Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен «Көкшетау қаламгерлері» сериясы бойынша жергілікті ақындар Қайырбай Төреғожаның «Көкжиек», Ерболат Баятұлының «Уақыт шеңбері», Ұлмекен Тыныштыққызының «Мен күткен көктем!..», Абылай Мәуленнің «Лабиринт», Табысбек Үсеннің «Бозжусан» кітаптарымен қоса, Алмас Темірбайдың «Жекебатыр» жинақтары баспадан шыққандарын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Бұл руханият саласындағы тамаша бір жетістік еді. «Арқа ажары» газетінің оқырмандарын алты ақынның алты өлеңімен таныстырып отырмыз.
Шана
Дәурен, Қуан, бірі іні, бірі аға,
Отыратын екеуі бір шанаға.
Күш алғанда аяқпенен сол шана,
Құлдилайтын төмен қарай қос бала.
«Батырларға» сірә, осы керегі,
Үлкендер де «байқа, ақырын» дер еді.
Сырғанақ деп аталатын бұл қызық,
Балаларға солай қанат береді.
Сол шананың мұзда зырлап табаны,
Айызы бір екеуінің қанады.
Бала жүрек ер жүрекке айналып,
Үрей тіпті, билемейді сананы.
Анау басы, ал, мына жақ етегі,
Зымырап кеп шана ылдиға жетеді.
Жалт бұрылып, қос батырды құлатып,
Аппақ қарға бір аунатып өтеді.
Үсті-басын қағып та олар жатпайды,
Тұра салып, сол төбеге аттайды.
Әне, екеуі қайта отырып шанаға,
Бері қарай жүйріктерін баптайды.
Бар ойлары анау мәре көп жеткен,
Жылдамдықты тек ептілер үдеткен.
Екеуі де сыйып кеткен бір шана,
Екеулесіп зу етуді үйреткен.
Бірақ, бір күн сол шананы тар көріп,
Шана алдырды інісіне ал келіп.
Құлындар-ай, өскенде де әр бөлек,
Кетерсіңдер, ата-анада бар ма ерік?!.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Маңыздырақ
Кұсым ба едің көгімнен үр жаңа ұшқан,
Жазда кетті, мезгілден тамыз құлап?
Мендегі алапат зор қызғаныштан,
Сендегі қызғаныштар маңыздырақ.
Көктем – көңіл өзіңе алып-ұшқан,
Жадырасаң жанымда жазым – бұлақ.
Мендегі көл-көсір сол сағыныштан,
Сендегі сағыныштар маңыздырақ.
Сәлем айтып кетіп ем әнші ауылдан,
Ей, өмір, бара жаттың сазың да ұнап.
Мына менің өзінді аңсауымнан,
Күнім сенің, аңсауың маңыздырақ.
Өміріме ғажайып өң беріп ең,
Қайтейін, махаббаттан аңыз құрап.
Мына менің өзіңе сенгенімнен,
Айым сенің, сенгенің маңыздырақ.
Сен бар жерде ерекше күйге еніп ем,
Жабырқасам, қайтейін, жаным жылап.
Мына менің өзіңді сүйгенімнен,
Жаным, сенің сүйгенің маңыздырақ.
Ерболат БАЯТ.
Солай…
Бізді ұмытып кетер, сірә, бұл ғасыр,
Уақыттың сыңғыр етіп сырғасы.
Тауып алар бізді сосын болашақ,
Келер ғасыр құрдасы.
Бізді қайда апарады көшелер,
Осы жерден өткен едім кеше мен.
Бұл кафедан шығып едім мұң ішіп,
Тағы мұңға толып қапты кеселер.
Бізді күтіп жүреді екен қандай бақ,
Мейір іздеп қанша жүрек сандалмақ?
Мына түннің құшағында түнедім,
Періштемен сүйісуді армандап.
Біз осылай күн кешерміз дерексіз,
Бір қарасаң ақымақ та емеспіз.
Біз – әншейін Құдай жерге тастаған.
Киім киген елеспіз.
Табысбек ҮСЕН.
Жұмақ, жұрт
«Өлгенді сөзім тірілт – деп – өшкенді демім»,
Көктемге көшін түзетіп көшкен-ді елім.
Ғұмыры жұмбақ ғұндардың ғұрпын ұстанып,
Сақтардың салтын сақтаған көшпенділерім!..
Естері шығып, естісе ақырған үнін,
Тастай сап тұра қашқан жау тақырға жүгін.
Кіндігін кесіп қылышпен жас ұлдарының,
Белі бір босап көрмеген қатындарының.
Бабаларымның еске алсам баяғы күнін,
Жүректі жарып, жапырақ жаяды жырым.
Жердегі жеті тозаққа түскенде қазақ,
Алладан басқа, апырай, аяды кімің?!.
Тағдырдың тәлкек – төбеті алғанда беттен,
Жабығар мінез жоқ еді-ау жалған әдетпен.
Жерұйық іздеп, жер жүзін шарлап, шау тартқан,
Аспанға қарап Асан да арманда кеткен…
Өз елін қорғап, шаппаған басқаның елін,
Алмаған жері түгілі, аспанын тегін.
Атпенен кіріп жұмаққа бара жататын,
Атамыз біздің қалғыса жастанып ерін…
Әлдекімдерден көрсең де әлі бір жәбір,
Тілегің сенің болады, бәрібір, қабыл!..
Қайратың қашып, қайғырма, қаймана қазақ,
Тағдырың ауыр болғанмен, Тәңірің – әділ!..
Бейнетке талай үйренген, сынаққа талай,
Зейнетке бойың үйренсін, бірақ та, қалай?!
…Көшесі – түзу, көршісі – тату жұрт едік,
Көшеміз енді, көшсек біз жұмаққа қарай!..
Алмас ТЕМІРБАЙ.
03.03.03 жыл.
Тілек тілеп оянамын
Бармын деп бүгін, Құдай, тасымайын,
Қиындыққа тап қылсаң, жасымайын.
…Өлең мені таң ата оятады,
Ол мені күтіп отыр, асығайын!..
Таңғы төртте қолыма қалам алып,
(Бір тіріліп, өлемін, қайта жанып).
Қаламымнан жыр болып ақса сия,
Жүрегім жай табары айдан анық.
Мың сан ойдың шырмалып тереңіне,
Соны айтып мұңданам өлеңіме.
Қабағыма мұң қатса қапалансам,
Беу, өлең сені іздеймін, себебі не?
Маза бермей таң ата ой-арманым,
Тілек тілеп Тәңірден оянамын.
Адалдықтан аттамай өткім келер,
Тасып жүрек, соққанша бойда қаным.
Таң ата әлем нұрға боялады,
Өлеңді қайтып ақын қоя алады.
Шомылып күн нұрына таң сәріден,
Мен емес, өлең күліп оянады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Сағыныш
Бір ай болды өзіңді көрмегелі,
Содан болар, әйтеуір мұңлы өлеңім.
Саған келсем өмірім түрленеді!
Соны ойласам көңілім гүлденеді.
Бір ай болды… құшағың,
жылылығың…
Естелік қып айтамын мұны бүгін.
Көп алдында өтсе де ғұмыр-жырым,
Көз алдымнан кетпей жүр сұлулығың!
Сені көріп ең алғаш, ұнатуым,
Сені рас, сағынам, біл ақырын.
Сосын, маған ұнайды, көп ішінен,
Менің ғана жанымды ұғатының!
Өтірігі аралас шыным шығар?!
Саған ғана айтамын сырымды бар.
Құшағыңда туады, туады әлі,
Қанша шайыр жазбаған туындылар!
Өз-өзімді мұншалық жек көргенім:
Сенде өтпеген күнімнің текке өлгені…
Табынғаның жете алмай, зар болып жүр,
Сағынғанын аңғартпас Көкшем менің!
Абылай МӘУЛЕН.
30.10.2019 жыл.