына қатысты түрлі сұрақтар туындауда. Осы мәселелерді талқылау үшін облыстық білім басқармасы қоғамның белсенді мүшелерімен, педагог ардагерлермен кездесу өткізді.
Ақмола облысының білім басқармасы қашықтықтан оқыту бойынша түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуде. Бұл орайда, мобильді топтар құрылып, оның құрамындағы педагогтар, әдіскерлер аудандарға шығып, түрлі вебинар, семинар, дөңгелек үстел тәрізді шаралар өткізуде. Мессенджерлерде қажетті түсіндірмелік мәліметтер орналастырылған чаттар да бар. БАҚ-та білім беру ұйымдарының басшылары түсіндірмелік материалдар беруде.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің бастамасымен ұйымдастырылған қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесу барысында пандемия кезіндегі білім беру саласындағы қазіргі жағдай жан-жақты таныстырылды. Басшының айтуынша, Ақмола облысының мектептерінде биылғы оқу жылында 130 мыңнан астам оқушы білім алуда, олардың 14 532-сі бірінші сынып оқушылары. Штаттық режимде оқытып жатқан елді мекендердегі шағын жинақты мектептер мен бастауыш сыныптар санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
–Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, қазір облыстағы 555 мектептің шалғай аймақтардағы 387-сі штаттық режимде, 168-і қашықтықтан оқытылуда. Дегенмен, ата-аналардың өтініші негізінде қашықтықтан оқыту форматында білім алатын мектептердің бастауыш сыныптарында құрамы 15 оқушыдан аспайтын кезекші сыныптар жұмыс істейді. Мұндай кезекші сыныптар саны қазір 3159, онда 38995 оқушы оқиды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Өз кезегінде кездесуге қатысушы еңбек ардагерлері, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытуды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, ардагер педагог, білім басқармасының бұрынғы басшысы Телман Мұқышев:
–Қазір республиканың білім беру жүйесінің басында сауатты, өз ісін білетін, балалардың болашағына алаңдайтын министр Асхат Аймағамбетов тұр. Әліппені де қайтарып, Ахмет Байтұрсыновты методикасын енгізетінін естіп, қуанып жатырмыз. Ал, мынау оқу жылының бірінші тоқсанын, тіпті бірінші жартыжылдығын қашықтықтан оқыту форматында жалғастыру қажет, өйткені бәріміз үшін ең бастысы балаларымыздың денсаулығы қымбат. Пандемия балалар үшін де қауіпті. Сондықтан, ата-аналар балаларының болашағы үшін азырақ қиындыққа шыдаулары тиіс. Педагогтар үшін де оңайға соқпай жатқаны белгілі, –деді.
–10 жыл бұрын біз балаларымызды онлайн форматта оқытатынымызды елестете де алмадық. Қазіргі уақытта ата-аналар мұғалімнің жұмысының қаншалықты қиын екенін түсініп, педагогтардың жұмысына оң баға бере бастады. Бүгінгі таңда мұғалім білім беру платформаларында, компьютерлік техникада, онлайн форматта жұмыстың жаңа формаларында жұмыс негіздерін біледі. Мен мұғалімнің сабаққа бірнеше сағаттық дайындығының тікелей куәгерімін, өйткені, менің қызым қала мектептерінің бірінің мұғалімі. Жазда ол педагогтарға арналған stepik.org платформасында «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» онлайн курсын өтті, – дейді №1 орта мектебінің директоры болып ұзақ жылдар қызмет еткен Галина Марченкова.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты ата-аналар арасында өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін қашықтықтан оқытудың қажеттілігі туралы түсіндіру болатын.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.