Бес әлеуметтік бастама қолдау табуда

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен филиал саяси кеңесінің бюро отырысында «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы» аясында өңірімізде атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды.

Атап айтқанда, отырыста бес бастаманың бірі – «Шағын несиелендіруді кеңейту» бастамасы кеңінен сөз болды. Өңірімізде ісін жаңа бастаған 700-ге жуық кәсіпкер жаңа бизнес идеялары үшін грант алған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайтарымсыз негізде гранттар алуға қатысушылар бастапқы бизнесті жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы өңір басшысы бюро отырысында мәлімдеді.
Жалпы, биылғы жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша өңіріміздегі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарынан 9 мыңнан астам азаматқа 7,5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бөлінген бюджет қаражатының 52 пайызы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналады. Онымен бүгінгі күні 9,7 мың адам қамтылған.
Үш бағытта жүзеге асырылатын «Еңбек» бағдарламасының тағы бір бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға» қатысушыларға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу ұсынылады. Ауылдарда, шағын қалаларда және моноқалаларда микрокредиттер мен кепілдіктер беру арқылы кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар бөлінеді. Мемлекеттік қолдаудың соңғы түрі әсіресе, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ерекше бағалы.
Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова өз баяндамасында, жоба аясында 696 ақмолалыққа жалпы сомасы 370,3 миллион теңгенің гранттары берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, қажетті инвентарларды, технологиялық құрал-жабдықтарды, жануарларды, мал мен құсты сатып алуға, бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін үй-жайға жалдау ақысын төлеуге басымдық берілгенін де жеткізді. Кәсіпкерлердің жартысына жуығы аз қамтылған, көп балалы отбасылар, еңбекке қабілетті, ерекше қажеттіліктері бар адамдар және жастар, олар мемлекеттік гранттарды алу кезінде өздерінің басымдықтарын пайдаланады.
«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауылдар мен шағын қалаларда несиелеу әкімшісі Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болып табылады. Аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Ербол Жүсіпбеков қазіргі кезде бизнесті ашуға және кеңейтуге жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгеден астам 632 шағын несие берілгендігін, бұл 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергендігін хабарлады. Берілген несиелердің негізгі үлесі мал шаруашылығын дамытуға арналады. Бүгінгі күні қарыз алушылардың 2 мыңнан астамы ірі қара мал, 700 жылқы, мың бас қой, сондай-ақ, құстар мен жем сатып алды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында Көкшетау мен Степногорск қалаларында мыңдаған адамдар өз кәсіптерін аша алды. Осыған орай, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов екі қаладағы шағын несиелендіру барысы туралы баяндады. Биылғы жылы осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 471,5 миллион теңге бөлінді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» Ақмола филиалы облыс орталығы мен Степногорск қаласында шағын несиелеу бойынша қаржы операторы болып анықталды. Қазіргі кезде қордан 220,7 миллион теңгеге 25 несие беріліп, тағы 9 жоба қарастырылуда.
Ермек Маржықпаев коронавирустық инфекцияның пандемиясына байланысты ел экономикасындағы жағдайдың әлі де оңай емес екендігіне, дағдарысты мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігері арқылы ғана шешуге болатындығына ерекше назар аударды.
– Мемлекет басшысы мен үкімет осы қиын сәтте көмекке мұқтаж адамдардың барлығына қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді. Бүгінгі күні карантинге байланысты көптеген адамдар жұмыссыз қалып, экономикалық даму қарқыны төмендеуде. Қазіргі жағдайда халықтың жұмыспен қамтылуы мен табыстарын қолдау абсолютті басымдық болып табылады. Мемлекет карантиннің салдарын жеңілдету және бизнесті мүмкіндігінше қолдау мақсатында шағын және орта бизнесті қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруда. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері, біздің облыстың ірі кәсіпкерлері бұдан әрі де қоғам өміріне және экономиканы дамытуға мемлекеттік органдармен тығыз байланыста белсенді қатысуы керек», – деп атап өтті партияның облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев.
Тұрақты негізде партия мүшелері қолдауды қажет ететін адамдарға көмектесу үшін партиялық жобаларды қайта қарайды, жаңартады және іске қосады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бо-
йынша Саяси кеңес бюросының мүшелері Жарқайың және Бұланды аудандарындағы «Кедергісіз келешек» және «Ардагерлерді ардақтайық» әлеуметтік жобаларының жүзеге асырылуына өңір басшысы қанағаттанушылық білдірді. Аумақтық филиалдардың төрағалары, аудан әкімдері Мұрат Балпан және Талғат Ерсейітов олардың орындалуы туралы онлайн режимінде хабарлама жасады.
Бүгінгі күні облыста қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, жеке адамдар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, аға ұрпақ өкілдеріне қолдау көрсетуге белсенді қатысады. «Nur Otan» партиясы көптеген жылдар бойы ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келеді. Оның маңызды бағыттары «кедергісіз ортаны» құру, инклюзивті білім беруді насихаттау, жұмыспен қамтуға көмек, елдің осы саладағы заңнамасын жетілдіру болып табылады.
Саяси кеңес бюросының отырысы барысында қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар