Биыл бірінші сынып оқушыларына баға қойылмайды

Биыл бірінші сынып  оқушыларына баға қойылмайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова білім беру жүйесіндегі жұмыс, оқушылардың оқудағы жетістіктерін бағалау жөніндегі мәселелерге көңіл бөлді. Брифингте сондай-ақ, биыл 1-ші сынып оқушыларына баға қойылмайтындығы белгілі болды.

«Жалпы, қазіргі пандемия уақытындағы сабақтың сапасы қалай, оқушылардың қашықтықтан алып жатқан білімін қалай бағалауға болады?» деген сұрақтар ата-аналардың көкейінде жүргені анық. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанын ұстаздар қауымы шама-шарқы жеткенше аяқтағаны белгілі. Ол қаншама айтылды, айтылып та келеді. Енді жаңа оқу жылының да бірінші тоқсаны аяқталуға таяу. Білім басқармасы мен оның қарамағындағы бөлімдер жер-жердегі әкімдіктермен бірлесіп, мектептерде қашықтықтан оқитын оқушыларға материалдық-техникалық жағынан барынша көмектесіп, жағдайы келмейтін отбасылардың балаларына ноутбук, планшет тәрізді құралдарын алып берді. Интернет жағына келер болсақ, кейбір шалғай ауылды жерлерде оның иісі де шықпайды. Бірақ, осы жағынан елді мекендердің қауқары ескеріліп, олар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектептерінде оқуға кірісті.
Сонымен, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстың шалғай аймақтарында балалар бұрынғыдай мектептерінде оқиды, ал, қалалық жерлер мен аудан орталықтары қашықтықтан жұмыс істеп, кезекші сыныптар ашып, сабақ басталды. Облыстағы 555 мектептің 387-і ауылдық шағын жинақты мектептер екен, онда 28025 оқушысы білім алуда. Бұл – оқушылардың жалпы санының 21,5 пайызын құрайды. Қашықтықтан оқыту форматын қабылданған 168 мектеп жоғарыда атап өткеніміздей, санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, штаттық режимде және ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш буынның оқушылары кезекші сыныптарда оқытылуда.
Біздің облыста мұғалімдер Bilimland, Daryn online білім беру платформалары бойынша білім беруде, оларға Ақмола облысының аудандары мен қалаларының барлық мектептері қосылған. Бүгінгі таңда облыста 13 мыңнан астам мұғалім білім беру платформаларын пайдаланады екен. Қашықтықтан оқыту процесі санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың талаптарын және оқу уақытын ұтымды пайдалануды ескере отырып, синхронды және асинхронды форматта жүргізілуі мүмкін.
Синхронды форматта оқыту заманауи мүмкіндіктерді, яғни, Zoom, Skype, Microsoft Teams, Google Meet, Google Classroom, Messenger Rooms (Facebook) және тағы да басқаларды пайдалана отырып, мұғалімнің нақты уақытта білім алушылармен тікелей байланысқа шығуы арқылы жүзеге асырылады. Мұндайда мұғалім ағынға шығу үшін сабақтың белгілі бір бөлігін бөліп алып, қалғанын асинхронды форматта өткізе алады. Сабақтың асинхронды форматында мұғалім оқушылардың өздігімен оқуына бағыт-бағдар беріп, олардың оқу тапсырмаларын қамтиды, кейіннен электрондық платформалардың мүмкіндіктері арқылы кері байланысқа шығып, өзара іс-қимылын білдіреді. Оқу процесін қашықтықтан оқыту форматында ұйымдастырылу үшін мектеп электрондық платформаларға қосылуы тиіс. Бірқатар платформаларда ұсынылатын ресурстар мен функциялар білім алушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізуге, қалыптастырушы және жиынтық бағалау кезінде кері байланысты жүзеге асыруға, платформада оқу тапсырмаларының қажетті форматын қалыптастыруға және оларды нәтижені көрсете отырып орындауға, оқу жетістіктерінің қорытындылары бойынша түсініктеме беруге мүмкіндік береді. Яғни, мұғалім оқушылардың тапсырмаларды орындауына мониторинг жүргізе алады. Мониторинг 10 балдық шкала негізінде жүргізіледі. 1-сыныптардың білім алу жетістіктеріне бағалау жүргізілмейді.
– Тағы бір айта кетерлігі, жаңартылған білім беру мазмұнының маңызды ерекшелігі – критериалды бағалау жүйесі. Критериалды бағалау – жиынтық және формативті бағалаудан тұрады. Формативті бағалау – оқушылардың ағымдағы үлгерімі, жиынтық бағалау – белгілі бір кезең аяқталғаннан кейін балмен есептелетін және оқу бағдарламасының бөлімдерді бойынша бағаланатын бағалау түрі. Қойылған балдар негізінде оқу кезеңі және жылдық бағалар автоматты түрде есептеледі, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Критериалды бағалаудың басты артықшылығы, онда алдын ала ұсынылған бағалау шкаласы болады, баға әділдігі – әр тапсырманың балл арқылы берілуі бойынша қойылады, балаға да өзін бағалауға мүмкіндік беріледі. Бағалау нәтижелері күн сайын электрондық немесе қағаз журналға балл түрінде қойылады. Бағаланатын бала санын педагог өзі анықтайды. Қалыптастырушы бағалау үшін ең жоғары балл 2-11 сыныптарда 10 балдан аспайды, бұл ретте 1-3 балл төменгі деңгей критерийлеріне сәйкес келеді, 4-7 балл – орта деңгей, 8-10 балл – жоғары деңгей.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *