Сүйіспеншілік – бақыт бастауы

Зымыраған сағат тілінің шексіз тықылдап соғуына мән бермеген біз уақыттың қалай өтіп кеткенін сезбей де қаламыз. Ортамызда жүрген қариялардың бір кезде елі, халқы, ұрпағы үшін жасаған игі істері қашанда жадымызда сақталып тұруы тиіс деп ойлаймын. Ғұмырларын отбасына арнап, тынымсыз еңбектерімен еліміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ағалардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа таптырмас қазына.

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Ақсақал – ел ұйытқысы, батагөйі, ақылшысы, қамқоры болып есептеледі. «Аталы ел, баталы ел» дегендей, атаның айтқаны – заң, ісі – үлгі. Ол ел бірлігін, тірлігін, тұрмысын, болашағын бағдарлап, байқап отыратын дана, көреген қария.
Ал, ақжаулықты аналар әркез отбасының бүтіндігін ойлап тұрады. Ол салт-дәстүрді, отбасының берекесін, ағайын-туыстың бірлігін сақтаушы болып есептеледі. Халқымыздың салты бойынша әжені де, атаны да, әрбір адам танысын, танымасын сәлем беріп, құрмет көрсетуге тиіс. Оларға тек өз ұрпақтарының ғана емес, жалпы елдің ата-әжесі деп қарауымыз керек.
Бүгінгі мақаламда Зеренді ауданына қарасты Кеңөткел ауылының қариялары Шешенғара Сұлтанбекұлы мен жұбайы Қарлығаш Шәйкенқызы туралы сөз қозғағым келеді. Шешенғара атай 1947 жылы 30 маусымда дүниеге келген. Әкесі соғыстан жараланып, қаза тапқанда атай әлі бала болатын. Артынан шешесі де қайтыс болып, жетім қалып, ағасының қолында тәрбиеленеді. Шешенғара атай еңбекке ерте араласқан. 13 жасынан ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, алдыңғы қатарлы механизаторлардың бірі болған. Оның абыройлы еңбегі үшін алған марапаттары жетерлік. Жас кезінде күреске қатысып, теннис, бильярд ойнап, зілтемір көтерген.
Ал, жұбайы Қарлығаш апай 1952 жылы 23 қаңтарда Қарлыкөл ауылында шаруа отбасында туған. Ол да атай секілді ауыл шаруашылығында көп жыл жұмыс істеген. Биыл екеуінің шаңырақ құрғандарына 50 жыл. Өнегелі ерлі-зайыптылар алты баланы тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұлдарының барлығы әкелерінің жолын қуып, қазіргі таңда мал және егін шаруашылығымен айналысады. Үлкен ұлы Ерболат бастап, інілері қостап, адал еңбектерімен көзге көрінуде. Ата мен әжейдің балалары пандемия кезінде еріктілер ретінде ауруханаларға қымыз таратқанын да айта кеткеніміз артық болмас. Ұрпағымыз осындай жақсы адамдардан, баталы ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерден үлгі алса құба құп. Үлкендерді сыйлап, құрметтеп, әрқашан мақтан тұтайық!
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар