Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білім мен ғылымның дарабозы - АРҚА АЖАРЫ

Білім мен ғылымның дарабозы

Бүгінде жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық ғылым Академиясының академигі Тоқтар Қабдөшұлы Есенеевті мағыналы өмірінің биік бір жарқын белесі – сексеннің сеңгіріне жеткізіп отыр.

Тоқтар Қабдөшұлы өзінің бар саналы өмірін басшылық, ұстаздық және ғылыми қызметке арнаған адам. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласының дамуына, сондай-ақ, еліміздің көркейіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап, осыған айтарлықтай өзіндік үлесін қосып жүрген ардагер ұстаз. Ғалымның тұла бойыңдағы терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет пен үлкен азаматтық қасиеттері білім және ғылым саласындағы биік асулардан мүдірмей өткізіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Көкше жұрты, әсіресе, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымы Тоқтар Қабдөшұлын өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы, білікті ғалым, кәсіби ғылыми зерттеуші ретінде жақсы біледі. Жарты ғасырдан астам өмірін оқу-ағарту жолына арнаған Тоқтар ағамыз жас ұрпақты адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеп, әрдайым жақсылыққа жетелеп жүрген аяулы жандардың бірі. Өзінің өмірден жиған мол тәжірибесін әріптестеріне, шәкірттері мен жастарға аянбай беріп келеді.
Тоқтар Есенеев 1940 жылдың 25 қазанында Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Никольское селосында дүниеге келді. Әкесі Қабдөш Тоқтар ағамыз бір жасқа толғанда әскер қатарына шақырылды. Кейін сол жақтан соғысқа аттанды. Фашистік Германияға қарсы соғысқа, сондай-ақ, Фин соғысына қатысты. 1945 жылы туған жері Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Кирилловка ауылына оралып, бір жылдан кейін ауыр жарақаттың зардабынан қайтыс болды.
Анасы Тәйкен Мұхаметқалиқызы 1912 жылы туып, әкесі соғыстан қайтып келген жылы дүниеден өтті. Тоқтар аға жастайынан жетім қалып, әкесінің ағасы Жылқайдар Қойбағарұлы және оның жұбайы Жанбөпе апасында тәрбиеленіп өсті. Қазіргі уақытта олардың ұрпақтарымен туыстық байланысты үзбей, жақсы қарым-қатынас жасап келеді. 1945-1955 жылдары Николо-Бурлук селосындағы жеті жылдық мектепте оқыды. Өзін білім нәрімен сусындатқан, дұрыс та үлкен өмір жолына салып, жақсы білім, тәлім-тәрбие берген алғашқы мұғалімдерін, атап айтсақ, Зинаида Петровна Шкурко, Екатерина Григорьевна Надярная, Анна Ивановна Ковальскаяны еске ала отырып, олардың сауаттылығын, жақсы жақтарын әлі күнге дейін ауызынан тастамайды.
Болашақ ғалымның бар арманы Мәскеуде оқу болатын. Сол арманы 1964 жылы орындалып, Кеңес Одағының астанасы, батыр қала – Мәскеу қаласындағы К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түсті. «Ол кезде академияның оқытушылық-профессорлық құрамы өте мықты болатын» – деп еске алады ғалым. Есімдері әлемге әйгілі Андреев, Арзуманян, Лискун, Попов, Николаев сынды академиктер, Борисенко, Дыман, Жеребцов, Георгиевский, Дадов, Эктов, Юдин, Родин, Листов, В.Вракин, Бычков, Барабанщиков, Л.Е.Гулько сынды профессорлар Тоқтар ағамызға тағылымды дәрістер берген тәжірибелері мол, білікті ұстаздар.
Атадан қалған тектілікті жалғастырған Тоқтар ағамыз қаршадайынан осы білім ордасында КСРО-ның ең озық ғалымдарынан дәріс тыңдап, сапалы білім алды. Сөйтіп, өзге ұлт өкілдері арасында ерекше танылып, жоғары оқу орнын үздік бітіріп шықты. Студент кезінде Лиственичный аллеясындағы 14-інші студенттік жатақханада академияның 1950-інші жылғы түлектері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, академик Әбдуали Спанұлы Спанов, ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің академигі Қилыбай Үсенұлы Медеубеков те тұрған болатын. Осындай ел сыйлаған абыройлы, дара тұлғалардың жолын қуған жас маман академияны үздік бітіргендіктен, сондағы кафедрада қалды. 1968 жылы екі айға ағайынды Хумвольт атындағы Берлин ұлттық университетіне тәжірибе алуға жіберілді. Германиядан кейін жолдамамен өзін оқытқан совхоз әкімшілігінен рұқсат алып, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Целиноград ауыл шаруашылығы институтына өз еркімен ауысты.
Ғалым алғашқы сәтті қадамын өзінің Отанында жалғастырды, ол ғылымға бет бұрып, еңбек пен тәжірибені, оқу мен ғылымды бірдей ұштастыра білді. Шетелдік техника, технологиямен етене танысып, мол тәжірибе жинақтаған Тоқтар ағамыз Целиноград ауыл шаруашылығы институтында аспирантурада оқуды ұйғарды.
Аталмыш білім ордасында «Генетика және селекция» кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Василий Тихонович Шуваев Тоқтар Қабдөшұлының ғылыми жетекшісі болады. Оның жоғары интеллектуалдылығы, табандылығы мен талаптарының арқасында 6 нұсқа бойынша жергілікті қазақ қойларын импортты ағылшын тұқымдармен будандастырудан 2 мәрте тәжірибе жасады. Бұл зерттеулер оған 1972 жылы кандидаттық диссертациясын жалғастыруға және қорғауға мүмкіндік берді.
Аспирантураны аяқтаған соң институт ректоры, профессор М.А.Гендельманның бұйрығымен Қостанай қаласындағы институттың филиалына жұмысқа жіберілді. Болашақ ғалымның осы қаладағы ғылыми-педагогикалық жұмысы 7 жылға созылды. Бұл кезең аралығында Тоқтар Қабдөшұлы 32 студенттің дипломдық жұмыстарына жетекшілік етіп, сәтті қорғатып шығарды. Қазақстан Коммунистік партиясы Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері, жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбеков және ВАСХНИЛ-дің Батыс бөлімшесінің басқарма басшысы, академик Қилыбай Үсенұлы Медеубековтың өтініші бойынша ол Көкшетау қаласына ауыстырылды. Осы қалада ең алдымен тірек бөлімшесін, кейін зертхананы, одан әрі Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтының бөлімін басқарды. Осылай 1977 жылдан 1997 жылға дейін мал шаруашылығы аймағында ғылыммен айналысуына тура келді.
Көкшетау облысындағы жиырма жыл жұмысы барысында етті-жүнді бағыттағы кроссбред қойларын будандастырып шығаруда қолданбалы зерттеулер жүргізді. Қойдың жаңа түрін дүниеге әкелу үшін ол линкольн, ромни марш, шекара лейстер; фин ландрасы, австралиялық корридель және тағы басқа ағылшын тұқымдарын қолданды.
Профессор Т.Қ.Есенеевтің ғылыми-зерттеулері Айыртау ауданының «Айыртау», «Қаратал», «Үкілі Ыбырай», «Сырымбет» совхоздарында, Көкшетау ауданының С.Сейфуллин атындағы, Щучье ауданының «Щорс» және «Мәдениет» совхоздарында, Уәлиханов ауданының Ю.Гагарин атындағы, «Южный», «Авангард», «Сарыадыр», «Қайрат» совхоздарында асыл тұқымды қойлардың жаңа етті-жүнді қой тұқымын құрумен аяқталды.
Бұл ауқымды жұмыстар Щучинск-Бурабай демалыс аймақтарын қой және қозы етімен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді. Одан әрі өндірісті ғылыммен байланыстыру мақсатында Айыртау, Щучье, Уәлиханов, Көкшетау аудандарындағы шаруашылық субъектілерін біріктірген ғылыми-зерттеулер жүйелері құрылды. Ғылыми-зерттеу институтында Тоқтар Қабдөшұлымен бірге басшылар С.И.Сәдуақасов, С.Ш.Омарханов, С.К.Шегенов, лаборанттар З.Башырова, Г.Жүнісова, З.Омарова, А.Аушахымова, А.Мусина, И.Киселева және тағы басқалары, ғылыми қызметкерлер Т.Әділов, Т.Мусин, З.Қалабаев, Е.Смағұлов, А.Изахметов, Д.Жасауиев сынды білікті ұстаздар, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары бірге жұмылып қызмет атқарды.
1972 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің Жоғары аттестаттау комиссиясы Т.Қ.Есенеевке ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін берді. 1976 жылы доцент, 1981 жылы аға ғылыми қызметкер, 1992 жылы КСРО ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, 1993 жылы профессор атағы атанды. Қазақстан Республикасының Ресейдегі жылында оған ең жоғары ғылыми атақ – Халықаралық ғылым және өндірісті ұйымдастыру практикасы Академиясының академигі атағы берілді. Бұл көкшетаулық селекционер-ғалымға, генетик, биотехнологқа берілген жоғары баға еді.
1991 жылы Тоқтар Қабдөшұлы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының президенті Г.А.Қалиевтің бұйрығымен «Көкшетау» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар, Көкшетау ғылыми-зерттеу институтының басшысы лауазымына да ұсынылды. Ғылыми-зерттеу институтындағы ғылыми жұмыстары барысында академик К.У.Медеубеков, Ф.М.Мұхамедқалиев, профессорлар З.С.Сейітов, М.Бетембаева, А.А.Егеубаев, Ж.Кәрімов, К.С.Сабденов, Т.Садықұлов, Р.К.Қазиханов, Б.О.Әлімжанов, Л.В.Әлімжанов, С.К.Шәуенов, К.М.Қасымов, Н.Омарқожаев және тағы басқа ғалымдармен бірлесе отырып, бірталай ғылыми жобаларды талқылауға тура келді.
1991-1997 жылдары «Жаршы» және «Вестник сельскохозяйственных наук» ғылыми-өндірістік журналдарының редколлегия мүшесі болды. 1995-2010 жылдары Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің екі мамандық бойынша кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғайтын бірлескен ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Ұзақ уақытқа созылған ғылыми және өндірістік қызметтен кейін ғылыми-педагогикалық жұмысын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жалғастырды.
Бүгінде Тоқтар Қабдөшұлының қаламынан 400-ге жуық ғылыми мақалалар, оқу-әдістемелік нұсқаулықтар мен оқулықтар, практикумдар, монографиялар, электронды кітаптар жарық көріп, оны студент жастарымыз оқу үрдісінде тиімді пайдаланып келеді. Сондай-ақ, 2 доктор, 6 ғылым кандидатын даярлап, 150 дипломдық жұмысқа жетекшілік етіп, олардың бәрін де сәтті қорғатып шығарды.
Тоқтар Қабдөшұлының қоғам игілігіне арнаған көп жылғы адал еңбегі мен білім беру саласындағы игі істері мемлекет тарапынан да ерекше еленіп, көптеген марапаттар мен жоғары атақтардың иегері атанды. Кезінде Көкшетау облыстық Кеңесінің, Зеренді аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланды. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарымен, КСРО «Білім» қоғамының алтын медалімен, БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, ВАСХНИЛ, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының Құрмет грамоталарымен, Халықаралық Ғылым және өндірісті ұйымдастыру практикасы академиясының дипломымен марапатталды.
2006 жылы ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді. 2004 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институтының студенттерін керек әдебиеттерімен қамтамасыз етіп, институт кітапханасына 812 дана ғылыми оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдарын табыс етті.
Осы күні ғалыммен университет қабырғасында бірге еңбек етіп жүрген К.Р.Нұрмағабетов, Ж.Т.Темірбеков, И.Ф.Костиков, У.М.Сағалбеков, К.Г.Қожабаев, Қ.К.Абуев, А.Т.Хұсайынов, Г.С.Есжанов, Ж.Н.Әленов, С.Ш.Омарханов, С.К.Шегенов, Г.Т.Сыздықова, С.Қ.Мемешов, Ж.О.Тілеуова және тағы басқа әріптестері ғалымның ұстаздық жолы, ғылыми жұмыстары жайлы жақсы пікірлер білдіріп, өз алғыстарын жеткізуде.
Шоқан Уәлиханов университетінің ұжымы Тоқтар Қабдөшұлын бүгінгі мерейлі жасымен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, таусылмас күш-қуат, шығармашылық табыстар тілейді. Өз ұлтына адал қызмет етіп, халқының асыл қасиеттерін бойына сіңіре білген Тоқтар ағамыздай білікті де ұлағатты ғалым-ұстаздың орны біздер үшін қашанда ерекше.
Әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіз Сізді тәуелсіз еліміздің нұрлы болашағы – жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріңіз үшін әрдайым сыйлап, құрмет тұтады.

Сексенбай Омарханов,
Серік Шегенов,
Әнапия Алпысов,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұстаздары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар