Иә, солай. Алайда біз, адамзат баласы тіршілікте осы қағидаларды елеп-ескермейміз. Оқу, жұмыс, жанұя, балалар деп жүріп, уақытымыздың қалай өтіп жатқанын байқамай да қалады екенбіз. Өкінішті, әрине.
Әңгімемді Зеремен алғашқы таныстығымыз қалай, қай жерде болды дегеннен бастайын. 1983 жылы біздің қызымыз Лейла орта мектепті алтын медальға бітіріп, сол кездегі Отанымыздың астанасы – Мәскеудің жоғары оқу орындарының бірі – К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына жолдама алған еді. Оны оқуға біздің отағасының жұмыстан босай алмай, менің апаруыма тура келді. Ал, Зере болса ұлы Асқарды Көкшетаудан алып келіпті. Сөйтіп, балаларымыз оқуға түсіп, елге қайтар алдында академияның жатақханасында жиналып, балаларды бір-бірімен таныстырып, (Қостанайдан бір қыз болды) әңгімелесіп отырғанда Зере тұрып: «әй қыздар, менің балам өте скромный, сендер оны развлекать етіп жүріңдер» деп отыр. Бәріміз біртүрлі аң-таң болып қалыппыз. Қыздар ұялып төмен қарайды. Зере сондай ашық, ешкімді жатсынбайтын ақкөңіл адам екен. Болашақта қалай болады, не күтіп тұрғанын болжап білмесек те, іштей жақсылық ойлағанымыз рас-ты. Өйткені, өте жақсы араласып жүретін, өзі жоғары лауазымды қызметте істейтін бір ағайымыздың қызы Мәскеуге оқуға кетіп, оқуды бітірерде басқа ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып кеткенін естігенбіз. Соны білетін жолдастарымыз: «сендер қыздарыңды басқа қалаға оқуға бекер жіберіп жатырсыңдар, ертең ол да бір негрге тиіп кетеді» деп қалжыңдаған-ды. Бірақ, біз қызымызға сендік, әрине. Шынында да, Зеренің аузына құдай салғандай екі баламызды оқуларын бітіргеннен кейін үйлендірдік қой. Осы әңгімені әрбір бас қосқан жерлерде: «келінді Зере өзі таңдаған» десем, оған Зере «ол рас, құдағи үнемі осылай айтып жүріңізші» деп риза болып отыратын.
Өмірде ер жігіттің үш жұрты болады десек, мен енді құдаларды төртінші жұрт дейтін болдым. Олай болатыны екі бала бірін-бірі ұнатып, бас қосқаннан кейін, яғни, жанымыз араласқан соң құдалардан артық туыс жоқ сияқты болып көрінеді. Бұл да татулықтың бір белгісі болса керек. Жас шаңырақтың шайқалмай, іргелері сөгілмей жүрулері үшін құдалар өзара түсіністік пен сыйластықта болғандары ләзім.
Құдамыз Мейрамбек пен құдағиым Зере Көкшенің ұлағатты азаматтары болған. Оқыған-тоқығандары көп, мәдениетті, іскерліктері жағынан кімге де болса үлгі тұтарлықтай жандар екен. Кезінде Мейрамбек совхоздың, Зере мектептің директорлары болған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де олар үйде қол қусырып қарап отырмай қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып жүрді. Атап айтқанда, Мейрамбек облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігін, Зере Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Аналар кеңесін» басқарған. Зеренің бастамасымен университет, колледж, мектептерде қыздар клубтары ашылған. Әртүрлі жиындарда, тіпті облыстан тыс жерлердегі бас қосулардан түсірілген бейнетаспаларды жергілікті телеарнадан Зерені көрген жолдастар бізге келіп: «сенің құдағиыңды көрдік» деп айтып жатқанда, біздің де мерейіміз өсіп қалатын.
Зере туралы мына бір оқиға тағы есіме түсіп отыр. Зеренің мінезінің өте ашықтығына, нені болса да бетке айтатын турашылдығына қоса, аракідік қожанасырлығы да бар болатын. Сол баяғы екі баланың тілегі бойынша Алланың бұйрығымен біз қызымызға той жасап, үйден ұзаттық қой. Тойымызға Мейрамбек пен Зеренің аға-жеңгелерінен басқа, Октябрьдің мектепте бірге оқыған сыныптастары, ағайын-туыстары сонау Қызылжардан бір автобус болып келе қалды. Той өткеннен кейін құдалар жағына Көкшетаудың Зеренді ауданындағы Пухальск деген жеріне баратын болып жолға шықтық. Қызылжардан келген туыстар да бізбен бірге елдеріне қайтуға тиіс-тін. Октябрь оларды да құдалардың тойына бірге ала бармай ма, той өткен соң құдаларға жол-жорасын жасауға келгенде Зеренің әбден сасқандығы сондай, алған нәрселерін ортамызға тастай салып: «мә, мынаны өздерің бөліп алыңдар» деген ғой. Бәріміз ду күлісіп жатырмыз. Оның бұлай сасатын да жөні бар еді, себебі, келген адам алдын ала келісілгеннен әлдеқайда көп және өзінің өткізіп отырған алғашқы тойы болғандықтан деп санадық, әрине, біз ренжіген жоқпыз.
Бүгінде сол екі баламыздан Әйгерім, Әсем атты екі немере, менің жиен немерелерім, үш шөбере сүйіп отырмыз.
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де.
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамдар,–
деп Бұқар жырау бабамыз айтып кеткендей, оның алда басқа да талай тойларды көруіне болатын еді ғой. Бұлай деп отырғаным алдағы қараша айында Мейрамбек құда 80-ге келеді, «сен соны тойламай ешқайда кетпейсің» деуші едім. Екі жылдан кейін өзі де 80-ге келетінін білетінмін. Алайда, Зере соңғы кездері ептеп сырқаттанып жүрді. Айналдырған ауру алмай қоймайды екен. «Шаршадым, демалайын» дегендей осыдан қырық күн бұрын бақилыққа аттанып кете барды. Жалған дүние-ай десейші. Жатқан жерің жайлы, иманың жолдас, жаның пейіште болсын!
Рахия ӘЛІБЕКОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист.
Нұр-Сұлтан қаласы.