Коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек тегін беріледі

Облыста науқастар коронавирус инфекциясына қарсы дәрілерді тегін ала алады. COVID-19-ды емдеу хаттамасына орай, бұл тізімге 5 түрлі дәрі-дәрмек енгізілген. Оларды қарапайым халық қалай алуларына болады? Сол жайында мамандардан сұрап білдік.

Коронавирус індеті көбінесе жеңіл және орташа жағдайда өткенімен, оның күрделі, яғни, ауыр түріне ауысып кетпеуі үшін ағзаны медикаментозбен қолдап отыру керек. Осы орайда, емдеу хаттамасына сәйкес ауруды амбулаторлық деңгейде өткеретін науқастар үшін бес препарат тегін берілуі тиіс. Бұлар қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер, атап айтқанда «парацетамол», «ибупрофен», «ривароксабан», «апиксабан» мен «дабигатран» секілді антикоагулянттар.
Егер азаматтар амбулаторлық деңгейде емделетін болса, бұл дәрі-дәрмектерді тіркелген мекен-жайы бойынша медициналық ұйымдар жанындағы дәріханалардан ғана ала алады. Егер коронавирус жұқпасының белгілері анықталып жатса, онда әркім өзінің емханасына жүгінуі тиіс, ПТР-тестінің және диагноздың нәтижесінен кейін дәрігер емдеу курсын тағайындайды.
–Жалпы, COVID-19-ды емдеу хаттамасында 5 препарат енгізілді. Олардың үшеуі біздің қолымызда бар. Ал, қалғанына тапсырыс берілген, әзірге жеткізілуін күтіп отырмыз. Тұрғындарға дәрі-дәрмекті коронавирус жұқпасы анықталып, учаскелік жауапты дәрігердің қажетті дәрілердің тізімін бергенде ғана ұсынамыз. Сол анықтама арқылы науқас адам емханалардағы дәріханалардан тегін дәрі-дәрмек ала алады. Бұл дәрілер тек аурудың жеңіл және орташа түрлеріне тағайындалады, – деді Көкшетау қалалық №1 емхананың дәріхана қызметкері Анна Юха.
Айта кету керек, мамандар тегін дәрі-дәрмекті 65 жастан асқан адамдардың үйіне өздері жеткізіп береді.
– Біз тегін дәрі-дәрмекті тек 65 жастан асқан адамдарға ғана жеткізіп береміз. Карантин кезінде де солай істедік. Тұрғындардың дәріні алу тәртібі бойынша алдымен учаскелік дәрігер дәрілік құрамды анықтайды, біз сол анықтама негізінде дәріханалардан дәрі-дәрмектерді алып, белгіленген мекен-жайларға жеткізіп береміз, – дейді емхананың әлеуметтік қызметкері Әлия Омарова.
Қазіргі уақытта облыс бойынша бір миллион науқасқа арналған дәрі-дәрмектің бес түрі сатып алынды. Егер дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектер емханалардың дәріханасында жоқ болса, науқас 1439 нөмірі бойынша «СК-Фармация»-ның байланыс орталығына хабарласуы қажет. Операторлар мәселенің себептерін түсіндіріп, қажетті дәрі-дәрмектерді алуға көмектеседі.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар