Бауырларын ойлаған қарындас

Қарындас сезім! Бұл қазақ баласының әрқайсысының жүрек түкпірінен жылы орын алатын сөз. Әріптес қарындасымыз Гүлнәр Талапкерқызы талаптың тұлпарына мінуді сәби шағынан армандаса керек. Оның себебі жетерлік. Көкшетау-Қызылжар өңіріне әншілік өнерімен етене таныс ерлі-зайыпты Мәжит пен Әзікеннің тұңғыш ұлдары Талапкердің қызы болса, Гүлнәрдың да ән салары заңды. Жалпы, Бекмағамбетовтар әулетінен қазақ еліне есімі әйгілі айтыскер ақын, сазгер, диктор Бүркіт пен жезтаңдай әнші Мерекенің сахна саңлағына айналғандары қашан.

Ағаларының шапанына жармасып өскен қарындастарының да әнге деген әуестігі ерте басталды. 70-інші жылдары отбасылық ансамбль құрып, Бекмағамбетовтар солтүстік өңірдің қалың жұртшылығын әсем әнмен сусындатқаны ел есінде. Нағашысының қолында ерке болып өскен Гүлнәр ер балалардың ортасында асық ойнап, тай үйреткен күндерді әсте ұмыта қояр ма. Өзі тұратын Өрнек ауылының ұлдарымен бірге көрші ауылға барып, төбелесіп қайтатын қайсар қыздан қаймыққандар да жоқ емес. Қызмет бабында осы мінезі аракідік қылаң бергенімен, шәй орамал кепкенше тез тарқап, ақжарқын көңілі бұлтсыз күндей жарқ ете түседі.
Әріптесің әрі қарындасың хақында ақтарыла сыр шерту оңай емес-ау. Десе де, 20 жылдан астам қоян-қолтық бірге қызмет етіп жүргендіктен, ортаншы ағасы Мереке Бекмағамбетовты бокс өнеріне баулып, бапкер болып жүргенінде қарындасы жайлы жылы лебізді жиі айтатын. Енді соған аз-кем тоқтала кетейін. 1999 жылы Мерекенің жан жары Айгүл кенеттен қазаға ұшырап, өрімдей қыздары Әйгерім мен Әспет анасыз қалды. Осы қиын кезеңде қарындасы, қарлығашы Гүлнәр Петропавл қаласындағы жақсы жұмысы мен жайлы пәтерін тастап, Көкшетауға қоныс аударды. Мақсаты – сіңлілері Әйгерім мен Әспетті аялап өсіріп, ана мейіріміне бөлеу еді. Құдайға шүкір, Әйгерім мен Әспет ақылды, парасатты болып, бой түзеді. Екеуі де жоғары білім алды. Әйгерім қызымыз бірнеше жыл өзімізбен бірге телевидениеде қызмет істеп, тұрмысқа шықты. Қазір бала күтіміндегі демалыста. Ал, Әспет шетелде қызмет атқарып жүр.
Гүлнәр Талапкерқызының ағайын-туысқа жасаған жақсылығы, Жаратқан Иенің шапағатына бөлеп келеді. Ағалары аялаған, әріптестеріне сыйлы Гүлнәрға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз. Екі 25-ің құтты болсын, Көкшетау мен Қызылжарға ортақ қыз.
Қазақтың көрнекті ақындарының бірі, жерлесіміз, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, ұстазым Қорғанбек Аманжол «Қарындас сезім» атты өлеңін әріптес қарындасы, «Көкшетау» телеарнасының шеф-редакторы Гүлнәр Бекенованың туған күн тойында оқып бер деп өтініп еді. сол өлеңді де Гүлнәр қарындасымның құрметіне осы шағын мақалама бірге ұсынбақпын.

Жаныңды салып азапқа,
Сағыныш жайлар бір кез бар.
Қарындас деген – қазақта,
Қылығы тәтті бір сөз бар.

Қарындас деген сол сөзден,
Саумал бір самал еседі.
Қарындас деген сол сөзден,
Көркейіп көңіл өседі.

Қарындас десе, тегінде,
Жаныңды жайлау жаз қылар.
Жүректің жылы төрінде,
Жібектей жұмсақ наз тұрар.

Қарындас десе – қазақтың,
Еске алам ерке қыздарын.
Ыстығы-ай сол бір ғажаптың,
Еріткен көңіл ызғарын!

Қарындас десе – көзімнің,
Алдына кесте тартылар.
Қарындас десе – сезімнің,
Болмайды кезі сарқылар.
Қарындас деген сол сөздің,
Алтыннан артық нарқы бар.
Қарындасты көкке көтерген,
Халқымның ардақ салты бар.

Қарындас, шіркін, жігітті,
Батыр да қылар, нар қылар.
Маздатып алау үмітті,
Қарындас үшін шарқ ұрар.

Табанына шоқ тисе,
Шырқырайтын қарындас.
«Тар қолтықтан оқ тисе,
Сүйеп шығар қарындас»

Қарындас десе – көңілдің,
Шертілер күйлі пернесі.
Қарындас десе – өмірдің,
Жайнайды жарқын сәулесі.

Ағалап еріп соңыңнан,
Анаңнан бетер аймалар.
Айың боп туар оңыңнан,
Қарындас сезім қайда бар?

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар