Ағымдағы жылдың басынан бастап, Қазақстанда заң жүзінде есірткіге байланысты қылмыстар үшін жаза күшейді. Нашақорларды емдеп, оларға қалыпты өмірге оралуға көмектесетін мамандар есірткіге тәуелділікті «ұялуға болмайтын ауру» деп атайды.
Мен білетін Асан осыдан 3-4 жыл бұрын есірткіні заңсыз тасымалдағаны үшін абақтыға жабылды. Ит құтырған боранды күні Көкшетау қаласынан Нұр-Сұлтанға бет алған танысы екеуін елордаға кіре берісте полиция қызметкерлері тоқтатады. Танысы деп отырған көлік жүргізушісімен Асан бір күн бұрын ғана осы істі атқару үшін танысқан еді. Қыстың қарлы боранында жолдардың жабылып жатқанына қарамастан, елордаға кірмекші болған бұлар күдік туғызады. Полиция қызметкерлері олардың көлігін тексеру кезінде пакет толы есірткі тауып алады. Осылайша Асан мен көлік жүргізушісі, олардың әр жағында осы заңсыз айналымды ұйымдастырып отырған бірнеше адам, яғни, ұйымдасқан есірткі сатушылар тобы құрықталып, соттың үкімімен әрқайсысына кем дегенде 6-7 жылдан бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады. Ал, біз білетін Асан екі жылдан астам уақыт абақтыда отырып, үйіне дін аман оралды. Осыдан 3-4 ай бұрын ғана босап шыққан ол енді мұндайға барғысы келмейтінін, қаншама жастарды, оқу орындарының студенттері мен жоғары сынып оқушыларын жолдарынан адастырып, есірткіге тәуелді етіп қойғаны үшін өкінеді. Есірткі сатып, өзгенің баласын есеңгіреткен оның жазасы жеңіл болды. Әрине, жазасын жеңілдетудің құны да аз болмады. Кәсіпкер анасы бауыр еті баласының темір торға тоғытылмауы үшін қыстың қақаған аязына да қарамай, екі қаланың арасында шырылдап жүріп, қорғаушы жалдап, қыруар қаржы шашты. Оны барша таныстары да, туыстары да біледі. Жегені алдында, жемегені артында, көйлегі көк, қарны тоқ жігітіміз осылайша өз өмірін құрдымға жібере жаздады.
Біреу бұл жолға жетпегеннен, ал, енді біреуі тойынғаннан барады. Біреулері тіпті, дөкейлердің зорлық-зомбылық көрсетуі негізінде бір-екі барып, ондағы ақшаны көріп, арам ақшаға құнығып, шырмалып қалып жатады. Есірткіні заңсыз сатудың айла-амалдары көп, бірақ, онымен біздің полиция департаментінің арнайы басқармасы жүйелі түрде күресіп келеді.
Ағымдағы жылдың 10 айында облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасы заңсыз есірткі айналымы үшін 111 қылмыстық істі әшкерелеген, оның ішінде 104-і сату, 2-еуі заңсыз сақтау оқиғалары, ал, қалған 3-еуі есірткіні заңсыз жарнамалап, насихаттаған. Өткен жылы осындай 102 оқиға тіркелген.
–Биылғы 10 айда заңсыз айналымнан 38 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Оған қоса, 7 келі марихуана, 18 келіге жақын көкнәр және 58,5 келі синтетикалық есірткі заттарын тәркіледік. Осы орайда, есепті кезең ішінде ҚР ҚК-нің 296 бабы бойынша 149 қылмыстық іс-әрекет анықталды. Бүгінде есірткі бизнесімен күресте облысымыз былай тұрсын, республикада, жалпы әлемде синтетикалық есірткі заттарын тұтынумен күресу өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл басынан бері осы бағытта 10 қылмыстық есірткі заң бұзушылығы анықталып, 5 адам ұсталды. Сонымен бірге, есірткіні ірі көлемде заңсыз сақтау бойынша 8 қылмыстық оқиға белгілі болды. Сондай-ақ, 3-метилтиофентанил атты психотроптық препараттың 38,99 грамы, синтетикалық зат болып табылатын пировалеронның аналогы а-PVP-дың 58,4 грамы тәркіленді. Бұдан басқа есірткі заттарын заңсыз насихаттау мен жарнамалаудың үш фактісі анықталып, олардың біреуіне қатысты үкім шығарылды. Кінәлілердің әрқайсысына 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, қалған екі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, – дейді есірткі бизнесімен күрес басқармасының мамандары.
Жалпы, есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері осы бір елдің сорымен күресте ұйымдасқан түрде түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Атап айтқанда, есірткі заттарын ірі көлемде алып сататындармен күрес жұмысын жандандырып, есірткі тасымалдаудың арналарының жолын кеседі, заңсыз айналымнан ірі партияларды, соның ішінде героин мен синтетикалық заттарды тәркілеу бойынша жанды жұмыс жүргізеді. Мысалы, ағымдағы жылдың тамыз айының орта тұсында есірткі бизнесімен күрес басқармасының жедел уәкілдері Шортанды аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейд барысында Шортанды кентінде жүрген 59 жастағы Түркістан облысының тұрғыны күдік тудырып, ұсталды. Оны тінту кезінде сөмкесінен 2 бір литрлік шырынның пакетіне салынған 70 түйіншек гашиш тәркіленді. Ондағы есірткінің жалпы салмағы 1 келі 583 грамм болған. Қазіргі уақытта осы жағдай бойынша қылмыстық іс Ақмола облысының ауданаралық мамандандырылған сотында қаралуда. Осындай тағы бір оқиға облыс орталығында да тіркелді. Мәселен, өзінің монша бизнесі бар, бұрын сотты болған 32 жастағы азамат ара-тұра гашишпен де сауда жасайтын болған. Ағымдағы жылдың қазан айының басында күш құрылымдары оны айғақпен құрықтады. Тінту барысында полиция қызметкерлері одан есірткі салынған 30 полиэтилен және қағаз түйіншектер тәркіледі. Жақында Бурабай ауданында осындай гашиш саудалаған екі жігіт ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардан шамамен 1,5 келі гашиш пен 10 грамм марихуана табылды. Қазіргі уақытта олардың үстінен қылмыстық істер қозғалып отыр.
Жалпы, есірткі сатудың түрлі фактілері өте көп. Жастайынан оның шырмауына түсіп қалғандар кейін қаншама өкінсе де, оның денсаулыққа тигізер залалын молынан көруде. Бүгінде есірткі былай тұрсын, балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі психотроптық және синтетикалық заттарды пайдалану, қабылдау секілді оқиғалар әлемде өте көп, ондай біздің елімізде де жоқ емес. Бұрын байдың балалары ақшаның көптігінен не істерін білмей осындай жолға барады деп айтушы еді, қазір байсың ба, жоқ кедейсің бе, ешқайсысы ештеңеге қарамайды. Заңсыз есірткі сатумен айналысатындар ақшаға құныққандары соншалық, біреудің тағдыры олар үшін түк емес. Ең бастысы, наркотикалық затты сатып алатын адам табу. Қазіргі таңда мұндай зиянды әдетке итермелеушілер көп. Отбасының қамы үшін құрылыста жұмыс істеп жүрген бригадалар арасында да осындай орынсыз жайлар анықталып жатыр. Мәселен, облыс орталығындағы көп пәтерлі үйдің құрылысын жүргізіп жатқан бригадалардың бірінде марихуа-на сатқан азаматтар ұсталды. Олардың бірі Қостанай облысының тұрғыны, бұрын бірнеше мәрте сотты болған және де осы 2020 жылы бір рет есірткі заттарын сақтағаны үшін сотқа тартылған. Олар қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда, үстерінен қылмыстық іс қозғалуда. Қазіргі уақытта жедел уәкілдер осы есірткі заттарын тасымалдаудың арнасын анықтап, тексеріп жатыр.
Жалпы, полиция есірткі қылмысымен қалай күреседі? Бұл жа-йында жедел уәкілдердің бірнешеуін сөзге тартқан едік, қызметтік құпия деп құтылды. Әйтеуір, бір таныс тауып, мән-жайды сұрадым. Қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкері тұрғындардың көршісі мен туысының үстінен түсірген шағымынан кейін есірткі заттарының заңсыз айналымы фактісі расталса, қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілетінін айтты.
– Бірақ, дәлелдер табылмайынша, біз ештеңе істей алмаймыз. Кінәсі дәлелденуі керек. Мұны тұрғындар да түсінсе дейміз. Адамдар бейнекамераға немесе фотоға түсіріп, бізге қандай да бір дәлел жіберген күннің өзінде, бұл рұқсат етілмеген әдіспен жиналған айғақ саналады. Сот санкциясы болуы керек. Адамдар 1402 нөміріне хабарласа алады. Әрі қарай полиция қызметкерлері не істеу керегін өзі біледі, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкері. Ол сонымен қоса, соңғы жылдары синтетикалық есірткінің таралымы артып келе жатқанын, алғашқы кезде полиция қызметінде мұндай қылмыстарды ашуда қиындықтар көптеп кездескенін де баяндап берді.
–Біз синтетикалық заттарды заңсыз сатып, таратқан немесе қолданғандарды ұстап, сараптамаға жібереміз. Бірақ, сараптама қолға түскен заттың тыйым салынған заттар тізіміне кірмейтінін көрсетсе, ұсталған азаматты босатуға мәжбүр болатынбыз. Қазір заң өзгерді, синтетикалық есірткінің кей түрлері тыйым салынған заттар тізіміне енгізілді, – дейді полиция қызметкері.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі қызметкерінің айтуынша, есірткі сататын азаматтар мен тұтынушылар интернеттегі жасырын «қараңғы желі» – DarkNet-ті жиі пайдаланады. Олар Telegram-чаттарда байқаулар ұйымдастырып, белсенді жұмыс істейді. Байқау жеңімпаздарына қалада «сыйлықтар» жасырылған нүктелерді көрсетеді. Арнаулы адамдар аталған нүктелерге тауарды тастап, суретке түсіріп, электронды төлем жүйесі арқылы есеп айырысады, «сатып алушыға» жібереді. Бүкіл процесс кезінде екі адам бетпе-бет кездеспейді екен.
Соған қарамастан, полиция мұндай саудагерлерді ұстауға мүмкіндік барын, жаңа жылдан бастап заңдағы «есірткі заттарының, олардың баламалары мен прекурсорларының айналымын бақылау» саласына өзгерістер енгізіліп, есірткі жарнамасымен күресу жеңілдегенін айтады. Енді Қылмыстық кодекске есірткіні «электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану» арқылы және «қоғамдық орындарда», яғни, интернет пен көшеде таратқаны үшін жауапқа тартатын баптар қосылды. «Электронды ақпараттық ресурстарды пайдаланып» есірткі тұтынуға көндіргені үшін заңда үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қоғамдық орындарда есірткі сатқандар он жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Нашақорларға медициналық және психологиялық көмек көрсетумен айналысатын мамандар «нашақорлық – ауру» деген пікір білдірді. Мұндай жолға тәрбиесі, психотипі, қоршаған ортасы мен қаржылық жағдайына қарамастан, кез келген адам түсуі мүмкін екенін айтады.
– Есірткіге тәуелділік алкоголизм сияқты ген арқылы да берілуі мүмкін. Бұл жолға әркім түсіп қалуы ықтимал. Таныстарыңның бірінен осындай тәуелділікті байқадыңыз ба, бірден диспансерлік есепке тұрып, ем қабылдауға көндіру керек. Олармен арнайы орталықтарда нарколог дәрігерлер, психиатрлар мен психологтар жұмыс істейді. Біздің облыста Зеренді ауданының Өзен ауылында «Сенім» әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонда биыл нашақорлыққа тәуелді болып қалған 19 адам емделіп шықты. Қазіргі уақытта онда 24 адам ем қабылдап жатыр. Жалпы, биылғы 9 айда диспансерлік есепте тұрған 87 адам стационарларда емделді, – дейді облыстық психологиялық денсаулық орталығының наркологиялық қызмет басшысы Ғалия Мұхамедиярова.
Жыл өткен сайын диспансерлік есепке тіркеліп жатқан нашақорлар саны төмендеп келеді. Статистикаға көз жүгіртсек, биылғы 9 ай бойынша диспансерлік есепте 497 адам тұр екен. Осыдан үш жыл бұрынғы кезеңмен салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш 25,5 пайызға азайған, яғни, 2017 жылы мұндай есепте 667 нашақор болыпты. Жоғарыда аталған 497 адамның 52-сі есірткіге тәуелді әйелдер болса, қалған 445-і ер азаматтар. Биылғы диспансерлік есепте көңілге бір қонымдысы жасөспірімдер жоқ екен. Бұл соңғы жылдары білім беру мекемелеріндегі жүргізіліп жатқан салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар мен психологтардың, ұстаздардың, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары мамандарының, ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің ақпараттық-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуінің арқасы деп түсінеміз.
–Адамның басына жақынын жоғалту, жұмыстан шығып қалу, ажырасу сияқты небір қиын жағдайлар түсуі мүмкін. Сондай қиындықты жеңе алмаған адамдар бірі ішімдікке салынса, енді бірі «химияның» көмегіне жүгінеді. Олардың ойынша, бұл – қиындықтарды уақытша «ұмытуға» көмектеседі. Бірақ, кейін физиологиялық процестер басталып, гормон деңгейі, мидың когнитивті функциялары мен сыни ойлауға жауап беретін органикалық құрылымы өзгереді, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Бала күнінде негативті сезімдерді басынан өткерген, өзін түрлі ойындар арқылы жұбатқан адамдар болашақта есірткіні осындай ойынға айналдыруы мүмкін, – дейді психологтар.
– Әдетте мұндай отбасыларда жоғары деңгейлі алаңдаушылық болады. Бұл бақылауға әкеледі. Жақындары басқа адамның өмірі өздерінің іс-әрекетіне байланысты деп ойлайды да, онымен сөйлесіп, үй, көлік сатып әперсек, үйлендірсек, есірткіні тастайды деп үміттенеді. Бұл – қате пікір. Оларды бақылауды тоқтату керек. Отбасы бұл оның өмірі екенін, емделу не емделмеу адамның таңдауына тікелей байланысты екенін түсінуі керек. Осындай кезеңде керісінше, оған белгілі бір жауапкершілік артып қою қажет. Сондықтан, оның қарыздарын қайтарып, мәселелерін шешіп берген дұрыс емес. Ол есірткі қолданудың соңы неге әкеліп соғатынын өзі көруі, жан дүниесінен өткізуі керек. Әйтпесе, есірткі қолдану бұрынғыдан да ыңғайлы болып, адам бейімделу қабілетін жоғалта бастайды, – дейді мамандар. Сондай-ақ, психологтар есірткіге әуес адаммен бірге тұратын отбасыларды бұл мәселеде ұялмауға, мамандардың көмегіне жүгінуге шақырады.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.